Монополистер халықты майшелпекке айналдырып алды

Oinet.kz 14-07-2019 1031

Screenshot_2.jpg

Шымкентте жылу бағасы былтыр да, оның арғы жылы да қымбаттаған. 2014 жылы 86 теңге 95 тиыннан 91 теңге 50 тиынға көтерілді. Өткен жылы баға 104 теңге 64 тиынға табан тіреген еді. Міне, баға биыл тағы да көтерілгелі жатыр. Былтыр баға 10 пайыздан астамға қымбаттаса, монополистер биыл 30 пайызға бір-ақ ауыз салды. Ең қызығы, атқарушы билік те бағаны өсіруге кет әрі емес. Қайта жергілікті әкімдер мәслихаттың сессияларында тариф талқыланғанда   монополистердің мүддесін жанын сала қорғайтынын да көзіміз көріп жүр. Жайшылықта халыққа қызмет етеміз деуден жалықпайтындар жеме-жемге келгенде монополистерге бүйрегі бұрады да тұрады. Шенеуніктер қит етсе, Шымкент Қазақстанда жылу тарифінің қымбаттығы жағынан тоғызыншы орында тұрғанын айтудан жалықпайды. Тоғызыншы орында тұрақтап қалғысы да  келмейді. Бірақ Шымкент жылу берудің сапасы жағынан нешінші орында тұрғанын есептеп жатқан ешкім жоқ. Жылу тарифі ең қымбат өңір Қостанайдың -40 градустық аязы бар қысын Шымкенттің қарсыз қысымен салыстыруға келе ме? Мұны атқанімерлер білмейді емес, білеиіні анық. 

Жалпы соңғы жылдары Оңтүстіктегі  монополистер елдің пікірімен санасуды  қойды. Тарифті жыл сайын жаңартудың арғы жағында бармақ басты, көз қысты әрекеттің жатпағанына кім кепіл? Заң да солқылдақ. Тұтынушыдан гөрі монополистің сойылын көбірек соғуға негізделген. Тәртіп бойынша коммуналдық қызметтің тарифін өсіру үшін жария тыңдау өткізіледі.  Жария тыңдау өткізудің қағдидасына қарағанда төраға жиын барысында регламентті бұзған адамға ескерту жасап, залдан шығарып жіберуіне толық құқылы екен.Яғни, тариф қымбаттамасын деген бұзық сөз айтып елді наразылық танытуға шақырсаң   тәртіп бұзған болып саналуың әбден мүмкін. Жуырдағы осындай жиындардың бірінде Сүйін деген қоғамдық белсендінің баға қамбаттауына қарсылық білдіруінің ақыры жазықты болып шыға келуіне ұласуын ақпарат құралдары жарыса жазуы  бекер деймісіз.  Антимонополиялық қызмет мамандарының айтқанынан түсінгеніміз, миллионшы тұрғыны бар қала есептелетін Шымкенттен шақырылған жерге 100 адам келсе де жария тыңдау өтті деп саналады. Оған кімдер келетіні өз алдына бөлек әңгіме.  Жария тыңдау тарифті өсіру туралы мәселенің қаралап жатқанын халыққа хабарлау ғана. Антимонополия монополистің ұсынысын назарына алады, егер ол дәйекті, негізді болса, тарифті өсіріп береді. Жария тыңдау барысында халықтың айтқан пікірі де ескеріледі. Бірақ халық қарсы болса, тариф өспейді деген сөз емес. Антимонополиялылық департамент тіпті жергілікті мәслихат пен әкімдікке де бағынбайды, атқарған жұмысы туралы есеп бермейді. Өйткені департамент орталық атқарушы органға- Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне бағынады. Департамент осы облыстың коммуналдық қызметтерінің тарифін бекітіп береді. Бірақ облысқа бағынбайды. Осы жағы қызықтау.          

Соңғы 10-15 жылдың көлемінде Шымкентті жылумен қамтамасыз ететін «3-Энерогорталықтың» басынан нелер өтпеді дейсіз. «3 -Энергоорталық» кәсіпорны  2003 жылдың қорытындысы бойынша 187 миллион теңге шығын шеккендігіне бола «Қазақстанның коммунальдық жүйелері» АҚ-ының жетегіне байланып 10 жылға сенімгерлік басқаруға берілді. Үлкен кәсіпорын үшін бұл азын-аулақ шығын ғана есептелгенімен бәрібір заңды бұрмалаушылар, бұра тартушылар дегеніне жетпей қойсын ба? Бұл инвестор да алдын ала уәдені үйіп төккендей кәсіпорынды сауықтыруға инвестиция салудың орнына бірден тарифті көтеруге көшті. Мұның өзімен болса да кәсіпорынды сауықтырса жақсы еді-ау. Қайдағы? 187 миллион теңге шығын шеккендігіне бола жетекке кеткен кәсіпорын 900 миллион теңге қарызбен мемлекеттік коммуналдық меншікке қайтарылғанын  ақпарат құралдарынан оқып қайран қалдық. Сонда тарифті көтеру арқылы  халықтан жиналған қыруар қаржы қайда жұмсалды? Кімнің құлқынына құйылды? Мемлекеттік меншікке қайта қайтарылған кәсіпорынға бюджеттен 4 миллиард теңге бөлініп, ол қаржыға магистралды жылу жүйелері мен ішкі орамдағы құбырлары ауыстырылды, екі насостық станса  салынды. Бюджеттің қырауар қаржысы жылу құбырларын ауыстыруға, насос стансаларын салуға жұмсалғаннан кейін бұл кәсіпорынды мемлекеттік меншікке толықтай алып, түтінін түзу ұшыруға әбден болар ма еді? Алайда «3 -Энергоорталық» қайтадан жекеменшіктің қолына өтіп кетті.  Кәсіпорынға уақтысында басшылық жасаған  облыстық мәслихаттың сол кездегі депутаты Әділхан Арғынбековтың «2004 жылғы қайта тіркеу кезінде жарғылық қоры 2 миллиард теңгені құраған кәсіпорын қалайша арзан бағаланып, біреудің жетегінде кетеді?» деген жанайқайы да жаңғырық күйі қалды. 

«3 -Энергоорталыққа» қатысты тағы бір ойын 2007 жылы басталды. Шымкенттің 30 пайызын жылумен қамтамасыз етіп отырған «ТЭЦ-1» және «ТЭЦ-2»  кәсіпорындары өз міндетін ойдағыдай атқара алмағаны сыныққа сылтау болып Шымкентті жылумен қамтасыз етуді бір орталыққа, яғни «3-Энергоорталыққа» жүктеді. Тұрғын үйлерге жылуды толығымен осы кәсіпорынға беру үшін құбыр тарту жұмыстары басталды. Бөлінген қаржыға мердігерлердің сапасыз материалдарды қолданып, оның қайта ауыстырылғаны ақпарат құралдарында айтылған. Ал былтыр жылу маусымы басталар кезде «3-Энергоорталықтың»  «Казтрансгаз» мекемесі алдындағы қарызы миллиард теңгеге жеткені  елді тағы бір дүрліктірді.Кәсіпорынның газға неге қыруар қарыз болып қалғаны жөнінде шенеуніктердің өз арасында да нақты бір байлам жоқ. Кәсіпорын көгілдір отынды  Өзбекстаннан алады, ал көрші елдің газының  қымбаттығы бұған дейін де айтылып жүр. Жуырда облыстық мәслихатта коммуналдық саланың жай-күйі қаралған жиында атқамінерлер керісінше, батыс облыстардан келетін газдың қымбат екендігі, сондықтан кәсіпорынды Өзбекстаннан келетін газға қосу қажеттігін алға тартты. Ал түсініп көріңіз. «3-Энергорталықтың» көгілдір отынға қарызы биыл да төленбеген. Кәсіпорын жылу тарифін жыл санап өсіріп жатыр.  Бәрібір жартымды жылу жоқ. Тағы да түсініксіздік. 

Жалпы Оңтүстікте коммуналдық сала баяғыдан халықтың басты бас ауруына  айналған. Әсіресе жарық пен жылу. Тоқсаныншы жылдардың аяғындағы жарықтың тартқызған тақсіреті әлі ұмытылған жоқ. Электр энергиясы 2000 жылдан кейін ғана үздіксіз беріле бастады.  Кезінде тістегеннің аузында, ұстағанның қолында жекешеленіп кеткен Оңтүстіктің энергетикалық кешендерін  «Түркістанэнерго» ААҚ басшылығы тірнектеп жүріп жинап алғанын елдің бәрі біледі. Осы «Түркістанэнерго» балақты түріп тастап, елдің бәрімен соттасып, энергетикалық кешендерді мемлекеттің меншігіне қайтарып алды. Бұл мекеме 2002 жылы жұмысты бастаған кезде кәсіпорынның 1 миллиард 92 миллион теңге қарызы бар еді. Сол жылдың қыркүйек айында кәсіпорын 3 еседен көп қарызды еңсеріп тастап, қарыздың небәрі 353 миллион теңгесі қалды. Осылайша жарық беруді жолға қойып, «Түркістанэнерго» ААҚ-ның түтіні енді түзу ұшып келе жатқанда аяқ астынан кәсіпорын банкрот болды. «Болды» емес, «болғызды». Олай демеске лажымыз жоқ. Банкрот кәсіпорынды оңалтамын деп «Оңтүстікжарық» инвестор болып келді. Инвестор деген осы салаға қыруар қаржы салып, жағдайды көтеруі керек. Кешегі тірнектеп жинаған мемлекет меншігінің бәріне оп-оңай қожайын бола салған «Оңтүстікжарық» кәсіпорынды оңалтуды жарықтың бағасын көтеруден бастады. 

Облыстағы жарық пен жылу беруші кәсіпорындардың тарихын, өткен-кеткенін, олардың қалай банкрот болып, қалай қолдан қолға өткенін бүгінде облыс әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Жақып Бөкенбаевтан артық білетін адам жоқ десек артық айтқанымыз емес шығар. Жақып Бөкенбаев еңбек жолын «3-Энергоорталықтан» бастап, кәсіпорынның бас директоры қызметін де атқарды. Бұдан кейінгі жылдары «Түркістанэнерго», оның «мұрагері» «Оңтүстікжарық» ЖШС-іне басшылық жасады. Мұның артынша жоғарыда аты аталған, яни «3-Энергоорталықты» сенімді басқаруға алған  «Қазақстанның коммунальдық жүйелері» АҚ-ның президенті лауазымына тағайындалды. Ресми деректерге қарағанда бүгінде «Қазақстанның коммуналдық жүйелері» ЖШС-інің 100 пайыз акциясы елдегі елу миллионердің қатарынан ойып тұрып орын алған Дінмұхаммед Ыдырысовқа тиесілі. Компанияның құрамына  «Оңтүстікжарық» ЖШС, «Оңтүстікжарық транзит» ЖШС және «Энергопоток» ЖШС кіреді. Алпауыт компания сондай-ақ Қарағанды қаласын жылумен, жарықпен қамтамасыз ететін кәсіпорындарға да иелік етеді. «Замәкім» Жақып Бөкенбаевты атышулы миллионермен не байланыстырады? Оның облыс әкімінің коммуналдық салаға басшылық жасайтын орынбасары болып тағайындалуы тегін бе?   Облыста жылуға қатысты жырдың өрши түсуі кездейсоқтық па? Көп кешікпей тақсыр уақыт төрелігін айтар. 

Биыл Оңтүстікке суық ерте түскенімен Шымкентте жылу әлі толық берілген жоқ. Ала жаздай не істегенін кім білсін, әйтеуір, жылу беруші мекеменің мамандары құбырларды жамап-жасқауды әлі жүргізіп жатыр. Тұрғын үйді былай қойғанда әлі жылу алмаған мектеп, балабақшалар да бар. Облыстық энергетика, тұрғын үй коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы Марғұлан Марайым «облыста бюджеттік мекемелердің қысқа әзірлігі 99 пайызды құрайды. Ал Шымкент қаласындағы көпқабатты үйлер 86 пайызға дайын» дегенді қыркүйектің айында айтқан еді. Алайда қаланың қысқа қаншалықты дайын екендігі қазанның 13-іне алғашқы қар жауғанда белгілі болып қалды.  Қақаған суықта тұрғындар пәтерлерінде электр, газ қондырғыларын қолданып, өлместің күнін көруге көшті. Тіпті газ плиталарын жылықтыш құралы ретінде пайдаланып, оның соңы қайғылы жәйттарға апарып соққан оқиғалар да кездесіп жатыр. 21 қазанда Шымкент қаласындағы 18-шағын ауданда орналасқан пәтерлердің бірінен 8 және 16 жастағы балалардың өлі денелері табылды. Кәмелеттік жасқа толмаған балалар иіс тиіп қайтыс болған.  Пәтерге улы газдың таралуына газ плиталарын жылытқыш құралы ретінде қолдану себеп болған. Ал «Казтрансгаз» мекемесінің мамандары көпқабатты үйде газ плиталарын жылытқыш құралы ретінде қолдану талапқа қайшы екенін, мұның соңы орны толмас өкінішке ұрындыруы мүмкін екендігін алға тартуда. Талап  дұрыс, алайда үйде жылу жоқтықтан жаураған жұрт мұндай өз-өзінен өлімге итермелеген қадамға мәжбүрліктен барып отыр. Жылыту маусымы басталғалы бері қалада осындай 9 оқиға орын алған. Оның 6-уы көпқабатты пәтерлерде тіркелген. 3 адам қаза тапқан. Олардың екеуі жас балалар. Жергілікті шенеуніктер «жылуды әне береміз, міне береміз» деп, халықты өтірік уәдемен алдаусыратып келеді. Бұл алдаусыратудың астарында қандай саясат жатыр?  Жылу беруші кәсіпорынды банкрот деп жариялап, оны қайтадан коммуналдық меншікке алып, артынша қайта жекешелендіру ойыны жатыр ма? Шенеуніктердің қазіргі тірлігі, монополист кәсіпорындардың төңірегіндегі дау-дамайға  қарап, істің байыбы жұртқа белгілі сценарий бойынша өрбіп келе ме деген күдіктің көлбеңдейтіні рас. Ақырын күтейік.

Мұрағаттан, 2016 ж

Рим Папасының «оң қолы» – педофил ма?
Айсұлтан президент болудан дәмелі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу