«Өлі жандар» дендросаябаққа жетті ​

Oinet.kz 18-07-2024 574

nSFqgxrL.jpg

Шымкентте сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған тағы бір мекеме басшысына үкім шықты. Бұл жолы қырық жылдан астам тарихы бар, Шымкенттің мақтанышы Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақтың директоры екі сыбайласымен бірге сотталды.

Гүлнар Сапарымбет бұған дейін Шымкенттегі коммуналдық қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпорындарға жетекшілік жасаған. Ол дендросаябақтың директоры лауазымына 2022 жылы Шымкент қаласының ¬алалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының бұйрығымен тағайындалған. Жасыратыны жоқ, Гүлнар Сапарымбет бір кездері ту-талақайға түскен дендросаябақтың жерін қайтару шараларының басы-қасында болған басшы. Осындай жанашыр директор сыбайлас жемқорлыққа барды дегенге сену қиын, әрине. Алайда сенбейін десеңіз, ол сотта өзіне тағылған айыптаулардың бәрімен келісіп, кінәсін бұлтарусыз мойындаған.

Сот үкіміне қарағанада, Г.Сапарымбет былтыр  мекеменің кадр бөлімінің инспекторы Р.Әбілқасова және бас есепші Г.Өтетілеуовамен  сөз байласып, мекемеге өздерінің таныстарын жұмысшы ретінде тек құжат жүзінде тіркеп, олардың жалақыларын қалталарына басып отыруды жоспарлаған.

Жоспарды жүзеге асыру мақсатында, Г.Өтетілеуова мекемеге қызметкер ретінде өзінің ұлын, таныстарын, көршілерін тұрғызған. Әрине, тек құжат жүзінде. «Жұмысшыларды» зейнетақы қорына жарна аударып отыратындығын айтып, қызықтырған. 2023 жылдың  ақпаны мен 2024 жылғы наурызына дейінгі аралықта сыбайластар осындай жолмен жалпы көлемі 14 млн. 730 мың 191 теңге ірі мөлшердегі бюджет қаражатын иемденген.

Басты сот талқылауында сотталушылар Г.Сапарымбет пен оның сыбайластары Г.Өтетілеуова және Р.Әбілқасова  жасаған қылмыстарын мойындаған.

Сот үкімімен Гүлнар Сапарымбет Қылмыстық кодекстің 189-бабымен кінәлі деп танылып, оған 29 460 382  теңге мөлшерінде айыппұл салу жазасы  жазасы тағайындалды. Айыппұлды ол 4 айда төлеуі тиіс. Г.Өтетілеуова мен Р.Әбілқасоваға сот 3  жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін жазғанымыздай, өткен аптада  Шымкентте қалалық тұрғын басқармасы басшысының міндетін атқарушы лауазымын атқарған Азат Момыновтың соты басталды. Оны биыл ақпанда қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің өткізіп жатқан жиналысының үстінде антикордың тергеушілері ұстап әкеткен болатын. Антикордың таратқан мәліметіне қарағанда, шенеунік Шымкенттегі  216 тұрғын үйдің сейсмикалық тұрақтылығын тексеру жөніндегі жұмыстарды орындауға бөлінген аса ірі мөлшердегі қаражатты жымқырған. Залалдың көлемі 120 млн. теңгені құрайды. Алайда алғашқы сотта сотталушының адвокаты айыптаулармен келіспейтіндігін білдірді. Бұл істің немен аяқталарын уақыт көрсетеді.



Су жаңа идеологтар келе жатыр...
Антикор кіші Қожабаевқа неге іздеу жариялады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу