Мирзияевке тіл тигізбе, сотталасың!

Oinet.kz 30-05-2024 493

-h6aQoWdNTCIoYaRzvSakx1cKCEwCOWQ.jpg 

Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзияевке әлеуметтік желіде тіл тигізген тағы бір азаматқа сот үкімі шықты.

 28 жастағы тұрғын президентке тіл тигізгені үшін  2 жыл 6 айға еңбекпен түзеу жұмыстарына сотталған.

«Газета. Uz» порталының жазуынша, сотталушыға үкімді Самарқанд облысы  Иштыхан аудандық соты шығарған. Сотталушы—осы ауданның тумасы, дәрі-дәрмекпен айналысатын компанияның құрылтайшысы екен. Былтыр 2 мамыр мен 31 тамыз аралығында ол  Instagram желісінде Мирзияев туралы роликтер мен фотоларға оның беделін түсіретін коммент қалдырған. Нақты қандай сөздерді жазғаны белгісіз. Бірақ Шавкат Мирзияевтің былтыр 9 шілдеде мерзімінен бұрын өткен сайлауда 87 пайыз дауыспен жеңіске жеткені белгілі. Шамасы, сотталушы пікірді осы сайлау науқаны кезіндегі үгіт насихат роликтері мен фотоларына жазса керек.

Сотта сотталушы өзінің кінәсін толығымен мойындаған. Оның айтуынша, Ташкент облысында ашқан дәріханасына салық инспекциясының қызметкерлері келіп, бірнеше мәрте айыппұл салған. Осыған ызаланған ол Шавкат Мирзияев туралы байқаусызда ауыр сөздерді жазып қойыпты.

Сот оны Қылмыстық кодекстің Президентке қатысты интернет желісін қолдана отырып  көпе-көрінеу жала жабу және қорлау бабы бойынша кінәлі деп тапты. Оның Samsung Galaxy A53 телефоны мемлекет пайдасына тәркіленді. Енді сотталушы 2,5 жыл бойы жалақысының 20 пайызын мемлекетке аударып отыруы тиіс.

Өзбекстанда Президентке көпе-көрінеу тіл тигізгені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартатын бап 2021 жылдан бері бар. Бұл бойынша кінәлі деп танылғандар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Ақпарат құралдарындағы мәліметтерге қарағанда, Өзбекстанда жыл басынан бері мемлекет басшысы мен оның отбасы мүшелеріне тіл тигізгені үшін кем дегенде 10 адам сотталған.


Темірбаева тығырыққа тірелді
Түркістанның мәртебесі туралы заң Парламентке ұсынылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу