Айсұлтан президент болудан дәмелі

Oinet.kz 14-07-2019 998

Screenshot_3.jpg

Айсұлтан Назарбаев Қазақстан футбол федерациясын басқаруға ниетті. Айсұлтанның әкесі Рахат Әлиевтің жолын жалғап, әбден «былық-шылыққа батқан» футболды өз қолына алғысы келетіні бұған дейін айтылған-ды. Дегенмен, оған федерация басшылығында отырған Ерлан Қожағапанов кедергі тудырған. Міне, 28 қазан күні Қожағапанов отставкаға кетті. «Өз еркімен». Енді ол «қайтып» оралмайды. Осымен болды ма? Алдағы уақытта ҚФФ нендей өзгерістер болуы мүмкін? Осыған болжам жасап көрелік.

Күні кеше ғана ел біріншілігенде ойнайтын 7 клубта, атап айтсақ, «Шахтер», «Ақтөбе», «Ақжайық», «Ертіс», «Тараз», «Жетісу» және өзіміздің «Ордабасыда» пертурбация орын алатыны белгілі болды. Яғни, клубтарда толықтай өзгеріс болады. Ең бастысы, клуб басшылары өз орындарын босатады. Бір қызығы, олар Е.Қожағапанов тұсында басшылыққа келген. Осыдан-ақ, ескі кадрларды қудалау науқаны басталғанын аңғаруға болады. Сарапшылар бұны болар-болмас самал жел деп есептеп жатыр. Долы дауыл әлі алда көрінеді. 

Мысалы, осыған дейін «Ақтөбе» мен «Ордабасы» арасындағы болған ойынды алсақ. 4-4 есебі тіркелген тең ойыннан соң, «Ордабасының» бас бапкері Бақтияр Байсейітов «Ақтөбеге» телефон шалып, «Алдын-ала келісіп едік қой. Бұларың не?» деп кәрін төгіпті. «Ақтөбе» жақ бірдеңе айтып, ақталған болды. Ертесіне осы жазба ғаламтор бетінде таралып кетті. Бұл жазбаны Б.Байсейітов жалған деп айтты. Бірақ, ҚФФ басқаруға ниеттеніп жүрген Айсұлтан Назарбаев бұны жіті тексеру қажеттігіне тоқталып, егер қос клуб арасында келісілген ойын өткені расталса, онда оларды қатаң жазалау керектігін айтты. Қысқасы, дауға іліккен «Ордабасы» абыройдан жұрдай болғанымен қоймай, тағдырлары қыл үстінде тұр. Ресейлік мамандар бұл жазбаға сараптама жасап, растығын дәлелдеп шықты. Дегенмен, Б.Байсейітов бұны өзіне қарсы ұйымдастырылған шара екенін айтып, мойындамады. Қазір осы іске байланысты әлі де тексеру жұмыстары жалғасуда.

Егер осы іске УЕФА араласып, келісілген ойын өткізгендерді анықтаса, оларға қандай жаза тағайындалуы мүмкін? Ең бірінші, Б.Байсейітов қызметінен кетеді. Бұдан кейін жоғары лигада өнер көрсетіп жүрген «Ордабасы» бірінші, тіпті екінші лигаға дейін құлдырауы мүмкін. Бұны неге сүйеніп айтты дейсіздер ме? 1980 жылы Италия премьер лигасында атағы жер жаратын «Милан» мен «Лацио» арасында келісілген ойын өткені анықталып, оларды А сериясынан бірден В сериясына жіберді. Осылайша, «Миландық» футболшылар жанкүйерлерінің көзіне тік қарай алмай, «жер астында» өмір сүрді.  Бұл жайт Италия премьер лигасын әлем алдында масқаралады. «Жемқор лига» деген ныспы тағылды. Осыдан бастап, УЕФА және ФИФА мұндайға қатты қарайтын болды. 

