Өркендеу мен дәуірлеу жолы. Биыл салық полициясының құрылғанына—30 жыл.

Oinet.kz 14-06-2024 442

448269798_448354784801883_2452199491390011646_n.jpg 

Еліміздің құзырлы органдарының бірі, мемлекетіміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз еткен – салық полициясының құрылғанына биыл – 30 жыл.

Осы салада ұзақ жылдар еңбек еткен, басшылық қызметтерді атқарған, бүгінде «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің айтуынша,  мемлекеттік құрылыстың аса күрделі кезеңінде пайда болған бұл орган, бюджетке салықтар мен басқа да төлемдерді төлеуден жалтару деректерін анықтап, жолын кесті, көлеңкелі және қылмыстық кәсіпкерлік көріністерімен табанды түрде күрес жүргізді.

Салық полициясы органдары өзінің құрылған күнінен бастап, үлкен өркендеу, дәуірлеу жолынан өтті. Еліміздің әр жылдардағы даму жағдайына сәйкес, экономикалық қылмыстармен және сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы маңызды басымдықтарды белгілеген көптеген реформалау кезеңдерін өткерді. Салалық құрылым деңгейінен, Мемлекет басшысына тікелей бағынатын, қызмет мәні айрықша маңызға ие, мемлекеттік құқық қорғау органы мәртебесі бар құрылымға айналды.

Салық полициясы өзінің қалыптасу тарихында көптеген маңызды міндеттерді орындап шықты. Оның ішінде мемлекеттік бюджетке түсетін кірістердің толық және уақтылы түсуін қамтамасыз етті, салықтық заң бұзушылықтарды анықтау және алдын алу жұмыстарын атқарды, мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлықты анықтау мен оны жою бойынша кешенді шаралар жүргізді, экономикалық қызметтің түрлі салаларындағы заңсыз әрекеттерді анықтау мен тергеу қызметтерін атқарды.

Мемлекеттік маңызы бар міндетті атқарған органның 30 жылдық тарихи белесі шеңберінде жуырда оңтүстік өңірі бойынша осы саланың бастауында тұрған ардагерлердің қатысуымен салтанатты жиын өтті. Алтынсары Үмбетәлиев Оңтүстік Қазақстан облыстық салық полициясы басқармасының тұңғыш басшысы әрі Қазақстан Республикасы «Қаржылық мониторинг бойынша органдары ардагерлерінің ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша филиалының қоғамдық негізде қызмет атқаратын төрағасы ретінде аталған іс-шараны бір салада еңбек еткен азаматтардың келелі басқосуы санатында өтуіне ұйытқы болды.

Сала ардагерлерінің басын қосып, жиын өткізу жөніндегі ұсынысқа Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастығы Бақыт Сапарғалиұлы Қойшыбеков қолдап, ұйымдастыру жұмыстарына қолдау көрсетті.

Мерекелік жиынға ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік, прокуратура, әділет органдарының еңбегі сіңген қайраткерлері: генерал-майор Жеңісбай Әбдікерімұлы Сұлтанов, генерал-майор Молдияр Молыбайұлы Оразалиев, генерал-майор Асқар Артықбайұлы Ақшаев, генерал-майор Ақжігіт Қалтайұлы Исабеков, генерал-майор Әбдіқадыр Кәрімұлы, генерал-майор Ибраһим Әлжанұлы Иманов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы, генерал-майор Дәурен Тілекұлы Ерғарин, тағы басқа елімізге белгілі, беделді азаматтар, ардагерлеріміз бен әріптестер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

--Облыстық салық полициясының қалыптасу тарихы Оңтүстік Қазақстан бойынша облыстық Ішкі істер басқармасынан бастауын алады. Осы басқарманың ішіндегі экономикалық қылмыстармен күрес жүргізу басқармасының құрамында, 1993 жылы салық инспекциясымен іс-қимыл жүргізу бөлімі ашылды. Өзім жетекшілік еткен бөлімде 5 адам ғана қызмет атқарып, салық өндіру, экономикалық қылмыстарға қарсы күрес жүргізу, жасырылған табыс көлемін анықтап, бюджетке төленетін салық кірістерін ұлғайту міндеттерін атқарды. Араға бір жыл салып, 1994 жылы облысымызда салық милициясы құрылып, мемлекет қазынасына салық төлеуден жалтарған тұлғаларды анықтау, салық инспециясының мамандарына алымдарды өндіру бойынша жұмыстармен шұғылданды. Жұмысымыздың жемісті болуына Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер басқармасының бастығы Жеңісбай Әбдікерімұлы Сұлтанов, басқарма бастығының орынбасары Молдияр Молыбайұлы Оразалиев сынды тәжірибелі азаматтардың қолдауы мен қамқорлығын айқын сездік. Олардың іс-тәжірибесі жұмысымызға бағдаршы, қызметімізге үлгі-өнеге болды,--дейді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Жиында өңірдегі құқық қорғау жүйесінің тірегі болған аға буынның елге сіңірген ерен еңбегін тағы бір мәрте еске алындыү  Салық полициясы басқармасының жүріп өткен жолы, жұмыс тәжірибелері, халықаралық ынтымақтастықты арттырудағы ролі баяндалып, салық полициясы органдарының қалыптасуында жарқын із қалдырған әріптестердің еңбек тәжірибелері жөнінде кең ауқымды мағлұмат берілді. Жиын барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Ерлан Биахметұлы Саировтан келіп жеткен құттықтау хат табысталды.  Салық полициясының қатарында қызмет атқарып, жауапкершілігі мол жұмыстың салмағын қайыспай көтерген, мемлекет және қоғам мүддесі үшін көзсіз ерлік пен тынымсыз еңбек үлгісін көрсеткен бірқатар әріптестерге мерекелік медальдар табысталды. Ардагер әріптестердің тағы бірқатары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменттерінің, Шымкент қаласы әкімінің және «Қаржылық мониторинг бойынша органдары ардагерлерінің ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша филиалының алғыс хаттарына ие болды.

--Өмірден ерте кеткен, арамызда ойсырап орны ғана қалған әріптестердің жұбайларына қоғамдық бірлестіктің филиалы атынан алғыс айтып, қолдауымызды білдірдік. Оңтүстік өңіріндегі қаржы саласындағы тұңғыш құқық қорғау органының алғашқы қадамынан бастап, түгел жолы қамтылған бүгінгі жиын өз миссиясын адал атқарды деген ойдамын. Мәртебелі қызметтің шежірелі тарихы, абыройлы белесі, айбынды жолы экономикалық қауіпсіздік саласында еңбек жолын бастаған жас ізбасарларымызға жол сілтеуші бағыт-бағдар боларына сенімдімін. Олардың мемлекет қуатын арттырудағы еңбегіне табыстар тілеймін. Абыройларыңыз асқақ, беделдеріңіз биік бола берсін!—деді Алтынсары Үмбетәлиев.

448267370_448354444801917_3410367383663594589_n.jpg

448271461_448354804801881_6189985745758785165_n.jpg

 448266539_448354971468531_2006593489931288034_n.jpg


Сайрамда екі блогер қамауға алынды
«Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес, депутат болу үшін жақсы болу шарт».
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу