Тілші су тасқыны үшін шенеуніктерді өлім жазасына кесуді ұсынды: Бозымбаевтың реакциясы
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев журналиске ескерту жасады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Үкіметтің баспасөз орталығында БАҚ өкілі вице-премьерге: "Қазақстан аумағының басым бөлігі шөл және шөлейтті аймақта орналасқан. Біз Жапония немесе Аустралия сынды судың ортасында орналасқан жоқпыз. Алайда қазақстандықтар жыл сайын су тасқынынан зардап шегеді. Мәселен, 2005 жылы тасқыннан қорғануға мемлекеттен 7,6 млн доллар, ал 2008 жылы 100 млн доллар бөлінді. Бірақ жыл сайын көрсеткіш артып келеді. Сондай-ақ мұнда 40 адамның шығыны бар.
Биыл 10 облыста төтенше жағдай жарияланды, мемлекетке залал келді.
Қанат Алдабергенұлы, осындай жағдайлар жыл сайын қайталана беретін болса, халық зардап шеге берсе, неге Солтүстік Кореяның тәжірибесін қолданбасқа? Естеріңізге салайын, Солтүстік Кореяда шілдеде болған су тасқынынан кейін салаға жауапты 30 шенеунік өлім жазасына кесілді" деп сұрақ қойды.
Қанат Бозымбаев Солтүстік емес, Оңтүстік Кореяға қызығатынын айтты.
"Солтүстік Кореядағы заңдар мен талаптарды айтпай-ақ қояйын. Сізге ұнаса, енді оны өзіңіз көріңіз. Мысалы, маған Оңтүстік Корея ұнайды", – деді үкімет басшысының орынбасары.
Вице-премьер салада тәртіпті күшейту керек деген ұстанымда.
"Әрине, тәртіпті күшейтіп, тиісті жүйені орнату керек. Қазір біз сонымен айналысып жатырмыз. Ең бастысы – шығынды азайту. Мысалы, бүгін немесе келесі жылы, 10 жылдан кейін су тасқыны болады, болмайды деп айта алмаймыз. Бұл – табиғи апат.
Мысалы, Алманияда болған су тасқынын көрдіңіз бе? Чехияда да болды. Қаза тапқан адамдар бар. Үйлер судың астында қалды. Өткен аптада Польшада да су тасқыны болды. Онда адамдар атылды ма? Қатты сөз айтпай-ақ қояйық. Бірақ жүйелі түрде жұмыс істеу маңызды", – деді Қанат Бозымбаев.