Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Белгілі қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбаевтың қайтыс болғанына 18 жыл толды. 2006 жылы оның және көмекшісі мен жүргізушісінің өлі денелері табылды. Оппозиция жетекшісінің өліміне қатысты қылмыстық істердің қалай өрбігені айтпаса да белгілі.
Алтынбек Сәрсенбаевтың үзеңгілес серіктерінің бірі Ғалымжан Жақиянов «Азаттыққа» берген сұхбатында және өзінің Facebook парақшасында мынандай жазба қалдырды:
«Алтекеңнің қаза болғанына 18 жыл толды. Әлі күнге дейін шындық ашылмады, тарихи әділет орнамады. Ақорда істі қайта тергеуге талпынып отырған жоқ. Қоғам мен зиялы қауым тарапынан, медиада билікке істі қайта қарау туралы талап қою байқалмайды... 2013 жылы Бостон қаласында АҚШ федералдық тергеу бюросы (FBІ) агенттерімен кездескенмін. Алтынбектің қазасы жайлы әңгіме болған. Сол кездесуден түйгенім – “ФБР” осы қылмысты жан-жақты зерттеп, нәтижесін Қазақстанға тапсырған. Ал еліміздің не ескі, не жаңа басшылары әлі күнге дейін ол тергеудің қорытындысы жайлы тіс жармай отыр.
Алтекең авторитарлық билік еліміздің көсегесін көгертпейтінін жақсы білді. Сол үшін де әділетсіз саяси жүйеге қарсы тұрды. Сол жолда шейіт болды.
Қазіргі жағдайда Назарбаев тұсындағы саяси өлімдерді қайта қарамай, Алтекеңнің атын мектепке беріп, Зәкеңе (Заманбек Нұрқаділов) ескерткіш тұрғызып, олардың тәуелсіз Қазақстан тарихындағы орнына әділетті баға берілуі мүмкін емес. Шындықты білетін куәгерлер фактіні айтудан әлі де қорқады. Бұл Қазақстандағы авторитарлық жүйенің өзгеріссіз қалғанын көрсетеді.
Елде шынайы саяси өзгеріс болған кезде ғана Зәкең мен Алтекеңе байланысты қылмыстар ашылып құқықтық, саяси және тарихи баға беріледі. Сонда ғана әділеттікке жол ашылды деп айта аламыз. Ондай заман азаматтық қоғамның белсенді қатысуынсыз келуі мүмкін емес».
Сәрсенбаевтың өліміне қатысты АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы жүргізген тергеу қорытындысы қайда? Ол расында да неге жария етілмейді?