«Тегін кітапты жүктеп ал»: Алаяқтар енді жаңа әдіске көшті
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті интернет-алаяқтардың жаңа тәсілі пайда болғанын мәлімдеді. Құқық қорғау органдарының дерегінше, қаскөйлер енді Telegram мессенджеріндегі шағын қосымшалар арқылы әрекет етуде.

Алаяқтар өз боттарын тегін кітаптар ұсынатын сервис ретінде безендірген. Алдымен қолданушының сұранысын қабылдап, іздеген кітабының қысқаша мазмұнын көрсетеді. Кейін мессенджер ішіндегі оқу қызметі «тұрақсыз жұмыс істейді» деген сылтаумен Android жүйесіне арналған арнайы файлды жүктеуді ұсынады. Мұны кітапты толыққанды оқу үшін бөлек қосымша қажет екенімен түсіндіреді.
Алайда күмәнді файлды орнатқаннан кейін алаяқтар құрылғыға қашықтан қол жеткізіп, телефонды өз бақылауына алады. Соның салдарынан жеке деректер мен банк қосымшаларына қауіп төнуі мүмкін.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады. Онлайн кітап пайдаланғысы келетіндер тек ресми, жазылым негізінде жұмыс істейтін және қосымша файл жүктеуді талап етпейтін заңды сервистерді таңдауы қажет.


