Қазақстандағы ұлттық холдингтер «Титаниктің» тағдырын құшуы мүмкін

Oinet.kz 14-07-2019 907

Screenshot_4.jpg

Елімізде үлкен мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялар аз емес. Ұлттық экономиканың басым бөлігі осы құрылымдарда шоғырланған. Алайда, мемлекеттің мүлкі болған соң ба, өз ісіне жанашырлықпен қарайтындар болмай тұр. Оның дәлелі, соңғы жылдарда ірі компаниялардың барлығы дерлік шығынға жұмыс істеп келеді. Осыған қарап, экономистер осындай холдингтерді ұлттық экономиканың «Титаниктеріне» теңей бастады. Себебі, дәл «Титаник» кемесіндей алпауыт, ебедейсіз, икемсіз әрі шығындардың ауыртпалығынан банкроттың теңізіне батып барады. 

Мемлекеттік ірі холдингтердің басты ауруының бірі – түрлі активтерді өзіне қосып алуға құмар. Олардың дәл осы компанияға  қажеті бар ма, жоқ па, оған ешкім басын ауыртып жатпайды. Әйтеуір, талан-таражға түсіруге келетін кәсіпорын табылса болды. Әр мемлекеттік холдинг өз жанынан ондап, жүздеп еншілес компанияларды ашып тастаған. Бұл өз кезегінде бақылаудың жойылуына  және шығындардың көбеюіне әкеп соғады. Дәлел керек пе?

Осыдан бірер жыл бұрын «Самұрық-Қазына» қорының құрамында 768 еншілес  компания болған екен. «ҚазМұнайГаз» компаниясына қарасты - 206, «Қазақстантемір жолында» - 102, «Қазатомпромда» - 82, «Самұрық-Энергода» - 38  еншілес кәсіпорындар қызмет еткен. Яғни, айналдырған 5 холдинг 1200-ге жуық компанияларды басқарып отырған. Бұл ретте әсіресе «Самұрық-Қазына» алдына жан салмай тұр. Компаниядағы еншілес кәсіпорындардың 9 буынды құрылымы анықталған. Яғни, бір компания еншілес басқа компанияны құрады, оның өзі тағы бір еншілес кәсіпорынды тіркейді. Үшінші компания төртіншіні, төртіншісі бесіншісін...  орыстың матрешкасы сияқты «балалап» кете береді. Мұның барлығы штаттың шамадан тыс кеңеюіне, қажетсіз лауазымдардың көптігі мен бюрократиялық сипатқа әкеп соқты. Қалай ойлайсыз, мұндай құрылымды басқару тиімділігі қандай болмақ? Сарапшылардың «әр ұлттық компания өз алдына жеке республика болып отыр» деуі шындыққа жанасады. 

Былтырғы девальвация болмағанда, ұлттық холдингтердің масқарасы шығар еді. Тек валюта бағамының айырмасы арқылы квазимемлекеттік сектордың қожайындары жанын сақтап қалды. Әйтпесе біраздан бері осы мемлекеттік компаниялардың барлығы дерлік шығынға бата бастады. Бұл әсіресе ең үлкен мемлекеттік құрылымдар - «Самұрық-Қазына» қоры мен соған қарасты «ҚазМұнайГаз» және «Қазақстантемір жолы» компанияларына қатысты әңгіме.  Осы алпауыттардың қаржылық жағдайын сараптай келе экономист мамандардың төбе шашы тік тұрды. Мәселен, 2014 жылды 34 миллиард теңге табыспен аяқтаған  теміржолшылар былтыр не себепті 460 миллиард теңге шығынға батты? «Самұрық-Қазына» қорының да жағдайы мәз емес. Рас, оның төрағасы Өмірзақ Шөкеев «2015 жылдың қорытындысы бойынша 305 миллиард теңге табыс түсті» деп сүйіншіледі. Алайда, сарапшылар оның сөзіне  сенімсіздікпен қарады. Себебі, бұл бар болғаны төл валютамыздың құнсыздануы есебінен пайда болған артық ақша еді. Доллардың күрт қымбаттауы есебінен қор қосымша 683 миллиард теңгеге ие болған екен.  Соның 379 миллиарды шығынды жабуға жұмсалса, қалғанын қордың басшылығы «түскен табысымыз» деп пайдалана кетті. 

Сол Шөкеевтің былтыр жасаған тағы бір мәлімдемесі сенсацияға теңелді. Ол «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының 18 миллиард доллар қарызы барын жайып салды. Ал мұнайдан түсіп отырған табыстың барлығы дерлік пайыздық ставкалар бойынша қарызды жабуға жұмсалып отыр екен. Сонда қалай? Мұнай сатып, табыс табудың орнына қалайша шығынға батты? 2013 жылы Ұлттық компанияның табысы 450 миллиард теңгеге бағаланса, 2014 жылы шамамен 200 миллиард теңге пайда келген. Ал 2015 жылы компанияның шығыны 75 миллиард теңгені құрап, тек валютаның құнсыздануы құтқарды.  Бұған компания басшысы Сауат Мыңбаевтың «маған не дейсіз? Мұнайдың бағасы арзандаған соң барымыз осы» дейтін жауабы да дайын. Бірақ, экономистер мұнай бағасы бір бөлек, шектен тыс әкімшілік шығындардың жөні бір басқа екенін айтып отыр. Мәселен, сарапшы Ғалым Құсайынов  мынадай дерек келтіріп отыр: «Былтыр «ҚазМұнайГаздың» әкімшілік шығындарының денін жалақы қорының ұлғаюы құрады. Атап айтқанда, өндірістік персоналдың жалақысы 34 пайызға, басшылықтағылардың табысы 16 пайызға жоғарылаған. Осының өзі бір жылда 110 миллион АҚШ доллары ретінде шығынға батырып отыр» деп кесіп айтты. 

Сарапшылардың пайымдауынша, тығырыққа тірелудің басты себебі – мұнай бағасының арзандауы емес,  «ҚазМұнайГаз» басшылығының жұмысындағы үлкен кемшіліктер. Сауат Мыңбаевтың түрлі консультациялық қызметтерге қыруар қаражат жұмсайтын әдеті бар екен.  Айталық, «инвестициялық банктің активтерді сатып алу немесе сату жөніндегі  консультациялық қызметтеріне» - 336 миллион теңге, «инвестициялық банктің қаржылық тұрақтылық жөніндегі консультациялық қызметтеріне» - тағы  да 336 миллион теңге, «технологиялық шешімдерді сараптау мен енгізу жөніндегі консультациялық қызметтерге» - 240 миллион теңге, «өтемақылар бойынша есеп және жалақыны  шолуды сатып алу бойынша консультациялық қызметтерге »-1,2 миллиард теңге жұмсай салу «ҚазМұнайГаз» үшін түк те емес. Міне, ұлттық компаниялардағы шығындардың сиқы осындай. 

 Былтыр ғана Елбасы Н.Назарбаев мемлекеттік холдингтердің тарапына қатал сын айтып еді. Президент еншілес компаниялардың тым көптігін, қажетсіз лауазымдардың молынан ашылып, ол пайда берудің орнына тек зиянын келтіріп отырғанын атап тұрып айтты. Барлық компанияларда оңтайландыру жүргізіп, шығындарды қысқартуды талап етті. Елбасы айтпаса, шұқымаса қимылдамайтын шенеуніктер «айтқан сыныңыз өте орынды» деп, Мемлекет басшысына ризашылығын білдіріп жатты. Айталық, Өмірзақ  Шөкеев «Самұрық-Қазынаның» көпдеңгейлі құрылымын 9 буыннан 4-ке дейін қысқаратынын, көптеген қажетсіз еншілес компаниялардың таратылып, 200-ге дейін азаятынын тілге тиек етті. Алайда, содан бері біраз уақыт өткенімен,  атқарылған нақты жұмыстың нәтижесі әзірше қоғам үшін белгісіз болып отыр.  

Мұрағаттан, 2016 ж

Айсұлтан президент болудан дәмелі
Түймебаев Әбдірахымовтың командасының жұмысын қанағаттанарлықсыз деп бағалады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу