Темірбаева тығырыққа тірелді
Түркістан облысының прокуратурасы Түркістан облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Еңбек мобильділігі орталығы қызметінде жүйелі бұзушылықтарды анықтады.
Түркістан облыстық прокуратурасының таратқан мәліметіне қарағанда, «Қоғамдық жұмыс» мемлекеттік бағдарламасына іс жүзінде қатыспаған 122 адамға жалақыны заңсыз аудару арқылы 31 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру анықталған. Жинақталған құжаттар СДТБТ-ге тіркеліп, тергеу жүргізу үшін Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды.
«Жастар практикасы» және «Ақылы қоғамдық жұмыс» бағдарламаларының 4 мыңнан астам қатысушысына 2023 жылға міндетті медициналық сақтандыру бойынша 11,6 млн теңгеге төлем жүргізілмеген.
Орталық қызметінде 4 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар және шарттарда негізсіз талаптар қою арқылы 760 кәсіпкердің құқықтарын шектеу фактілері анықталды.
Бұдан бөлек, «Қысқа мерзімді оқыту» бағдарламасы шеңберінде оқудан өткен 50 адам іс жүзінде үздіксіз (6 айға дейін) жұмыспен қамтамасыз етілмеген.
Осындай бұзушылықтарды болдырмау және азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында облыс прокуратурасы облыс әкімдігіне және уәкілетті мемлекеттік органдарға 4 прокурорлық қадағалау актісін енгізіп, жекелеген фактілер бойынша құжаттар процестік шешімдер қабылдау үшін экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды.
Биыл наурызда Түркістан облысының прокуратурасы осыған ұқсас заңбұзушылықтарды Жетісай ауданында анықтаған болатын. Жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері адамдарды қоғамдық, оның ішінде жастар практикасы шеңберінде жұмыстарға жалған тартып отырған. Жұмыссыз мәртебесін алған 30-дан астам адам іс жүзінде қандай да бір қоғамдық жұмыстарды орындамаған және бұл туралы білмеген. Лауазымды тұлғалар жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтарды заңсыз шығарған және ай сайынғы жалақыларын “Қазпошта” АҚ мен банктердегі шоттарына аударып, кейіннен басқа тұлғалармен қолма-қол ақшаға айналдырған. Орталық пен әкімдік қызметкерлері өздерінің туыстары мен таныстарын құжат рәсімдеу арқылы қоғамдық жұмыстарға тартқан. Прокуратура анықталған фактілер бойынша тергеу жүргізуді антикорға тапсырған болатын.
Естеріңізде болса, жуырда прокуратура Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Кентаудағы мүгедек балаларға арналған колледжде мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмек пен азық-түлік пайдаланылғанын анықтап, басқарма басшыларының мәселесін облыс әкімдігінің алдына қойған болатын. Енді міне, басқармаға қарасты орталықтан тағы да шу шықты. Темірбаева тағы да тығырыққа тірелді. Бұдан енді қалай жол тауып шығар екен? Күтіп көрейік.