2006 жылы Италия футболында тағы дау туды. Дүние жүзінде миллиондаған жанкүйерлері бар «Ювентус» бір сәтте сүйкімінен айрылып қалды. Бірнеше жыл Италия чемпионы атанып, бір басына жетерлік беделді қасықтап жинап еді. Бірақ, оспадар тірлігінің салдарынан абыройын шөміштеп, шөміші несі, шелектеп төгіп, жанкүйерлерін жерітіп алды. Мамандар келісілген ойын өткізгені үшін «Ювентусты» В сериясы емес, С1 сериясына жіберуді ұсынды. Бірақ, клуб басшылығы апеляция беріп, жалынып-жалпайып жүріп, В сериясына әзер өтіп, жандары қалды. Сонымен қатар, олар 2005-2006 жылы жеңіп алған чемпиондық атақтарынан айрылды. 2006-2007 жылы өтетін Чемпиондар лигасына жіберілмеді. Бұл клубқа қарастырылған жаза еді. Ал, жекелеген азаматтарға тоқталсақ, осындай заңсыздыққа жол берген Италия футбол федерациясының басшысы Франк Карраро 80 000 евро айыппұл төлеп, қызметінен кетті. Ал, вице-президент Инноченцо Маццини футболдан өмір бойына аластатылды. «Ювентустің» атқарушы директоры Антонио Джираудо да футболға қайтып оралмайтындай шеттетілді. Осыған қатысы бар көптеген клубтар мен азаматтарға түрлі дәрежеде жаза тағайындалды. 

Сөйтсек, бұл ештеңе емес екен. Футбол тарихындағы ең ауыр жаза Корея республикасында белгіленді. Осыдан 3 жыл бұрын кәрістер бір емес, бірнеше келісілген ойын өткізіпті. Бұны біліп қойған Корея футбол ассосациясы кінәлілерді өздерінше жазалайды. Дегенмен, бұған көңілі толмаған ФИФА бірден қатаң жазаға жүгінеді. Олар 40-тан астам футболшыны өмір бойы футболдан аластатуға шешім қабылдайды. Ал, өз ісіне шын өкінетін кей футболшыларды кешіріп, оларға 2-5 жыл аралығында 500 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс атқарып, футболға қайта оралуға рұқсат берді. 

Жақында келісілген ойынға қарсы құрылған Federbet компаниясының бас директоры Франческо Баранка отандық журналиске берген сұхбатында: 

- Қазақстан біріншілігінің соңғы турында келісілген ойын белгілерін анықтадық. Осыған байланысты біз ҚФФ-ға  хат жібердік. Дегенмен, жауап келмеді, - деп айтты. Сонымен қатар, ол «Ақтөбе»-«Ордабасы» арасындағы ойынға да өз пікірін білдірді:

- Иә, бұл ойында біздің мамандар теріс белгілерді байқады. Бұл ойынға қатысты шағымды Футбол федерациясына жолдаңыздар. Егер, одан нәтиже болмаса, УЕФА-ға емес, полицияға арызданыңыздар. Спорттағы алаяқтық үшін кінәлілер заң алдында міндетті түрде жауап беруі тиіс, - деді. Шамасы, Ф.Баранка Қазақстандағы саяси жүйені білмейтін болуы керек. Әйтпесе, ол дәл бұлай айтпас еді.   

Қысқасы, желтоқсанға қарай ҚФФ президенттігіне сайлау өтеді. Келесі жылы қазақ футболында ірі өзгерістер орын алады деп сенейік. 

P.S: Қазір ҚФФ басшысы міндетін Сейілдә Байшақов уақытша атқаруда. Бұған дейін ол федерацияның вице-президенті болып келген еді. Алдағы уақытта ҚФФ президентігі үшін өтетін сайлауға өз кандидатурасын ұсынып та үлгеріпті. Президенттіктен дәмелі екен. Дегенмен, осы жерде сұрақ туындайды. Сейілдә зейнет жасынан асып кеткен. Яғни, жасарын жасап, асарын асаған. Десе де, ол федерация басшысы болған күнде де, жетпіске қарай аяқ басқан жасына, бәлкім денсаулығына байланысты жылы орнында ұзақ отырмайды. Қызметін басқаға тапсыруға мәжбүр болады. Осы жерде ойға Айсұлтан Назарбаев оралады. Әрине, тегін емес. Көңілде бір түйсік бар. Қазақстан кәсіби футбол лигасының бұрынғы басшысы Михаил Гурман бір сөзінде: «Түбінде Айсұлтан ҚФФ басшысы болады», - деп айтты. Ал, Айсұлтан өз кезегінде: «Мен ҚФФ президенті болсам, қазақ футболын биікке көтеру үшін барымда саламын. Себебі, мен футболмен өмір сүремін», - деген болатын. Жақсы сөз – жарым ырыс. 

Мұрағаттан, 2016 ж

Монополистер халықты майшелпекке айналдырып алды
Қазақстандағы ұлттық холдингтер «Титаниктің» тағдырын құшуы мүмкін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу