Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Осы апта Түркиядағы террорлық әрекетпен басталды. Шіркеуге жасалған қарулы шабуылдан кейін, Израильдің Дамаскіге тағы шабуылдағаны туралы ақпарат тарады. Сонымен қатар осы аптада Путиннің 2024 жылғы президент сайлауына кандидат ретінде тіркелгені белгілі болды. Stan.kz тілшісі осы және өзге де әлемдегі саяси жаңалықтарға апталық шолу ұсынады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Ыстамбұлдағы теракт
28 қаңтар күні Ыстамбұлдың Сарыер ауданындағы Санта-Мария шіркеуіне жексенбілік ғибадат күні қарулы шабуыл жасалды. Қарулы шабуылдан Тунсер Джихан есімді азамат қаза тапты.
Әділет министрі Йылмаз Тунч шабуылға қатысты тергеудің жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Шіркеуге қарулы шабуыл жасады деген Амиржон Холиков пен Давид Тандуевті қосқанда 34 күдікті Байрампаша мемлекеттік ауруханасында тексерістен өтіп, артынша сот ғимаратына жіберілді.
Фото видеодан алынды
Тергеу жүргізген Ыстамбұл бас прокуратурасы мәлімдемесі бойынша, 34 күдіктінің 13-і "қарулы ұйымның мүшесі болу" қылмысы үшін қамауға алу өтінішімен кезекші қылмыстық істер жөніндегі сот төрелігіне жіберілді. “Террористік ұйым" және оның 21-і "қасақана кісі өлтіру" және "қарулы террористік ұйымға мүше болу" баптары бойынша сотталды.
Артынша сот қаулысымен Холиков пен Тандуевті қосқанда 25 күдікті қамауға алынып, түрмеге жіберілді. Кезекші судьяның бақылауымен 9 күдікті босатылды.
"Ыстамбұл бас прокуратурасы Сарыер ауданындағы Санта-Мария шіркеуінде ғибадат кезінде шіркеуде болған Тунсер Джихан есімді азаматымыздың өлтірілуіне байланысты бастаған тергеу аясында бірққатар шешімдер шығарды. Шіркеуде оқ жаудырып, азаматымыздың өліміне себепкер болған ДАИШ қарулы лаңкестік ұйымының мүшесі күдікті Амиржон Хликов пен онымен бірге болған Давид Тандуевті қоса алғанда, 25 күдіктіге "ұйымға мүшелік және ауырлатып қасақана кісі өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалып, 9 күдіктіге қатысты сот бақылауы қаулысы шығарылды”, – деп мәлімдеді Түркияның әділет министрі Йылмаз Тунч.
Кейінгі ақпарат бойынша, оқиғадан кейін жүргізілген жұмыс нәтижесінде 51 күдікті ұсталды. Оқиғаға қатысы жоқ екені анықталған күдіктілердің 23-і іс-шараларынан кейін депортациялау орталығына жеткізілді.
Тергеу аясында ұсталған 9 күдіктінің үшеуі кейін депортациялау орталығына жөнелтілді.
Шабуыл қалай болған?
Фото: Ыстамбұл қалалық полиция басқармасы
Шабуылдың қалай жоспарланғаны және қалай жасалғаны туралы жаңа мәліметтер жарияланды.
28 қаңтар күні 31 адам мен діни қызметкер Сарыердегі Санта-Мария шіркеуінде жексенбілік ғибадат жасап жатқан. Осы сәтті ДАИШ лаңкестік ұйымына қатысы бар күдікті Амиржон Холиков пен Давид Тандуев шіркеуге қарулы шабуыл жасаған.
Бетперде киген күдіктілер көлікті жақын маңдағы аймаққа тастап, 7,65 миллиметрлік тапаншалармен шіркеу есігіне келген. Күдікті Тандуев, ғибадатқа келгендердің артқы қатарында тұрған Джиханның (қаза болған адам) басынан мылтық сабымен ұрып, шіркеудегі адамдарға оқ жаудырған. Джихан оқиға орнында қаза болған. Тандуев шіркеудегі адамдарға оқ атуды жалғастырған.
Фото: Ыстамбұл қалалық полиция басқармасы
Тандуев шіркеуде айқайлап бірнәрселер айтқан, бірақ камера дыбыс жазбағандықтан оның айтқанын анықтау мүмкін болмады. Куәгерлер ол "түсініксіз шет тілінде" сөйлегенін айтады.
Күдікті Давид Тандуев пен Амиржон Холиков қолданған қарудың тұтқасы, сырғытпасы, журналы, журналының мұқабасы табылған. Сондай-ақ олардың киген киімдері Сарыер Бахчекөй-Кемербургаз жолындағы орман аймағында тәркіленді.
Күдіктілердің 20 және 21 қаңтар күндері күндізгі және кешкі уақытта көлікпен шіркеуді және оның айналасын зерттеген.
Ислам мемлекеті ұйымы дегеніміз кімдер?
Фото: Reuters
Ыстамбұлдағы қарулы шабуылды Ислам мемлекеті ұйымы өз мойнына алды. Ұстылған күдіктілердің да осы ұйымға мүше екендері анықталған.
"Ислам мемлекеті" қысқартылған түрде ИМ, бұрын Ирак пен Леванның Ислам мемлекеті. ИГИЛ немесе ДАИШ деген атаулармен де танымал. Бұл – халықаралық исламшыл сунниттік террористік ұйым.
Лаңкестік топ бірнеше исламдық идеяларға негізделген. Ең бастысы – бүкіл планета аумағында халифа басқаратын "халифат" ислам мемлекетін құру. Бұл мемлекеттің азаматтары шариғат - Құран мен Сүннетте жазылған нормалар бойынша өмір сүруі керек. Сонымен қатар олар исламның негізгі идеяларының бірі жиһад идеясын ұстанады. Олар жиһадты 1960 жылдардағы мысырлық уағызшы Саид Құтбтың пайымына сүйене отырып, өте радикалды түрде қабылдайды. Олардың пікірінше, әлем "ислам әлемі” (халифат) және "жахилият әлемі" болып екіге бөлінеді. "Жахилият әлемі” – олар үшін надандар мен кәпірлер, имансыздар.
Топ өзінің барлық әрекетін Құранмен немесе соған негізделген үкімдермен (ижтихадпен) негіздейді.
Осыған дейін ұйым әлемдегі бірнеше террорлық әрекеттерді өз мойнына алған.
Израиль Дамаскіге бірнеше рет соққы берді
Фото: Louai Beshara/AFP
Сирия әскерилері мемлекеттік басылымдары дүйсенбі күні Израиль әуе күштерінің Дамаск маңындағы бір ауданға жасаған соққысынан бірнеше адам қаза тауып, жараланғаны туралы жазды. Оппозиция белсенділері зардап шеккен аймақ Иран қолдайтын топтардың тірегі болғанын айтты. Израиль тарапынан ешқандай түсініктеме болған жоқ.
Британияда орналасқан Сириядағы адам құқықтарын бақылау орталығы, оппозициялық соғысты бақылаушы, соққының Ливандағы Иран қолдайтын содыр Хизболла тобының және Иран қолдайтын басқа да фракциялардың мүшелері тұратын фермаға жасалғанын хабарлады.
Бұл соққыдан жеті адам қаза тапқан. Оның ішінде төрт сириялық, және Иранның әскерилендірілген революциялық гвардиясының күзетшісі бар. Басқалардың ұлты белгісіз.
Еске салсақ, қазір Таяу Шығыста жағдай ушыққан. Газада Израил – Хамас соғысы жалғасып жатыр. Алдыңғы аптада Сирия шекарасына жақын Иорданияның солтүстік-шығысында үш АҚШ әскері өлтірілген еді. Сонымен қатар АҚШ пен хуситтер арасындағы қақтығыс та аймақтаға қауіпті арттырды.
Осыдан бірнеше күн бұрын Израильдің Дамаскіге жасаған соққысы Иранның әскерилендірілген революциялық гвардиясы пайдаланатын ғимаратты қиратқан.
"Бүгін шамамен таңғы сағат 4:20-да Израиль басып алынған Сирияның Голан төбелері бағытынан Дамаскінің оңтүстігіндегі бірқатар нүктелерді нысанаға алып, әуе шабуылын бастады", – деп хабарлайды SANA әскери дереккөзге сілтеме жасап.
Әскери дереккөз Сирия әуе қорғанысы жүйелерінің зымырандардың бір бөлігін ұстап алғанын айтты.
Сирия әскері өз мәлімдемесінде Израиль зымырандары Сирияның Израиль басып алған Голан төбелері бағытынан атылып, Дамаскінің оңтүстігіндегі кейбір нүктелеріне тигенін айтты. Мәлімдемеде шабуыл салдарынан бірнеше бейбіт тұрғын шейіт болғаны және жараланғаны айтылған.
Алайда шабуылдардың ешқайсысы ресми түрде расталмады.
Өткен айда Израильдің болжамды әуе шабуылы Сайида Зейнабқа Иранның Сириядағы әскерилендірілген революциялық гвардиясының ұзақ уақыт кеңесшісі болған ирандық генерал Сейед Рази Мусавиді өлтірді.
Қаңтар айының басында Израиль жасаған соққыдан Бейрутте Хамастың жоғары қолбасшысы Салех Арури өлтірілген еді.
Путин президенттікке үміткер ретінде тіркелді: Мұның әлемге әсері қандай
Фото: kremlin.ru
Ресейдің федерация кеңесі елдегі президент сайлауын 17 наурызға белгіледі. Дауыс беру 15, 16 және 17 наурыз күндері өтеді.
Ресейдің сайлау комиссиясы дүйсенбі күні президент Владимир Путинді наурыз айында өтетін президент сайлауына кандидат ретінде ресми түрде тіркеді. Сарапшылар оның тағы алты жылдық мерзімге билікке келуі мүмкін екенін айтады.
Биліктегі "Единая Россия" партиясының кандидаты ретінде емес, тәуелсіз сайлауға түсетін Путинге 300 000 қол жинау керек. Алдын ала мәлімет бойынша Путин қазірдің өзінде 3,5 миллионнан астам адам қол жинаған көрінеді.
Путин 24 жыл бойы Ресейге басшылық еткен. Оның ішінде сегіз жыл премьер-министр ретінде қызмет атққарған. Жақтастары Путиннің бесінші рет президент ретінде жеңіске жететініне сенімді.
30 қаңтарда президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путиннің жұмыс кестесі өте тығыз, сондықтан оның сайлау алды компанияларды өткізуге уақыты аз екенін айтты. Песков Путиннің сайлау алдындағы дебатқа қатыспайтынын да айтты.
Сайлау комиссиясы келесі айда кандидаттар тапсырған қолдардың шынайылығын тексеріп, 15-17 наурызда өтетін сайлауда Путинмен бірге кім сайлауға түсетінін жариялайды.
Сайлау органы бұған дейін де кейбір кандидаттар жинаған қолдардағы немесе құжаттардағы бұзушылықтарды анықтап, оларды сайлау құқығынан айырған.
Путиннің қарсыластары кім?
Путин алдағы президент сайлауында тіркелген төртінші кандидат болды.
Бұған дейін ЛДПР партиясының жетекшісі Леонид Слуцкий , Мемлекеттік Думаның вице-спикері Владислав Даванков, сондай-ақ Мемлекеттік Думаның Коммунистік партия фракциясының депутаты Николай Харитонов тіркелген еді.
Кремльдің танымал сыншысы Борис Надеждин наурызда өтетін Ресей президенттігіне кандидат ретінде тіркелу үшін қажет құжаттарды тапсырды.
Ресейдің Украинадағы соғысын тоқтатуға уәде берген 60 жастағы жергілікті кеңесші сәрсенбі күні 40 аймақта 100 мыңнан астам қолдау қолын жинап, құжаттарды Орталық сайлау комиссиясына (ОСК) және тапсырғанын айтты. Бұл техникалық тұрғыдан президент Владимир Путинге қарсы тұруға жеткілікті.
Украинаға басып кіруді "қате" деп сынаған Надеждин Өзбекстанда дүниеге келген. Оның әкесі Кеңес үкіметі кезінде Өзбекстанда музыка мұғалімі және физик болған, ал анасы еврей.
Сонау 1998 жылы Надеждин премьер-министр Кириенконың көмекшісі болған. Содан кейін олар басқа да көрнекті демократтармен бірге Оңшыл күштер одағының (СПС) мүшелері болды.
1999 жылы Мемлекеттік Думаға кірген "Оңшыл күштер одағы" ұзақ уақыт бойы Кремльге және президент Путинге адал болған. Ол соңғы 30 жылын Ресей саясатына арнап, Мәскеу түбіндегі Долгопрудный қаласында кеңесші болып жұмыс істеген.
Ол осы сайлауға "Азаматтық бастама" партиясынан үміткер ретінде қатысады.
Надеждин соғысты тоқтату туралы үндеулерімен танымал болған. Ол соғысты “ауыр апат" деп атап, Ресейдегі "саяси тұтқындарды босатуды" қалайтынын айтты.
Фото: Сергей Мальгавко/ТАСС
"Ресей Бүкілхалықтық Одақ" партиясының жетекшісі Сергей Бабурин 30 қаңтар күні президент сайлауынан өз кандидатурасын алып тастады. Ол бұл шешімін Путиннің қолдауымен түсіндірді.
Ресей Либералдық-демократиялық партиясынан мемлекеттік думаның депутаты, Халықаралық істер жөніндегі комитеттің басшысы Леонид Слуцкий де президенттікке үміткерлер қатарында.
Леонид Слуцкий студенттік жылдарыдан бастап саясатқа қызығушылық танытты. 1988 жылы институт комсомол комитеті хатшысының орынбасары болды.
1991–1992 жылдары Леонид Слуцкий Ресей өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының (РСПП) атқарушы комитетінің кеңесшісі қызметін атқарды. 1992-1993 жылдары Слуцкий Мәскеу мэрі Юрий Лужковтың кеңесшісі болды.
Леонид Слуцкий 2003, 2007, 2011, 2016 және 2021 жылдары Мемлекеттік Думаның депутаты болып қайта сайланды. Саясаткер – ЛДПР фракциясының мүшесі.
2014 жылы Леонид Слуцкий Қырымның Ресейге қосылуын белсенді түрде қолдаған. Ол референдумнан кейін АҚШ, Еуроодақ және Канада тарапынан санкцияларға ұшыраған алғашқы ресейлік саясаткерлердің бірі болды.
Мемлекеттік Думаның вице-спикері, президенттікке үміткер Владислав Даванков президент сайлауында жеңіске жеткен жағдайда Ресейдегі муниципалитет басшыларының тікелей сайлауын қайтаратынын айтты.
Владислав Даванков 2013 жылдан бері Faberlic вице-президенті болып жұмыс істейді. 2020 жылы компанияның негізін қалаушы Алексей Нечаев NL партиясын құрды, оған Даванков мырза қосылды. 2021 жылы партиядан Мемлекеттік Думаның депутаты болып сайланды, 8-ші шақырылымдағы Мемлекеттік Думадағы NL фракциясы басшысының бірінші орынбасары және вице-спикер қызметтерін атқарды. 2024 жылы 5 қаңтарда Ресейдің Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Владислав Даванковты "НЛ" партиясынан президенттікке кандидат ретінде тіркеді.
Путиннің билікке келуі әлемге қалай әсер етеді?
Путиннің қайтадан 6 жылдық мерзімге сайлануына қатысты сарапшылардың пікірі екіге жарылды.
Әлемдік саясат контекстінде кейбір елдер Путиннің билікке қайта оралуын қиын фактор ретінде қарастыруы мүмкін дейді сапаршылар. Ресей үшін Путин тұсындағы ішкі саясаттың да салдары болуы мүмкін. Мысалы, бұл саяси бостандықтың одан әрі шектелуіне, авторитарлық тенденциялардың күшеюіне және азаматтық қоғамның жойылуына әкелуі мүмкін.
Ал кейбір сарапшылар Ресейдің АҚШ, Еуропалық Одақ, Қытай және т.б. сияқты басқа елдермен қарым-қатынасы Путин қабылдауы мүмкін саяси шешімдер негізінде сыналуы мүмкін екенін айтады. Ресейдің басқа аймақтардағы қақтығыстарға араласуы да Путиннің президенттігімен байланысты және халықаралық қатынастарда шиеленіс тудыруы ықтимал екенін айтады. Оның басшылығымен жүргізілген экономикалық саясат жаһандық экономика мен тұрақтылыққа да әсер етпек дейді сарапшылар.