Асхат Аймағамбетов: Скринингтен өту үшін үш күндік демалыс беріледі
Кез келген қазақстандық жұмыс берушіден скринингтен өту үшін әлеуметтік демалыс алуға құқылы. Және де мұның еңбек демалысына еш қатысы жоқ. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов желідегі парақшасында хабарлады, деп жазады oinet.kz тілшісі.

"Көп адам мұны білмейді. Еңбек кодексінде скринингтерден өту үшін арнайы демалыс қарастырылған. 87-бапта ол нақты көрсетілген: қызметкерге жылына 3 жұмыс күніне дейін скринингтік зерттеулерден өту үшін әлеуметтік демалыс беріледі. Жұмыс беруші бұл арнайы демалысты беруге міндетті. Өз құқықтарыңызды пайдаланыңыздар. Скринингтен өтіңіздер",- деп жазды халық қалаулысы.
Айта кетейік, қазақстандықтар үшін елімізде онкоскринингтің үш түрі бар. Сүт безі қатерлі ісігінің бар-жоғын анықтау тобына 40-тан 70 жасқа дейінгі әйелдер кіреді. Олар бұл скринингті 2 жылда 1 рет өткені жөн. Жатыр мойны қатерлі ісігіне қатысты жай-күйін анықтау мақсатында 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер 4 жылда 1 рет скринингтен өткені абзал. Аты жаман аурулардың тағы бір түрі - колоректальды, яғни тоқ ішек қатерлі ісігі. 50 мен 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер 2 жылда 1 рет скринингтен өтіп, денсаулығына бір мезгіл көңіл бөлсе игі.
Сондай-ақ артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы сияқты қан айналымы жүйесінің негізгі аурулары, қант диабеті, глаукома, созылмалы В және С гепатиті бойынша скринингтер де бар екенін айта кетейік.
Жоғарыда айтылған топтарға жатсаңыз және осы тексерулерден өтпеген болсаңыз, жұмыс берушіңізге үш күндік әлеуметтік демалыс алуға өтініш жазуыңызға болады.
Бұйрық шығып, демалыс алған соң, тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша емханаға барып, тексеруден өтуге болады. Скринингтен өткен соң, зерттеулерді растайтын құжаттарды қызметкер өз еркімен көрсетуіне болады, яғни заңмен міндеттелмеген.


