«Өзі отырған бұтақты кеспейді»: Әлихан Смайыловтың тағайындауы туралы ел не дейді?

Oinet.kz 03-04-2024 474

Апта басында Президент Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунованы лауазымынан босатып, бұл орынға бұрынғы премьер Әлихан Смайыловты тағайындады. Осылайша Смайылов елорда әкімі болады деген болжам теріске шықты. 

Screenshot_4.jpg

Смайыловтың тағайындауына қатысты Ulysmedia.kz порталының бас редакторы былай деп жазыпты: 

-- Қазір елімізде болып жатқан түрлі келеңсіздік Қазақстан үкіметін басқарған Әлихан Смайыловтың «еселі еңбегінің» арқасында екенін ешкімнен жасырмай-ақ қояйық. Қыста үсіп-тоңып, жазда суға жарымай, құрғақшылық көреміз, көктем келгенде су тасып, мал-жанымызды ағызып әкетеді. Бұған ормандарымыз бен даламыздың өртке оранып, егініміздің су жетпей не күйіп, не орақ кезінде шіріп кетіп жатқанын тағы қосыңыз.

Мемлекет қазынасы – ешкімнің жеке мүлкі емес, сонда да оңды-солды шашуға әбден әуеспіз. Шығыста орман өртенді – орманшылардың құрал-сайманы жоқ, оны айтасыз, киетін арнайы киімдері мен байланыс құралдары болмай, бейбіт күнде опат болды емес пе? Алатын айлығы шайлығына жетпеген. Мұның бәрі Смайылов үкіметті басқарып тұрған уақытта болғанын жоғарыда айттық. Әйтсе де келген залал көлемі бюджеттен төленді, жақындары қайтқандарға өтемақы берілді. Тағы да Смайыловтың қалтасынан емес, мемлекет қазынасынан. Екібастағы жағдай екібастан түсінікті. Қақаған қысты жылусыз қалған тұтас қаланы дереу жылыту үшін бюджет қаражатын жақтық. Тіпті оны жетер жеріне жеткізбей желкесін қиып, жырым-жырым еттік.

Жаздағы құрғақшылықтан фермерлер зардап шекті, кәсібі құрдымға кетті, баға көтерілді. Келген залал бюджеттен өтелді. Шенеуніктер бір тиын да жоғалтқан жоқ, маңдай терін сығып еңбек етпесе де, ай сайын еңбекақысын алып отыр.

Қазір ел қарғын сумен әлек болып жатыр, әлеумет әлеуметтік желі арқылы сұрап жатыр – Қазақстанда гидрологтар бар ма? Сірә, жоқ шығар, әйтпесе мамандар мұндай апатқа жол бермес еді.  Бірақ былтырдан бері жекелеген азаматтар алда су тасқыны болатынын бірнеше рет айтты.  Брифингтердің бірінде Ulysmedia.kz журналисі ТЖМ өкілдерінен көктемге дайындықтарыңыз қалай деп сұраған. ТЖМ мамандар сасып қалды ма, оны сол кезде көреміз деп шындықтарын айтып қалды.

Бірнеше жыл қатарынан Есеп комитетінде, кейін атауы өзгерген Жоғары аудиторлық палатада Н.Годунова ханым бұл шығындардың мақсатсыз жұмсалғанын айтты. Годунова келтірген цифрларды естігенде аузыңды ашасың. Бірақ осыншалық цифрлар жоғары лауазым иелерін ұялта алмады.   

Жалпы олар ұялмайды. Олар неге ұялуы керек, неге қысылуы керек? Бір креслодан екіншісіне оп-оңай секіріп жүргенде, олар ұяла ма? Мүмкін келесі жолы ол өз міндетіне жауаптылықпен қарайтын шығар. 

Кеше үкіметті басқарып, көктете алмаған кадр бүгін жаңа қызметке тағайындалды. Жаңа Қазақстанда жаңа адамдарға емес, ескі кадрларға сенім білдіру қандай қисынға келеді? Мүмкін олар жұмысын жақсылап істемесе де, жақсылап қызмет еткен шығар. Міне, жаңа Қазақстандағы кадрлық стратегия осындай…

Үкіметті тексеру қызметі Әлихан Смайыловқа жүктелді. Сонда Смайылов өзі үкіметті басқарған кезеңдегі кемшілікті шұқып көрсете ала ма? Өзі отырған бұтақты ақымақ қана кеседі дегенді еске алсақ, онда ревизорға жарыған-ақ екенбіз...




Тоқтар Үсібәлиев Ерлан Қошановты елемей ме?
Сөз бостандығының халі мүшкіл
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу