«Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес, депутат болу үшін жақсы болу шарт».
Бұдан бір ғасыр бұрын Алаштың ардақтысы Міржақып Дулатов «депутат қандай болуы керек?» деген сұрақ төңірегінде ой қозғап, «Қазақ» газетіне былай жазған екен: «Ол ақжүрек, таза болса, жұртты я сатып, я алдап кетпейтін болса. Халық үшін ерінбей қызмет етерлік, екіталай жерде жанын қиярлық ержүректі болса. Өз пайдасынан жұрт пайдасын артық көретін болса. Саясат ісіне жетік болса. Білімді, шешен, оқыған көсем болса. Халықтың қалпына, салтына, тұрмысына жете таныс болса. Міне, депутат болуға осындай адамдар лайық. Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес, депутат болу үшін жақсы болу шарт».
Бір ғасыр бұрын депутаттық қызметке берілген бұл парасатты критерий бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Биыл құрылғанына 30 жыл толып отырған мәслихаттардың қоғамдағы мән-маңызы уақыт өткен сайын артып келеді. Осы жылдарда Түркістан облыстық мәслихаты өңірдің дамуына орасан үлес қосып, маңызды өзгерістердің бел ортасында жүргенін дәлелдеді. Сайлаушыларының талап-тілегіне құлақ түріп, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп жүрген депутаттар тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуде айтарлықтай табыстарға жетті. Облыстық мәслихаттың белсенділігіне ризашылығын білдірген жұрт оны жергілікті Парламент ретінде қабылдай бастағаны жасырын емес.
Біраз жылдан бері елімізде маңызды конституциялық реформалар мен күрделі саяси өзгерістер жүріп жатыр. Басты мақсат – қоғамдық тұрақтылық пен елдің дамуын барынша қамтамасыз ету. Бұл аса жауапты істе ел аманатын арқалаған депутаттардың жауапкершілігі мен құзыреттілігі де күшейіп отыр. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін барынша дамып, мықты қоғамдық институтқа айналуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айрықша мән беріп отыр. Президент өзінің Қазақстан халқына Жолдауында осы жайында «азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады» деп мәлімдеме жасады.
Былтыр «AMANAT» партиясы өткізген барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумында партия төрағасы Ерлан Қошанов мәслихат депутаттарының өкілеттілік аясы кең екенін, олар өңірдің дамуына ықпал ете алатынын атап өтіп, мәслихаттар әкімдіктермен қатар өңірлердегі өмір сапасына жауаптылығын мәлімдеген болатын. Түркістан облысына жұмыс сапарымен келгенінде де Е.Қошанов партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысып, халықтың ұсыныстарын тыңдады.
Депутаттар халық алдында жауапты
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл мәслихат бұрынғыдан өзгерек деп айтуға толық негіз бар. Сегізінші шақырылымдағы мәслихат өткір мінезімен, еркіндігімен ерекшеленеді. Әр сессияда еңсесін тік ұстап, пікірін еркін айтып жатқан депутаттарды байқауға болады. Ойын бүкпесіз білдіруге ешкімге шектеу қойылмайды.
Мәслихатта депутаттық мандатты атақ пен абырой емес, халықтың аманаты ретінде қабылдайтын азаматтар бас қосқан. Олар халық қалаулысы атану – халықтың биліктегі сенімді өкілі болу екенін жақсы түсінеді. Сондықтан олар өздеріне артылған жауапкершілік жүгінің орасан екенін әрдайым естен шығармайды. Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, «AMANAT» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, 18 жылдық депутаттық тәжірибесі бар Нұралы Әбішовтың мәслихаттың құрамына, депутаттардың біліктілігіне, өз миссиясына деген адалдығына жоғары баға беріп отыр.
- Қазіргі шақырылымдағы депутаттар өте білімді, әрқайсысы – өзінің туған жерінің патриоты. Мәселен, бұрын өзі сайланған ауданда тұрмаған, басқа жақта қызмет еткен азаматтар да депутат болып кете беретін. Ал, қазіргі депутаттардың әрқайсысы өзі сайланған аймақтың өзекті мәселелерін, сайлаушыларының мұң-мұқтажын жақсы біледі әрі соларды шешуге барын салуда. Әрине, депутаттар халықпен тығыз байланысты болуы керек. Дегенмен, қайта-қайта кездесу ұйымдастыра беріп, тұрғындардың мазасын ала беруге де болмайды деп есептеймін. Қазір аудан басшылары тұрақты түрде елмен есепті кездесулер өткізіп тұрады. Облыстық мәслихат депутаттарынан бөлек аудандық мәслихат депутаттары да бар, олар да сайлаушыларын жинап, басқосулар өткізеді. Тұрғындарды толғандырып жүрген сауалдарды әріптестерім жақсы біледі. Сондықтан біз уақытты халықпен кездесуге емес, халықтың мәселесін шешуге жұмсағанымыз жөн. Менің ойымша, депутат өзі сайлаған сайлаушыларға жылына бір рет барып есеп берсе жеткілікті, - деп пікірін білдірді Н.Әбішов.
Депутаттық мандат – қоғамдық жұмыс. Халық қалаулыларына айлық төленбейді, ешқандай жеңілдіктер берілмейді. Есесіне, депутаттарға қойылатын талаптар жоғары. Өз міндеттеріне немқұрайлы қарайтын депутаттарға қатысты қатаң шара қолданылады. Бұл тұрғыда Н.Әбішов «Сессия немесе тұрақты комиссияның отырыстарына қатарынан екі рет себепсіз қатыспаған депутатқа шара көріледі. Үш рет келмейтін болса, оның депутаттық мандатын қайтару туралы ұсынысты сайлау комиссиясына беретін боламыз. Кейбір депутаттар мәлімдеме жасаймын деп шектен шығып, артық сөз айтады. Басқа адамның құқығын таптауға жол бере алмаймыз. Бұл да депутаттық этика мен әдеп мәселесіне тікелей қатысты дүние» деген ойын жеткізді.
Алдыңғы құрамдарымен салыстырғанда VIII шақырылымдағы мәслихат жұмысындағы жаңашылдығымен, белсенділігімен, тың бастамаларымен ерекшеленіп отыр. Айталық, соңғы екі жылда депутатттардың қоғамдық қабылдауларды әдеттегідей кабинетте емес, ауыл-аймақты аралап, қарапайым көпшіліктің ортасында өткізуге дағдыланғанын атап өту қажет. Бұл бастама депутаттардың түйіткілді мәселелерді өз көзімен көріп, халықтың талап-тілегін тыңдауына, осы арқылы өзекті проблемаларды неғұрлым тиімді әрі жедел түрде шешуге мүмкіндік берді. Осылайша біраз жылдан бері елдің жанайқайы жар басындағы жаңғырық болудан әріге аспай тым шиеленісіп кеткен талай мәселе осы көшпелі форматтағы жиындардан соң шешімін тапты. Сол себепті де сайлаушылардың мәслихат депутаттарының қоғамдық қабылдауларына деген сұранысы еселей арта түсті.
Мәслихат төрағасы Н.Әбішов «Мәслихат депутаттары заңдарға сәйкес халық алдында жауапты. Сол себепті де облыстық мәслихат депутаттары барлық қала, аудандарды аралап халықпен есеп беру кездесуін өткізіп жүр. Осы уақытқа дейін мұндай кездесулердің болмағанын айтатын болсақ, бұл жиынның халық үшін тиімділігі көп. Жігіт жақсылық көрсе де, жамандық көрсе де елмен бірге көреді емес пе?! Менің мақсатым кездесулер аясында халық пен билік арасында алтын көпір болған депутаттардың жұмысын жақсарту. Бұл құр сөзбен айтылып қалмай, іспен дәлелді болғаны біз үшін абырой! Жұртшылықпен етене араласу. Сайлаушыларының сенім білдірген көңілдеріне кірбің түсірмесе деймін. Әр аудан, қала өз депуттарын сайлап дауыс берді. Міне содан бері жылға жуық уақыт өтті. Депутат не істеді? Сайлаушыларының қандай мәселесі бар.. деген сан түрлі сұрақтардың жауабын айтып, тыңдау үшін қазір халық алдына депутаттар өздері барып, есебін беруде. Жасыратыны жоқ, кейбір аудандарда жұмысына салғырт қарайтын депутаттар бар. Оларды халық білмейді, көрмейді. Барлық сайлаушылар депутаттың алдына келе алмайтыны анық. Сондықтан заң аясында біз өзіміз баруымыз керек. Айтылған мәселенің барлығын назарға алып, ұсыныс жасаймыз. Депутаттық сауал жолдаймыз, сессия қарауына ұсынамыз бір сөзбен айтқанда нәтижелі жұмыс жасалу үшін бар күшімізді саламыз. Мен облыстық мәслихаттың төрағасы ретінде депутаттардың кездесу өткізуін жіті бақылаймын. Уақыттың тығыздығына қарамастан біраз аудандарға депутаттармен бірлесіп баруға барынша тырысып келемін», деген ойын ашық жеткізді.
Қазіргі депутаттық корпустың мықтылығына тағы бір мысал: бір партия атынан емес, «AMANAT», «Ақжол», «Ауыл» партияларынан сайланған, сонымен қатар жеке мандат бәсекесінде жеңіп шыққан депутаттардың ауызбіршілік танытып, көшпелі жиындарға бірлескен түрде қатыса бастағаны да үлкен жаңалық болды. Депутаттар бірнеше жұмыс тобын құрып, облыстағы білім, медициналық, спорт мекемелерін аралап, маңызды нысандардың жұмысымен етене танысты.
Облыстық мәслихат депутаттары халықтық бақылау мәселесінің қолға алынуына айрықша мән беріп отыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды газ бен су құбырларының, жолдардың, мектеп пен тұрғын үйлердің құрылысын жүргізіп жатқан мердігерлер халықпен санасу қажеттігін жиі айтып жүр. Мәслихат депутаттары да халықтың ой-пікірі ескерілуін, бюджет есебінен салынып жатқан нысандардың сапасын бақылауға тұрғындардың белсене араласуына шақыруда. Себебі, ең үлкен бақылаушы да, баға беруші де – халық. Халықтың талап-тілегі жерде қалмай, көпшіліктік ұсыныстары ескерілуін мәслихат депутаттары әрдайым бақылауында ұстап отыр.
Халық қалаулысы белсенді болуы тиіс
Депутаттар тек сайлаушылардан келіп түсіп жатқан өтініштер мен шағымдар бойынша емес, жалпы қоғамды, жұртшылықты толғандырып отырған мәселелерге де белсенді түрде араласуда. Әр саладағы кемшіліктер мен қолдан жасалған кедергілерді жоюға қолдан келгенше атсалысып жүр. Айталық, мәслихаттың араласуымен шешілген бір мәселе – ауыл шаруашылығы саласындағы жиын-терім науқаны нағыз қызып тұрған шағында жанар-жағармай тапшылығы. Жылда осы тақырып төңірегінде шу шығып, тіпті қайбір жылы наразылық білдірген шардаралық шаруалар жолды да жауып тастаған болатын. Қолдан жасалған кедергілердің кесірінен қайта-қайта орын алып жатқан осы мәселеге мәслихат депутаттары үн қосып, мән-жайды облыс әкіміне баяндаған болатын. Өңір басшысының тікелей араласуымен, нақты тапсырма беруімен арнайы кесте жасалып, түйткіл шешімін тапты.
Тағы бір мысал. Түркістан облысы құрылғалы бері аймақтағы футболға қаржы мол бөлініп келе жатқанымен, кәсіби футбол клубтары сүреңсіз ойыннан көз ашпай келеді. Миллиардтаған қаржы жұмсалғанымен нәтиженің жоқтығы жанкүйерлердің өкпе-ренішін туғызып отырғанын дәлелдеп жатудың өзі артық. Халықтың ерекше назар аударып, қызығушылық танытатын спорт түрі дамытуды кеңінен талқылау мақсатында облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов үш рет арнайы алқалы жиын өткізді. Депутаттары, салалық басқарма басшылары мен футбол клубтарының өкілдері қатысқан басқосуларда терең баяндамалар жасалып, өткір сұрақтар қойылды. Түркістан футболын тығырықтан шығарар жолдар талқыға түсті. Халық қалаулылары облыстағы футбол инфрақұрылымының сапасы сын көтермейтіндігін, бөлініп жатқан қаржының тиімсіз жұмсалып жатқанын нақты дәлелдермен келтіріп, өңірдегі футбол саласын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасын әзірлеу керектігін білдірді. Облыстық мәслихат депутаттары қол қойған қызметтік хат облыс әкімі Дархан Сатыбалдыға да жолданды. Мәслихаттың араласуымен қозғалған мәселе жөнінде бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.
Депутат әрдайым белсенді, қоғамға жанашыр болуға тиіс. Түркістан облыстық мәслихатындағы депутаттық корпус әрдайым елде болып жатқан жайттарды жіті қадағалап, қолдан келгенше көмегін беруге асығады. Мәселен биылғы су тасқынынан көптеген облыс тұрғындары зардап шегіп, қиындыққа тап болғанда Мемлекет Басшысы Қ.Тоқаевтың Үндеуіне қолдау білдіріп, материалдық көмек көрсетті. Атап айтқанда Түркістан облыстық және аудандық, қалалық мәслихат депутаттары тарапынан барлығы 37 млн теңге қаржы жиналды.
Сондай-ақ, депутаттар «Таза Қазақстан» республикалық акциясына да белсенді түрде араласып, барлық аудан, қаланың халық қалаулылары сенбіліктерге белсене атсалысты. Облыстық мәслихаттың депутаттары өзі сайланған аудан, қалаларға барып бүгін сайлаушыларымен табиғатқа жанашырлық жасады. Өңіріміздің белсенді, отаншыл азаматтары мен бірге көше тазалап, ағаш егіп, күл-қоқыстардан тазартты. Сондай-ақ аудан, қала көшелерін ретке келтіру арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға депутаттар да жұдырықтай жұмылды.
Мәслихаттардың жүріп өткен 30 жылы, ел дамуындағы үлкен белес. Бұл халықтың сенімін ақтау жолындағы қалыптасу мен өркендеудің жолы. Бұл жолда әр депутаттың қосқан үлесі, қолтаңбасы бар. Елдің аманатын арқалаудан, сенімін ақтаудан асқан абырой жоқ. Бұл мәслихаттардың мәңгілік бұжымас мақсат-мұраты болуы тиіс.
Асылбек Досалы
Oinet.kz