Антикор кіші Қожабаевқа неге іздеу жариялады?

Oinet.kz 18-07-2024 496

kozhabaev.jpg

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-бөлігімен көзделген қылмыс жасағаны үшін,  Қазақстан азаматы, 1978 жылы туған Дауренбек Аманкулович Кожабаевқа халықаралық іздеу жариялады. Бұл туралы мәлімет антикордың ресми сайтында жарияланды.

Ресми мәліметте іздеу салынған адам анықталған жағдайда немесе оның болуы ықтимал орны туралы қандай да бір ақпарат алынған кезде, агенттікке хабарласу қажеттігі және  іздеуде жүрген адамды ұстауға ықпал ететін ақпарат бергені үшін сыйақы және анонимділік тұрғысынан кепілдік берілетіні жазылған. Дәуренбек Қожабаевқа іздеу жарияланғаны туралы мәліметті антикор былтыр тамыз айында да жариялаған болатын. Одан бергі аралықта бір жылға жуық уақыт өтті. Тағы қайтара жариялағанына қарағанда Қожабаевтың ісі қатаң бақылауда тұрғанын білдірсе керек. Айтпақшы, жоғарыдағы бапқа қарағанда Дәуренбек Қожабаев аса ірі көлемде пара алды деген айып тағылған.    

Дәуренбек Қожабаев бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті бастығының орынбасары лауазымын атқарған. Ол уақтысында құзырлы органдарда  жоғары лауазымдарда істеген Мақсат Қожабаевтың інісі.

Мақсат Қожабаев  бірнеше облыста прокурордың орынбасары, антикордың басшысы қызметтерін атқарған. Соңғы жылдары Шымкент қаласының прокуроры Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары болған. Ол бұл қызметтен 2022 жылы босатылды. 2023 жылдың басында оның ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Былтыр Шымкент қаласының мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотының үкімімен Мақсат Қожабаев алаяқтық жасады деген айыппен 5,5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Шамасы енді құзырлы органдар кіші Қожабаевтың ісін қолға алған сыңайлы.

 

 

 


«Өлі жандар» дендросаябаққа жетті ​
Антикордың Шымкенттегі департаментінің бастығы қызметтен кетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу