Шөкеев тапсырса да мәселе шешілген жоқ. Ал, Бердібек Сапарбаевқа бәрібір ме?

Oinet.kz 22-08-2019 1709

Screenshot_11.jpg

Арыста әскери оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстың зардаптарын жою үшін бүкіл халық болып жұмылып, қазынадан миллиардттаған теңге шығаруға мәжбүр болғанымыз рас. Күні кеше қойманы көшіруге табылмаған қаржы бүгін ағыл-тегіл ағылып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрінен бастап біраз генералдарды жазалады. Ұзақ жылдық қызметіне, абырой-беделіне, генерал-полковник шеніне қарамастан экс-министр Сәкен Жасұзақовты Қарулы күштер қатарынан босатып жіберді. Қазіргі министр Нұрлан Ермекбаев  қатаң сөгіс алды. Жарылысқа қатысты тергеу амалдары аяқталған соң қанша адамның сот алдында қылмыстық жауапқа тартылары әлі белгісіз.

...Біздің мақаламыздың Арыстағы жарылысқа не қатысы бар дейсіз бе? 

Жақын күндері Созақ ауданында  тағы бір жойқын жарылыс орын алуы мүмкін. Жо-жоқ, оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс емес. Бұл жарылыс жалақысын ала алмаған жұмысшылардың ашу-ызасынан туындаған әлеуметтік жарылыс болуы мүмкін. Бірақ оның зардабы, у-шуы оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан кем соқпауы ықтимал.   Жарылыстан кейін Ақорда, құзырлы органдар әдеттегідей тиісті тексеру жұмыстарын бастайды. «Осы жағдайдың алдын алуға болар ма еді?» деген мәселе зерттеп-зерделенеді. Ақыр аяғында кінәлілерді іздеу басталады. Міне, осы кезде кінәнің бір ұшы Еңбек және халықты әдеуметтік қорғау министрі, осы аптада вице-премьердің креслосына қонжиған Бердібек Сапарбаевқа барып тірелуі әбден мүмкін... Қайталап айтайық, мұның бәрі әзірге болжам ғана. Бірақ Бердібек Сапарбаевтың, оның қарамағындағы қызметкерлердің осы әлеуметтік жарылыстың алдын алу үшін ешқандай амал-әрекет жасамай отырғаны рас. 

Осы аптада редакцияға Наурызбай Ахметов есімді азамат хабарласты. Ол туралы біз бұған дейін де жазған болатынбыз.

Естеріңізде болса, газетіміздің биылғы 18 шілдеде шыққан санында «Көмек-1 көпшілікті ұлардай шулатуға көшті» деген тақырыппен жариялаған мақаламызда біз Созақ ауданындағы уран кеніштеріне жұмыс істейтін компанияларға мердігерлік қызмет көрсетумен айналысқан «Көмек-1» ЖШС-інің жұмысшыларына жалақы бермей отырғанын жазған едік. Кейбір еңбеккерлердің ала алмай жүрген нәпақасының көлемі миллион теңгелеп саналады. Жүзге жуық жұмысшының аманатын арқалаған Наурызбай Ахметовтың айтуынша, содан бергі аралықта бір айдан астам уақыт өткен. Құзырлы органдар, жергілікті әкімдік, тиісті министрлік жұмысшылардың мәселесіне құлақ аспаған. Жұмысшылар табанақы маңдай терлерінің бір тиынын да ала алмаған. Құзырлы органдардың құлықсыздығына ыза болған жұмысшылар жуық арада жаппай наразылық шеруіне шығуды жоспарлаған. 

-Мен әріптестеріме қандай жағдай болса да ашу-ызаға ерік бермеуге шақырып келемін. Жұмысшылардың көпшілігі Созақ ауданының тұрғындары.  Олардың заңнан хабары жоқ. Бірақ біздің дәл қазір сеніп отырған ешқандай үмітіміз де қалмады. Осы уақытқа дейін Бас прокуратурадан көмек сұрап, арыз жаздық. Ол жақтан ешқандай жауап болмады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарластым. Ол жақтағылар «шағымыңызды хатпен салып жіберіңіз» деген еді. Хатты «заказной» почтамен 350 теңге төлеп салып жібергенмін. Содан бергі аралықта 20 күннен асты. Хаттың барғанына, оны министрдің қолына алғанына күмәнім жоқ. Алайда ол жақтан да ешқандай жауап келмеді. Сонда елдің әлеуметтік мәселесіне жауапты Бердібек Сапарбаевқа да бәрібір болғаны ма? Біздің талап-тілегіміз сіздердің газеттеріңізге шыққан соң облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қабылдауында болдым. Өмірзақ Естайұлына рахмет, тиісті бөлім басшысын шақырып, тапсырма берді. «Мәселені шешіңдер» деген болатын. Бірақ ештеңе шешілген жоқ. Жергілікті еңбек инспекциясына да кірдім. Ондағылар «Көмек-1» фирмасының Алматы қаласында тіркелгенін алға тартып, қолдарынан ештең келмейтінін айтты. Алматы қаласы бойынша еңбек инспекциясына да арызданған едік. Ондағылардан да қуанарлық жаңалық жоқ. Созақ аудандық прокуратурасына барғанымда,  «мұндай істерге араласа алмаймыз» деді. Жалақысын ала алмай жүргендер күннен күнге көбейіп келе жатыр. Кеше күзет бөлімінің басшысы болып істеген азамат  хабарласты. Олар да жалақыларын алмаған.  Фирманың басшысы Жомарт деген азамат құрғақ уәдеге тойдырып келеді. Жұмысшылардың көңілі әбден қалған.   «Көмек-1» көптеген техникаларды жалға алып, жұмыс істеген. Техниканың иелері, жалға берген фирма тиесілі ақшаларын алмаған. Олар да шулап жүр.  «Көмек-1» уран өндірумен айналысатын «Катко» деп аталатын француздық компанияның тапсырысын орындаған. Бізге жеткен мәліметтерге  қарағанда, «Көмек-1» тапсырыстың ақшасын алып қойған, бірақ жұмысты толық орындамаған. Қазір «Катко» оны сотқа беріп жатқанға ұқсайды.  Мен де сотқа талап арыз дайындап жатырмын. Бізге бұдан басқа амал қалмаған сияқты. Кешегі күні салық комитетінен басшылар хабарласып, көмектесетінін айтты. Қаншалықты көмек болатынын көреміз,-деді Наурызбай Ахметов. 

Арызданушымен және жұмысшылармен әңгімелесу барысында біраз нәрсеге қанықтық. Жұмыс беруші «Көмек-1» фирмасы жұмысшылармен еңбек келісім шартын жасамаған. Яғни, олардың жалақысы, басқа да міндеттемелер тек ауызша бекітілген. Мұндай ауызша нәрселердің сотта дәлел ретінде жүрмейтіні айтпаса да түсінікті. Айтпақшы, арызданушының айтуынша, жұмысшылардың зейнетақы қорына да жарна аударылмаған. Сонда тиісті бақылаушы орындар қайда қараған?    

Естеріңізде болса, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 шілде үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Асқар Маминге  «Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажет. Асқар Ұзақбайұлы, осы жағдайды егжей-тегжей зерттеңіз, соның ішінде жұмысшылардың еңбек жағдайы мен жалақысына байланысты сараптама жасаңыз» деген еді. Үкіметте осыған жауапты министр Бердібек Сапарбаевтың Маминге қандай сараптама жасап бергенін кім білсін. Әдетте бізде баяндамаларда, есептерде бәрі керемет қой. Ал, шынайы өмірдегі жағдай басқаша. 

Арызданушылар енді Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзінен көмек күтеміз деп отыр. Бізде президенттің өзі айтпаса, өзі тапсырмаса, төмендегілердің саусақтарын да қимылдатпайтын ауру пайда болып келе жатыр. 

"Рейтинг" газеті

Ұлттық экономика вице-министрі тағайындалды
Қазақстанды енді «Nur Otan» басқара ма, әлде Президент пе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу