Бақсы, балгерлікпен айналысу және оларға сену күнә ма?

Oinet.kz 16-04-2019 2684

Screenshot_32.jpg

         Халық арасында кеңінен тараған, тамыры тереңде жатқан салт-дәстүрлермен бірге шариғат құптамайтын ырымдар, қалыптасып қалған әдеттер де бар. Мысалы, болашақты болжау, балгерлікпен айналысу, құмалақ ашу  (дәстүрден гөрі кәсіп дегеніміз дұрыс болар) қазақ халқында ежелден бар. Қазақтың хан сарайында болжаушы, кеңесші ретінде балшылардың болғанын тарихтан білеміз. Бұл ел басқарып отырған патшаның өзі бақсыларға жүгініп, болашағын болжап отырғандығының айғағы.  Бақсы, шамандар қай кезеңде де  ел арасында қорқыныш тудырған. Қолдарына аспаптарын ұстап, ұзынша киініп, ел кезген бақсы, шамандардан ел қай кезең де аяқ тартынып жүрген. Себебі мұндай адамдарға жолай қалсаң ел басына қара түнектің төніп тұрғанын айтып, адам нанбас жорамалдарын айтады. Халық арасында бақсы, балгерлер Ібілістің достары, сыбайластары деген көзқарас та қалыптасқан. Дегенмен балгерлердің сөзіне Құдайдай сеніп,  оларды ерекше құрмет тұтанындар да кездеседі.   Әдетте адамдар көбіне құпия нәрсеге құштар болып келеді. Білгенін емес, біл­мей­тінінің сырын ашуға әуес. Мәселен, өз бо­лаша­ғы туралы­, өмірі жайлы. Сондықтан кейбір жандар балгер көрсе, өмірінен бір үзік сыр білгісі келіп оларға жұғыса кетеді. 

             Бүгінде екінің бірі тәуіп, балгерге айналды десек қателеспейміз. Ақ жаймасын жайып, құмалағын, картасын  ашып, базарды, көшені жағалап отырған тәуіптерді қала көшелерінен көптеп кездестіруге болады. Сол базар жағалап, нәпақасын тауып отырған құмалақшылардың алдынан адам үзілмейтін болды әйтеуір. Кейбір отбасы бір балгерді «меншіктеп» алғанын да көріп жүрміз. Қазіргі таңда «бал ашамын», «жол ашамын», «жоғалғанды табамын», тіпті «дуа жасаймын»  деген секілді жарнамалар да қаптап жүр.  «Аңқау елге арамза молда» демекші Алланың атынан сөйлеп, бұқара халықтың аңқаулығын өз әжеттеріне жаратып, балгерлікті пайда табудың көзіне айналдырып алғандар бар. Оның үстіне түрлі діни секталар, теріс пиғылды ағымдар қаптаған заманда тәуіптерден де сақтану қажет-ақ. Себебі көшеде «бақытты да, баянды» өмірді насиахаттап жүрген өзге ағымның өкілдері құмалақ арқылы елдің басын айналдырып жүрмегеніне кім кепіл?! 

             Қасиетті Құран Кәрімде: «Көктегі және жердегі құпияны Алладан басқа ешкім білмейді», — делінген. Яғни болашақты болжау, пенденің алдағы өмірінде не күтіп тұрғанын білу адамның қолынан келмейді, ол Аллаға ғана аян. Ендеше балгерлік, көріпкелдік күпірлік пе және олар шынымен де Ібілістің достары ма? Қасиетті Құранда былай дейді: «Шайтандар кімге түседі, сендерге хабар берейін бе? Олар әрбір өтірікші, күнәһарға түседі» және  «Расында шайтандар сендермен тартысу үшін, өз сыбайластарына сыбырлайды. Егер оларға бой ұсынсаңдар, серік қосушылардан боласыңдар»,- делінген. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да жамағатты балгер, көріпкел, құмалақ ашатын және сол сияқтыларға барудан қайтарған. «Кімде-кім ондай адамдарға барып, олардың ісін дұрыс десе, діннен шығып, кәпір болады. Сенбегеннің өзінде барғаны үшін қырық күндік ғибадаты қабыл болмайды. Шайтан адамдардың арасына от салуды қалайды»,- деген. Яғни бақсылықпен айналысу, олардың ісін дұрыс деу шариғатымызға қайшы келетін әрекет. Ал сіз көріпкелдерге сенесіз бе?

Бақытгүл Алшын, әнші: «Тәуіп тағдырыңды өзгерте алмайды»

        Адамның алдағы өмірі кімге болса да қызық және оны білгісі келмейтін адам жоқ шығар. Сол себепті көріпкелдерге жүгініп, олардың  болжамдарына имандай сенетіндер көп. Алайда өз басым көріпкелдерге сенген адам емеспін.  Алдарына барып, бал аштырып көрмеппін.  Өйткені балгерлер өткенді қозғай алар, алайда болашақты айтады дегенге сене алмаймын. Келешекті тек  Алла біледі. Себебі ғаламда Тәңірден  күшті ешкiм жоқ қой. Пенде маңдайға жазылғанын көреді. Тағдырыңды тәуіп, не басқасы өзгерте алмайды. Сол себепті мен де маңдайыма жазғанын көрермін. 

Жарас Есенғалиев,  Атырау облысы дін істері басқармасының «Ақпараттық талдау орталығының» басшысы: «Назардан тыс қалдыруға болмайды»

            Құмалақшылардың ісі шариғатқа қайшы келеді деп кесіп айта алмаймын. Алайда теологтардың айтуынша көріпкелдік Жаратқанға серік қосқандық болып  есептеледі. Яғни адамның тағдырын тек Алла ғана өзгерте алады.  Мен мұндай тәуіптерге сене бермеймін, көмектеріне де жүгінбеппін. Қазір болшақты болжап, жоғыңды тауып беретін, көз тию, дуадан арылтатын тәуіптердің көбейіп кеткені рас. Әрине олардың жұмысына ешкім кедергі келтіріп, тосқауыл қоя алмайды. Бұл біздің Конституциялық мемлекетімізге тән әрекет емес. Дегенмен әрбір қоғамда тәртіп, жүйе болуы шарт. Аталмыш кәсіп  иелерінің жұмысын үнемі қадағалап отырмасақ та, назардан тыс қалдыруға болмайды деп ойлаймын. Себебі олардың қоғамға зиян тигізуі әбден мүмкін. Оларға сену, сенбеу әркімнің өз еркінде. Қазір халықтың көзі ашық, білімдері бар. Сондықтан оң, солын өздері ажырата жатар.  

Мұхиддин Исаұлы, дінтанушы:«Балгерлер талай отбасының шырқын бұзып жатыр»

            Бал ашу, көріпкелдікпен айналысу – Ислам дінінде тыйым салынған амалдардың бірі. Өйткені, Алла Тағала Құран Кәрімнің біраз жерінде ғайыпты Алладан басқа ешкім білмейді деп айтқан. Сондықтан ғайыпқа қарай ұмтылуға адам баласына тыйым салынған. Оларға сену жұлдызшыларға сенумен бірдей. Әрине мүмкіндік болса олардың жұмысына тосқауыл қойған жөн. Өйткені олар бөгде біреудің тағдырларымен ойнайды. Құмалақшылардың айтқанына сеніп, дұрыс жолдан бұрыс жолға адасып, олардан көмек, ақыл сұрағанша саналы, жөн білетін кісілерден кеңес сұрап, жағдайын айтып,  көкейіндегі түйткілдерін шешкені жөн. Негізі қазір балгерлер «Аңқау елге арамза молда» деп елдің аңқаулығын әсіресе, жастардың пәктігін пайдаланып, олардың санасындағы түйткілдерін, түйіндерін шешудің орнына, одан әрі байлауда. Мұндай бақсылар адамдардың көңілдеріне әлдекімдер жайлы  күмән ұялатады, тіпті, бұлар екі жақынның, ерлі-зайыптылардың бөлінуіне де әкеп соқтырып жатады. «Ерлі-зайыптылардың арасына есі кеткен түседі» дегендей олардың айтқан сөздері талай отбасының шырқын бұзып, достардың арасына іріткі салып, бір-біріне деген сенімсіздіктерін үдете түседі. Сол себепті кез-келген жерде отырып алып, адамның тағдырын ойыншыққа айналдырып отырған балгерлерді бетімен, бейберекет жіберіп алуға әсте болмас. Задында мешіт мінбелерінде бұл мәселе жайлы кеңінен айтылып келеді. Тәуіптерге қатты сенетін, олардың айтқандарынан шықпай жүрген мұсылмандардың көзін ашуымыз керек. Бұған дін өкілдері, мешіт қызметкерлері атсалысып келеді. Алайда өздеріңізге белгілі Қазақстан Республикасының дін еркіндігі туралы заңы бойынша, имамдар мешіттің сыртында уағыз жұмыстарын жүргізе алмайды.  Олар тек мешіт аумағына енген адамға уағыз айта алады. Сондықтан халыққа мәселені кеңірек түсіндіріп олардан бойларын аулақ салып жүрулерін БАҚ беттерінде кеңірек насихаттаған абзал деп есептеймін.  

Гауһар Қаспақова, әнші: «Жолыңды бөгеп тастайды»

         Жалпы балгер, бақсы, мистика туралы ел арасында ежелден түрлі әңгімелер көп. Бірі олардың «құдіретіне» кіршіксіз сенсе, енді бірі оларға жәй ғана кәсіптің иесі ретінде қарайды. Соңғы кездері көшеде, базарларда құмалақ, картасын жайып отырғандарды жиі көремін. Халық олардың болжамдарына, тіпті кесіп айтқан әңгімелдеріне әлі күнге дейін сенумен келеді. Оларға сену, сенбеу әрине әркімнің өз еркі ғой. Дегенмен мен  балгерлерге мүлдем сенбеймін. Кезінде маған бір кісі көріпкел дегендерің жолыңды ашудың орнына жауып тастайды. Оларға проблемамды шешіп береді деп сену, көмек күту қайрансыз әрі адасушылық іс деп айтқаны бар еді. Осы ақылдан кейін оларға мүлдем жолаған емеспін. Адам қиналғанда тек Алладан ғана медет сұрауы қажет қой. 


Айгүл Қапбарова Сенат сайлауына түспек
Алматыда геймер-алаяқ ұсталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу