Түймебаев Әбдірахымовтың командасының жұмысын қанағаттанарлықсыз деп бағалады

Oinet.kz 14-07-2019 1023

Screenshot_12.jpg

«Қалада сәулет және қала құрылысы заңнамаларын бұзу фактілері орын алуда. Оған кім жауапты? Архитектура ма? Тұрыңыздар!». Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкенттің проблемалық мәселелері талқыланған жиында қала әкімдігіне сұрақты осылай төтесінен қойды.

Облыс басшысының айтуынша, Солтүстік-батыс шағынауданында жеке тұрғын үй үшін берілген №1183 учаскеде комерциялық нысан құрылысын жүргізген. Осыған байланысты Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тарапынан Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 244-бабымен құрылыс нысанын мәжбүрлеп бұзу үшін сотқа қарауға іс тапсырылған. Алайда, қала әкімдігі учаскенің нысаналы мақсатын комерциялыққа ауыстыру туралы қаулы қабылдаған. Сондай-ақ, құрылысы аяқталмаған нысандар пайдалануға қабылданады. Солтүстік-батыс шағынауданындағы Ұ.Арғынбеков көшесінің бойында №2426 учаскедегі заң талаптарын бұзып салынған құрылыс нысанын бұзу туралы сотқа талап арыз берілген. Бірақ, осы бітпеген нысан сәулет бөлімі тарапынан 2016 жылдың 5 мамырында пайдалануға қабылдау актісімен тіркеуге алынады. «Мұны қалай түсінуге болады? Бұл қалай сонда?». Түймебаев осы сауалды бірнеше шенеунікке қойып, ешбірінің жауабына қанағаттанбады.

Мәжілістің күн тәртібінде қаланың бас жоспарының орындалуы, жол инфрақұрылымы, қаланың көріктендіру мәлелелері талқыланды. Шымкент қаласы бас жоспарының іске асырылуы жайын баяндаған шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов 2025 жылға қарай  шымкенттіктердің саны 1 миллион 200 мыңға жететінін жеткізді. Ал, мегаполис атану үшін облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қатары 52 пайыздан асу керек екен. Яғни, Әбдірахымов Лас-Вегасқа айналдыруды көздеген Шымкентке мегаполистің ауылы алыстау болып тұр. Өйткені мұндағы көпқабатты үйлердің көрсеткіші 30 пайыздан аспайды. 

Бүгінде қала аумағы 80-нен астам ауыл типтес елді мекеннен тұрады. 70 пайыздан астамы жеке сектор болғандықтан инженерлік, көлік және басқа да қызмет көрсету нысандарын салуда ауқымды қаржы керек. Оның үстіне жерлерді тиімсіз пайдалану тиылар емес. Жалпы, Шымкенттің инфрақұрлымын дамытуға 2020 жылға дейін 72 миллиард теңге қажет. Ал, қаланың ауасын тазарту,  көріктендіру мақсатында ағаштар отырғызуға биыл бюджеттен 75 миллион теңге бөлінгенімен жетпейді екен. Аз қаражатқа шақтап алған арзан көшеттердің өсіп-өнуі, көгеруі де оңай шаруа емес көрінеді. Жайқалып тұратын жақсыларын егуге 750 миллион теңге керек. Облыс әкімі бұл мақсатқа жыл соңына дейін игеруге жарты миллион теңге бөлетінін айтып Әбдірахымовты бір қуантты. Ол жүзі бал-бұл жайнап, қол шапалақтап та жіберді. Алайда...

Қаланың бас жоспарының алғашқы екі кезеңін аяқтағанын жеткізген Шымкент әкімінің орынбасары Н.Көшеровтің айтуынша облыс орталығындағы заңсыз құрылыстар көп қиындықтар туғызып жатқанға ұқсайды. Биыл бүгінге дейін сондай шектен шыққандардың 164-і анықталған. 

Қала жолдары бойынша есеп берген Б.Жанбосыновтың айтуынша, облыс орталығында 2700-ден аса көше бар, жалпы ұзындығы 2811 шақырымды құрайды. Оның 2615 шақырымы қалалық коммуналдық меншікте,134 шақырымы облысқа, 62 шақырымы республикаға тиесілі. Ал, қаладағының 1412 шақырымы асфальт, 1100 шақырымы шағал тас, 301 шақырымы қара топырақ екен. Жол жөндеуге былтыр 6,5 миллиард теңге, биыл 14,5 миллиард теңге бөлінген. 

«Жансейіт Қансейітұлы, сіз айтқан талаптарға сай ағаштарды отырғызу үшін 602 миллион теңге керек. 2,5 метрлік қырым қарағайының біреуінің бағасы 60 мың теңге. Сіздің тапсырмаңыз бойынша орталық көшелерге оның 8330-ын егетін болсақ, 499 миллион теңге қажет. Көгалдандыруға су құбырлары тартылмаған көшелер анықталды, оған қосымша 260 милииондай теңге керек» деді Б.Жанбосынов. 

Бұл керектерді облыс басшысы бірден сынға алды: «Бүкіл баяндамаңыз мына жерге мынанша ақша керек, ана жерге мұнша ақша керек. Егер сол ақша бөлінсе бәрі керемет болып кететіндей. Сіз бүрісіп тұрған ағаштарды көрдіңіз бе? Ташкентке қараңыз, көшелері тап-таза, ағаштары жайқалып тұр. Ал бізде түнеріп тұр. Бейсенбек Керімбекұлы, жарамайды, Өйту керек, бүйту керек... Сіз жасамасаңыз кім жасайды? Ал біз бір-бірімізге сілтеп отыра береміз»

Қаланың әрбір бос жеріне  құрылыс сала беруді тоқтатуды талап еткен ОҚО әкімі бос орындарды сквер, парктерге айналдыруды тапсырды. Шаһардың жасыл белдеуін ұлғайту үшін үш мың гектар жер бөлінетін болды. Оған қажетті жерлер  мемлекет мұқтажына қайтарылмақ. Шымкенттегі жеке сектордағы тұрғын үйлердің 70 пайызға жетуінде Сайрам ауданынан қосылған 38 ауылдың да үлесі бар. Осыны ескере отырып, қазір жаңа бағытпен жұмыс істеуді міндеттеді. Бұл мәселеде сәулет және қала құрылысы басқармасына үй салудың  архитектуралық үлгілер жасауды жүктеді. Тұрғын үйдің бояуынан бастап, шатыры, шарбағына дейін қала көркіне ажар қосатындай болуы керектігі айтылды. 

Тағы бір мәселе – жер қойнауын заңсыз пайдалану. Мұндай фактілер қала аумағында жиі кездеседі. Адамдар өз беттерімен келіп бұзып, тас-топырақты құрылыс материалдары ретінде жүк көліктеріне артып әкетуде. Соның салдарынан өзендердің арнасы бұзылып, су жерге сіңіп кетіп жатыр. «Экологиялық проблема! Бұған қаланың қай бөлімі жауапты? Әркім білгенін жасай бере ме? Жердің иесі жоқ па?» деді Ж.Түймебаев монитордағы мәліметтерді суреттерімен көрсетіп. Бұған жауапты басшыларды бір-бірлеп жылы орындарынан тұрғызғанымен әкім  ешбірінің жауабына қанағаттанған жоқ. Сосын амалсыз бұл мәселені өзінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалдыға  бақылауға алуды тапсырып, қала әкімдігіне реттеу міндеттелді. 

Шымкент қаласының оңтүстік-батысындағы айналма жолмен 24 сағат бойы көліктер үздіксіз қатынайды. Осы жолдың Бадам өзеніндегі көпірі бүгінде қауіпті жағдайда. Көпірдің тіреуіштерінің табандарындағы құм-тас қоспалары шайылған. Бетон плиталарының аралары ажыраған, асфальттың жарықтары көрер көзге үңірейіп тұр. Өткелдің мұндай күйге түсуіне жер қойнауын заңсыз пайдаланушылар да «үлес» қосқан. Өзеннің тасын алған, шағалын тасыған. Бұл көпірмен Ташкент бағытында  ауыр жүк көліктері күнде қатынайды. Сенбі-жексенбі күндері шаруалар жүк көліктерімен мал базарға төрт түлігін таситыны тағы бар. «Бұл қалай? Апат болса не болады?» деп сұрады қабағы түюлі Түймебаев. Үлкен монитордағы көпірдің жан-жағынан түсірілген суреттері көрсетілді. Соның арғы жағында тас тасып кезекке тұрған машиналар да фотоға түсіп қалыпты.  

Қалалық әкімдік бұған дейін республикалық меншікте болған қауіпті көпір айналма жолмен бірге Шымкенттің коммуналдық меншігіне енді өткенін айтады. Көпірді кеңейтіп қайта салуға байланысты сметалық-құжаттары жасалуда екен. Келесі жылы құрылысы басталуы мүмкін. Оған қосымша Абай ауданының әкімдігі мен жергілікті полиция қызметіне патрульдік бақылау орнату туралы тапсырма беріліпті. 

«Бұл мәселе бойынша былтыр да біраз жұмыс атқардық. Полиция қойып, заң бұзғандарға әкімшілік айыппұл салдық. Енді ара-арасында кетіп қалады. Постоянно тұрып ұстай алмаймыз. Ауданымыздың полиция бөлімі бастығының орынбасары бір-екеуін әкеп қамаған. Прокуратура оның өзіне іс қозғап, өзі әрең құтылды. Біздің құзырымыз огранично ғой» деп жауап қатты Абай ауданының әкімі А.Татыбаев.  

«Біріншіден тағы да бақылауды күшейтіңіз. Екіншіден, сіз істейміз деп жүргенде көпірде апатты жағңдай орын алса не істейміз? Егер құзырыңыз шектеулі болса, бұл іспен басқа адам айналыссын. Ойланыңыз, қала әкімі. Маған ұсыныс беріңіз» деді Түймебаев Әбдірахымовқа. 

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі былай деді:

«Әр ауданның басшылары күнде бір рет өздері басқаратын ауданды аралып тұрсын. Галстукпен емес, галстуксіз...

Қанағаттанарлықсыз. Жұмысты түзеңіздер, заң аясында шара қолданыңыздар. Нәтижесін баяндаңыздар. 

Біз айтамыз адам көркі шүберек деп. Сіздер де шашылып жатқан қоқыс сияқты киініп келсеңіздер не болады? Ойлаңыздаршы... Бәріміз тазамыз. Ал жүрген жеріміз қоқыс, жолдар бұзық, ағаштарымыз қисық, қураған. Мүмкін, сіздер – басшылар көлікпен жүріп көрмейтін шығарсыздар. Онда жаяу жүріңіздер.  Барлықтарыңызға ескерту...»

Асылбек ҚҰНАНБАЙҰЛЫ, 

«Рейтинг» газеті №42, 3 қараша 2016 жыл 

Қазақстандағы ұлттық холдингтер «Титаниктің» тағдырын құшуы мүмкін
Саакашвили бәрімен ұрысып тынды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу