Су жаңа идеологтар келе жатыр...

Oinet.kz 17-07-2024 827

Screenshot_1.png

Ақордадағы ақ жағалылар соңғы уақытта идеология саласына көбірек бас қатыратын болып жүр. Естеріңізде болса, Тоқаев идеология саласында көптеген қателіктерге жол берілгенін Қаңтар оқиғасынан кейін айтқан еді. Қателіктің ең үлкені идеологияның тізгінін бұл салада ешқандай тәжірибесі жоқ инженерлер мен экономистерге ұстату болғанын билік мойындай бастаған сияқты. Енді осы олқылықты жөндеу үшін бірқатар өзгерістер жасауға көшті.

Елордадағы шенділер облыс әкімінің идеология саласына жауап беретін орынбасарларды қайта тағайындауды бастады. Бұған дейін айтылып жүрген әңгімелер шынға айналып жатыр. Соңғы бір-екі аптаның көлемінде республиканың бірнеше өңірінде облыс әкімінің идеология саласына жауап беретін орынбасарлары тағайындалды. Бұл үрдіс енді бірер күнде Түркістан мен Шымкентке де жетіп қалуы мүмкін. Бас идеологтар сырттан келе ме, әлде жергілікті кадрлардың арасынан тағайындала ма? Бұл жағы әлі белгісіз. Белгілісі, өңірдің идеологиясына бақылау жасайтын орынбасардың кандидатурасына Ақорда қатты мән беріп жатқанға ұқсайды. Қойылып жатқан талап қатаң дейді. 

Бас идеолог өткен өмірінде ешқандай ақтаңдақ жоқ, қылау түспеген, өзінің де, тіпті туған-туыстарының да соңынан жағымсыз әңгіме ермеген, бір сөзбен айтқанда  «идеальный» орынбасар болатын көрінеді.  

Өңірлерге жаңа идеологтардың бара жатқанына қатысты белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев пікір білдірген екен.

– Шамасы, өңір әкімдіктерінде ішкі саясат мәселелерімен айналысатын жаңа орынбасардың штаты ашылып жатыр, – деген сарапшы  бірнеше жыл бұрын әкім орынбасарларының саны жоғарыдан келген тапсырмамен қысқартылғанын және бұл облыстық әкімдіктердегі жағдайды қиындатқанын алға тартыпты. Дегенмен, оның ойынша, бірінші жартыжылдықтағы жағдай өңірлерде ішкі саясаттың, коммуникацияның, дәлірегі халықпен тіл табысу мәселесінің өте өзекті екендігін және оны қайта қарау қажеттігін көрсетіпті. Сонда мұны қалай түсінуге болады?

Өңірлерде идеология саласына бақылау жасайтын орынбасарларды шұғыл түрде жаңартуға, жаңа міндеттер жүктеуге қандай жағдайлар әсер ету мүмкін. Бұл күн санап шиеленісіп бара жатқан  халықаралық жағдайға қатысты ма, әлде ел арасында қызу талқыланып, ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналған тұрмыстық зорлық-зомбылықпен, әлеуметтік шиеленістермен байланысты ма? Не де болса Ақорданың бір білгені бар болып тұр ғой.

Биліктің де қысқа күнде қырық құбылып тұрғаны рас.  Еске түсіріп көрейікші, 2022 жылдың наурызында, Қаңтар оқиғасынан кейін халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Үкіметке әкімшілік-аумақтық құрылымға қатысты мәселелерді мұқият саралап, оны іске асыру жолдарын ұсынуды тапсырамын. Бұл – оңай шаруа емес. Оның бәрін жан-жақты ойластырып, байыппен жасауымыз керек. Бұл ұсыныстар облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері аппаратындағы мемлекеттік қызметшілер санын оңтайландыру жөнінде шаралар қабылдауға да мүмкіндік береді. Оларды қысқарту өңір тұрғындарының санына қарай жүзеге асырылады. Қалай болғанда да, әкімнің орынбасарлары үшеуден аспауы керек. Ерекше жағдайда ғана төртіншісіне рұқсат беріледі. Президент Әкімшілігі бұл мәселені бақылауына алуға тиіс», деген болатын.

Президенттің осы тапсырмасына байланысты өңір әкімдіктеріндегі орынбасарлардың штаты төртеуге, кейбір облыстарда үшеуге дейін қысқартылған. Сол кездері ақпарат құралдарында Өмірзақ Шөкеев жетекшілік ететін Түкістан облыстық әкімдігінде 15 штаттың қысқаратылғаны айтылды. Оның ішінде әкім орынбасарларының саны 5-еуден 4-еуге төмендетілді. Енді міне, араға екі жыл салып, орынбасар штаты тағы да көбейгелі жатыр. Бұдан кім ұтады, кім ұтылады?

Жоғарыда айтқанымыздай, өңірлердің бас идеологтарын тағайындау қызу басталып кетті. Өткен аптада Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевтың идеология жөніндегі орынбасары жаңарды. Әкімдіктің таратқан ресми ақпаратына қарағанда, жаңа орынбасар Әлібек Әлденей білім, ішкі саясат, тілдерді дамыту, жастар саясаты, дін, мәдениет және спорт істері мәселелеріне жетекшілік ететін болады.  Ақорданың әбден таңдап, талғап жіберген, еңбек жолында ешқандай қылау түспеген идеологтың басқалардан қандай артықшылығы барына тоқтала кетейік.

Әлібек Әлденей биыл қырыққа толады. Ол бір кездері Ермағанбет Бөлекбаев қызмет еткен Оңтүстіктің, дәлірегі Түркістан облысының тумасы. Үш жоғары білімі бар екен. Саясаттанушы, қаржыгер, бұдан бөлек Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын Ақпарат және спорт министрлігінде бастаған. Біраз уақыт «Самұрық Қазынада» тер төккен. «Оңтүстік астана» телерадиокомпаниясы» АҚ бас директоры болған. 2019 жылдан бастап «Нұр Отанның» Астана қалалық филиалының хатшысы болып істеген. 2023 жылдан бастап Президент Әкімшілігі коммуникациялар бөлімі меңгерушісінің орынбасары болған. Жаңа кадрдың бір артықшылығы Үкіметте, Президент әкімшілігінде еңбек еткен. Бір кемшілігі – өңірлерде жұмыс тәжірибесі жоқ.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары қызметіне барған Қайыржан Меңдіғалиев бұған дейін Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының басшысы қызметін атқарған.  Абай облысы мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдерінің идеология жөніндегі орынбасарлығына Ербол Нұрғалиев пен Жасұлан Сәрсебаев тағайындалды. Екеуі де бұған дейін облыс әкімі аппаратының басшысы лауазымдарын атқарған. Екеуінің де идеология саласында тәжірибелері мол. Мұның ішінде Ербол Нұрғалиев уақтысында Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінде сектор меңгерушісі қызметін атқарған.  Өткен аптада Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың да бір орынбасары тағайындалды. Білгіштердің айтуынша, кезек Түркістан мен Шымкентке де жақындап қалғанға ұқсайды.

Қайбір жолы әлеуметтік желіде Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбековтың орынбасарлығына Мәжіліс депутаты, белгілі журналист  Мақсат Толықбайдың тағайындалатыны туралы әңгіме тараған. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Мақсат Толықбай миллионнан астам халқы бар мегаполистің бас идеологы болуға қаншалықты қауқарлы? Қазіргі уақытта Сыздықбековтың идеология жөніндегі орынбасары қызметін Сәрсен Құранбек атқарады. Жасыратыны жоқ Шымкенттің идеология саласында шу көбейіп тұр. Ол бұл қызметке былтыр қарашада тағайындалған болатын.

Жалпы, Шымкент пен Түркістан облысының бас идеологтары дегенде  Дархан Мыңбай мен Әли Бектаевтің, Ұласбек Сәдібековтің, Бахадыр Нарымбетовтің жиі еске түсетіні рас. Идеология саласына бақылау жасайтын орынбасарлардың талғам-таразысы, бітім-болмысы сондай болуға тиіс көрінетін еді. Алайда одан бергі аралықта идеологияның тізгіні бұл салада тәжірибесі жоқ ауыл шаруашылығының маманы Берік Оспановтың, инженер Қайрат Нұртайдың, айтатын сөзін қағазға қарап оқып беретін, орыстілді Сәкен Қалқамановтың қолына  тигені рас. Түркістан облысы әкімінің идеология саласына бақылау жасайтын қазіргі орынбасары Бейсенбай  Тәжібаевтың тәжірибесі жаман емес. Бар-жоғы 26 жасында жүз жылдық тарихы бар «Оңтүстік Қазақстан» газетіне бас редактор болған. Облыстық ішкі саясат басқармасына жетекшілік еткен. «Аманат» партиясы облыстық филиалының хатшысы лауазымын атқарған. Осы саланың барлық ыстық-суғын білетін маман. Ақорданың жолдамасымен келетін орынбасардың Тәжібаевтан қай жері артық болар екен? Не де болса әліптің артын бағып көрейік.

Жалпы облыстың бас идеологы болатын кадрға сіз қандай талап қоясыз?


«Рейтинг» газеті, 17 шілде 2024 жыл.


Шымкентте абаттандыру жұмыстарынан шикілік шықты
«Өлі жандар» дендросаябаққа жетті ​
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу