«BІ Group»-қа заң жоқ па?
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Шымкентте «BІ Group» компаниясына қатысты тағы да шу шықты. Тарихтың зобалаң жылдарында құрбан болғандарды еске алу күнін бекер айтып отырғанымыз жоқ. «BІ Group» компаниясының былтырдан бастап қайтпастық көнекөз қариялар мен өлкетанушылардың айтуынша, отызыншы жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған мыңдаған «халық жаулары» жазықсыз атылып, жасырын көмілді деген Албастысайдың, дәлірегі қазіргі Бәйтереков-Назарбаев көшелерінің қиылысындағы сайдың ішін тегістеп, «Ұлы дала» тұрғын үй кешенін салуға кіріскені белгілі. Осы құрылыс нысанына қатысты «жыр» әлі бітпей жатыр.
Мәселе тұрғын үй кешенінің бір кездері ұлттың қаймағы атанған аптал азаматтардың, бейкүнә боздақтардың сүйегінің үстіне салынғандығында емес. Қазір онсыз да қай шымкенттік шенеунік, қай бизнесмен тарихи мұраға жанып ашып жатыр дейсіз?! Мәселе компанияның құрылыс жұмыстарын тоқтату жөнінде сот шешіміне де мойынұсынбай, заңды белден басқанында болып тұр. Шымкенттің бұрынғы әкімі Мұрат Әйтенов пен «BІ Group» компаниясының қожайыны Айдын Рахымбаев арасындағы «жесткий торгтің» «жемісін» әлі көріп келе жатырмыз.
Бір кездері қырық жылдық тарихы бар қаланың бұрынғы атшабарын талқандап, орнына тұрғын үй салған, сол себепті көпшіліктің наразылығын тудырған «BІ Group» компаниясы қоғамдық пікірді былай қойғанда енді міне, заң мен талап тәртіпке де пысқырмайтын дәрежеге жетті. Ең қызығы, Шымкент қаласының әкімдігі, құрылыс саласын бақылайтын басқарма да бұған қауқарсыздық танытып отыр (қауқарсыздықтың арғы жағында жең ұшынан жалғасқан жемқорлық жатпаса деңіз). «BІ Group»-ке келгенде атқарушы органдардың айырықша жағдай жасап беретіні бекер емес сияқты. Мәселенің қысқаша мән-жайы былай:
Естеріңізде болса, Мәжіліс депутаты, «Аманат» партиясы жанындағы «Жер аманаты» республикалық комиссиясы төрағасының орынбасары Бақытжан Базарбек жыл басында Шымкентке келіп, «BІ Group» компаниясының әкімдіктен алған жерлеріне қатысты біраз заңсыздықтарды жария еткен еді (оның бірсыпырасын депутаттың біздің басылымға берген сұхбатында келтіргенбіз). Жуырда Б.Базарбек Шымкентке келіп, жерге қатысты тағы біраз шындықты шырылдап тұрып айтты. Бұл жолғы заңсыздықтардың «кейіпкері» тағы да сол «BІ Group» компаниясы.
Депутаттың фейсбуктегі парақшасындағы жазбаға қарағанда, 2022 жылы Мұрат Әйтенов басшылық ететін Шымкент қалалық әкімдігі әдеттегіше 2,2 гектар жерді «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына берген. Әдеттегіше инвестициялық жобаларды іске асыру үшін деген желеумен. Ал корпорация сол баяғы сценарий бойынша оны «BІ Group»-тің аффилирленген компаниясы – “ШығысМонтажСтрой” ЖШС-не сатып жіберген.
– Жалпы, аталған көп қабатты үйді тұрғызу Жер кодексінің 48-бабы мен Кәсіпкерлік кодексінің 276-бабына сәйкес инвестициялық жобаға кірмейді. Көп қабатты тұрғын үй бұл инвестициялық жоба болатындай өнеркәсіп өндіріс ошағы емес. Сондықтан Шымкент қаласы әкімдігі аталған жерді Жер кодексінің 48-бабындағы негіздерді ескере отырып аукционға шығаруы тиіс еді. Бірақ, Шымкент қаласы әкімдігі мен СПК “Shymkent” іс әрекеттерінде жер заңнамасы мен Кәсіпкерлік кодексі талаптарын қатаң түрде қасақана бұзу орын алғандықтан 2023 жылы Шымкент қаласы бойынша Жер ресурстарын басқару департаменті сотқа талап арызын жолдады.
Шымкент қаласы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 17 мамыр 2023 жылғы шешімі мен Шымкент қалалық сотының 31 тамыз 2023 жылғы қаулысына сәйкес Шымкент қаласы әкімдігінің қабылдаған қаулысы заңсыз деп танылған.
Соттың шешімі заңды күшіне енсе-дағы, “ШығысМонтаж-Строй” ЖШС-інің құрылыс жұмыстарын тоқтататын түрі жоқ, Шымкент қаласы ГАСК басқармасы, Әділет департаменті, қала прокуратурасы, Шымкент қаласы әкімдігі және басқа да билік органдары тоқтатуға қауқарсыз болып отыр. Жергілікті биліктің қауқарсыздығын пайдаланып заңды белшесінен басып жүрген «BІ-Group»-тің іс әрекетін жақын арада екінші рет көтереміз! – дейді Мәжіліс депутаты.
Біз Шымкент қаласының экономикалық сотының былтыр 17 мамырда шығарған шешімінен танысып шықтық. Сот шешіміне қарағанда, әкімдік расында да 2022 жылдың ақпанында алдымен жерді «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына берген. Ал корпорация арада екі ай өтер-өтпес оны «ШығысМонтаж-Строй» ЖШС-іне сатып жіберген. Сот әкімдік пен корпорация және серіктестік арасындағы барлық келісім-шарттардың күшін жойған. Шешімде ең алдымен жердің серіктестікке сауда-саттықтан тыс, яғни аукционсыз сатылғаны, сонымен бірге тұрғын үй құрылысының инвестициялық жобаға кірмейтіні келтірілген.
«Сот барысында жауапкерлер талап қоюшының талап қоюларда көрсетілген және сотта айтылған уәждерін жоққа шығаратын нақты тиісті дәлелдемелер табыс етпеді, даулы жер телімдер заңды жолымен табысталғаны жөнінде дәлелдейтін айғақтар сотқа ұсынылмады» делінген сот шешімінде.
Осылайша Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаментінің талап арызы қанағаттандырылған. Алайда ең қызығы, осыған қарамастан «ШығысМонтаж-Строй» компаниясы Бәйтереков-Назарбаев көшелерінің қиылысындағы «Ұлы дала» тұрғын үй кешенін салуды тоқтатпаған. Биыл департамент сотқа екінші қайтара арызданады. Қаңтарда сот бұл талап арызды да қанағаттандырған.
«Жауапкер «ШығысМонтаж-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кадастрлық №22-330-051-179 жер телімінде құрылыс жұмыстарын жүргізуі тоқтатылсын», делінген сот шешімінде. Бірақ, соттың бұл шешімін де елеусіз қалдырған «ШығысМонтаж-Строй» құрылыс жұмыстарын осы уақытқа дейін тоқтатпаған. Оны тоқтатуға Шымкент қалалық әкімдігінің де, бақылаушы, қадағалаушы органдардың да шамасы жетпей отыр.
Айтпақшы, «BІ Group» компаниясының сайтында Шымкенттегі «Ұлы дала» тұрғын үй кешені туралы біраз мәліметтер келтірілген. Онда тұрғын үй кешенінің қазір бірінші кезеңі жүріп жатқаны, алдағы уақытта екенші кезеңі басталатыны жазылған. Пәтерлердің алды 2025 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беріледі екен.
«Ұлы Дала – қазақ халқының мықты, мызғымас, еркін рухын танытатын тұрғын үй кешені. Заманауи шешімдер даналыққа, қонақжайлылыққа және ашықтыққа толы. Мұнда жаңа жетістіктерге шабыттану, мықты отбасын құру және жаңа таныстар табу оңай», - делінген компанияның сайтындағы мәтінде.
Біз кешегі күні «Ұлы дала» тұрғын кешенін арнайы барып көрдік. Құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Тұрғын үйді тұрғызу 11-қабатқа жетіп қалған. Соттың шешімі «BІ Group»-тің алға қойған жоспарына, жұмысына ешқандай кедергі келтірмегені көрініп тұр. Енді бұған кім жауап береді?
Айтпақшы, Бақытжан Базарбектің айтуынша, Шымкенттің Қошқар-ата өзенінің бойынан тұрғызылған тұрғын үй де Су және Жер кодекстеріне сәйкес келмейді.
«Құрылысты жүргізуге тиісті рұқсат құжаттарын тұрғын үй кешені көтеріліп болғаннан кейін алып отыр. Ал бұған жерге тиісті құқық куәландыратын құжаттың жоқтығын есепке алсаңыз, құрылысқа рұқсат құжаттарының қалай берілгендігі тіпті түсініксіз! Жемқорлықтың иісі шығып тұрған жоқ па деген сұрақ туындайды», - делінген депутаттың жазбасында.
Ал, енді бұған Шымкент қалалық қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшылары не айтар екен? Депутат айтқан қауқарсыздықтың түбі осы басқармаға барып тірелетіні айтпаса да түсінікті ғой. Әлде басқарма басшысы Нұрбол Жүнісбековке де «екі қойың бір сом» ба? «Жемқорлықтың исі» осы басқармадан шығып жатқан жоқ па?
«Рейтинг» газеті, 29 мамыр 2024 жыл.