Арыс қаласының әкімі ақталды

Oinet.kz 07-02-2024 589

Шымкентте экс-шенеунік парамен ұсталып, сотпен ақталып, артынша қайта сотталып жатса, Түркістан облысындағы Арыс қаласының әкімі ақталып жатыр. Оған бір апта бұрын Қазақстан ұлттық арнасынан “Ұлттық спорт клубы жабылатын болды” деген тақырыппен жарияланған сюжет себеп болыпты. 100 млн теңге үнемдеу үшін өздері ашқан ұлттық клубты өздері жаппақшы деген тақырыппен бұл ақпарат сол күні ulysmedia.kz, qalam.kz, inbusiness.kz сайттарында да жарық көрген. Осыған байланысты Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова фейсбуктегі Арыс қаласы әкімдігінің парақшасында ақталып, ресми жазба мәлімдеме таратты. Ол өзі жазғандай “дәйексіз ақпаратқа”, “дақпыртқа”  жұртты сенбеуге шақырды.

Screenshot_20240207_192956_WhatsApp.jpg

“ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!

Осы жазба арқылы кейбір ақпарат құралдарында жарияланып жатқан «Арыс қаласында ұлттық спорт жабылады» деген дәйексіз ақпараттарға байланысты көпшілікке түсіндірме беруді жөн санадым.

Көшпенді халықтың құндылығы, мұрасы мен дәстүрі ұлттық ойындар арқылы көрініс табады. Сондықтан халқымыздың қазынасы саналатын – Ұлттық спорт түрлерін жабу деген дақпырт сөз. 

Әңгіме болып жатқан «Ұлттық спорт және жекпе-жек спорт түрлері, аула клубы» Коммуналдық мемлекеттік мекемесі Арыс қаласынан шеткі аймағында орналасқан. Мекеменің өз ғимараты болмағандықтан Арыс-Шардара тас жолы бойындағы жеке кәсіпкердің ғимаратын келісім шарт негізінде ақылы түрде жалға алып, жұмыс жасап келді.

Біз қала бюджетін үнемдеу және тиімді пайдалануды мақсат етеміз.  Сондықтан, ұлттық спортымызды насихаттау, қала орталығындағы жасөспірімдерге қолжетімді ету үшін көпсалалы спорт клубын құруды жоспарлап отырмыз. Сол арқылы бұқаралық спорт пен ұлттық спортымызды біріктіруді көздейміз.

 Бұл аталған мекемеде жұмыс жасайтын қызметкерлер жұмыссыз қалады деген сөз емес. Барлық бапкерлер жаңадан құрылатын спорт клубына ауысу тәртібімен жұмыспен қамтылатын болады. Бұл бойынша аталған мекеме қызметкерлерімен арнайы кездесіп, толық мән-жәйді түсіндірген болатынмын.  

Құрметті ағайын! 

Көшпенділер заманынан бергі кезеңге дейін келе жатқан қазақтың ұлттық спорты халқымызбен бірге дами беретіндігі сөзсіз. Сондықтан байыбына бармай, дәйексіз ақпаратқа сенбеуге шақырамын. 

Арыс қаласының спорттағы жетістіктігі артып, абыройы асқақтай берсін!

Арыс қаласының әкімі

Гүлжан ҚҰРМАНБЕКОВА”

Жәрдемақылардың жайы: Дүйсенова өзекті сауалдарға жауап берді
ҚХП, ЖСДП фракциялары Бектеновтың премьер-министр лауазымына кандидатурасын қолдамады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу