Генерал қызметтен абыройсыз кетті. Полковниктің пешенесін не күтіп тұр?

Oinet.kz 25-09-2024 397

  Screenshot_4.png

 Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшысы, генерал  Думан Таев таяуда абыройсыз жағдайда атынан ауып түсіп креслосымен қош айтысты. Соңғы күндері Шымкент полициясында болған сыбайлас жемқорлыққа қатысты оқиғалардың, тұтқындаулардың ақыры осылайша, бас полицейдің отставкасымен аяқталды. Генерал атқара алмаған қызметке, оның  орнына шені полковник басшы Алматыдан келді.

«Рейтинг» газетінде бұған дейін бірнеше дүркін жазылғандарды қысқаша еске сала кетейік, Шымкент полициясында шенділердің жаппай тұтқындалып жатқаны туралы ақпарат  осыдан екі апта бұрын тараған болатын. Сот департаменттегі қаржылық қамтамасыз ету  басқармасының басшысы мен  мемлекеттік сатып алу бойынша бас маманды тұтқындау жөніндегі өтінішхатты санкциялағаны айтылды. Бұл тұтқындаулар 400 миллион теңге жуық қаражаттың құрал жабдықтарын сатып алумен байланысты болған көрінеді. «Қаржы жымқыру» бабы бойынша қозғалған қылмыстық істі Ішкі істер министрлігіндегі Өзіндік қауіпсіздік департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінен бірлескен топ тергеп жатқаны белгілі болды. Алайда кейбір мәліметтерге қарағанда,  қылмыстық іс тек қаржы жымқырумен байланысты емес, бұл істің арасында пара беру деректері бары айтылды. Пара жоғары шенділерге берілмек болған. Елді елең еткізген  осы дүрбелең  оқиғадан кейін Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы, генерал Думан Таевтың шұғыл Астанаға кеткенін, оның орынбасарларының тұтқындалғанын кеңінен жазғанбыз.  Кейбір мәліметтерде жымқырылған қаржының көлемі 370 миллион теңге деп көрсетілген.

Өткен аптада Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкенттегі полиция департаментінде болған тұтқындауларды растады. Сенімді ақпарат көздеріне сүйенсек ҰҚК Шымкентте  екі полицейді өзіне сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін аса ірі көлемде жымқырды  деген күдікпен ұстаған. Бұл қылмыстық іске жергілікті бір компанияның жетекшісі де іліккен. 7 қыркүйекте үш күдікті сот санкциясымен қамауға алынған. Әзірге бар ресми ақпарат осы ғана.

Ал Ішкі істер министрлігі Шымкенттегі жағдайға қатысты:

 «Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша қауіпсіздік департаменті қызметтік тексеруді бастады, оның қорытындысы бойынша қатаң шаралар қабылданады және кінәлілер заңға сәйкес жазаланады. Ішкі істер министрлігі кез келген құқықбұзушылыққа төзбеушілік бойынша қағидатты ұстанымда», - деген ақпарат таратып еді. Думан Таевтың қызметтен кетуіне дәл осы жәйттың әсер еткені таратып айтпасақ та түсінікті.

Апта басында Шымкенттің полиция басшылығында ауыс-түйіс болды.

--Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша министрдің бұйрығымен Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы лауазымына Алмасбеков Нұрлан Сейсетайұлы тағайындалды, – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі. Ресми мәліметте ұған дейін бұл қызметті атқарған Думан Таевты министрлік кадрлық резервке алғаны айтылды.

Су жаңа басшы Нұрлан Алмасбековтың жасы биыл 57-ге толады. Алматы қаласында дүниеге келген. Ленинградттағы әскери-саяси училищені тәмамдаған. Бертінде Ішкі істер минстрлігінің академиясын бітірген. Ішкі істер органдарында 1993 жылдан бастап қызмет етеді. Ұзақ жылдары  Алматы облысы мен Алматы қаласының полициясында еңбек еткен. Алматы облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болған. 2019 жылдан бастап Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары лауазымын атқарып келген. Полиция полковнигі.

Осылайша Шымкентте генералдың атқаратын қызметін  полковник алмастырды. Нұрлан Алмасбеков өз алдына  мегаполис болған Шымкент полициясын басқаруға келген екінші полковник.  2018 жылы республикалық маңызы бар мәртебесін алған Шымкенттің бас полицейі қызметіне полковник Ералы Жұмаханбетов тағайындалды. Ол осы қызметте отырып  генерал атағын алды. Жұмаханбетовтың кезеңі дау-дамайлармен есте қалды. Оның орнын генерал Қайрат Дәлбеков басты. Қ.Дәлбеков еңбек жолын осы өңірде бастаған. Департамсент бастығының бірінші орынбасары лауазымына дейін жоғарылады. Шымкентке келгенге дейін Маңғыстау мен Түркістан облыстық полициясына жетекшілік етті. Іскер, ел арасында беделі мықты азамат. Шымкенттің үшінші бас полицейі Думан Таевтың да генерал шені болды. Ішкі істер минстрлігіндегі департаментте, Ақмола облыстық полициясына басшылық жасаған. Ал оның орнын басқан полковник Нұрлан Алмасбеков еңбек жолында Алматының айналасынан ұзап шықпаған. Жергілікті жағдайды жақсы білмейді. Ол миллионнан астам тұрғыны бар, криминогендік ахуалы күрделілеу,  соңғы кездері ұйымдасқан қылмыстық топтармен, алаяқтармен аты шығып жүрген Шымкенттің полциясын қаншалықты шыр үйіріп кете алады? Тәжірибесі жете ме?  Әліптің артын бағып әңгімеге қайта оралатын боламыз.

"Рейтинг" газеті, 25 қыркүйек 2024 жыл. 


Тілші су тасқыны үшін шенеуніктерді өлім жазасына кесуді ұсынды: Бозымбаевтың реакциясы
«Үркер» сыйлығының номинаттары белгілі болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу