«Маған шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды». Президент Қаңтар оқиғасы туралы не деді?

Oinet.kz 03-01-2024 618

sddefault.jpg 

«Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі жыл бұрын болған қасіретті Қаңтар оқиғасын еске алды.

-Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасі­ретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-эко­но­­микалық проблемалар, жалпы тоқы­раудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт.

Мен 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз сая­си жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Реформаларды әзірлеуге және оны жүзеге асыруға қоғам өкілдері, белсенді азаматтар, сарапшылар қатысты. Түрлі диалог алаңдарында, соның ішінде, менің ұсы­нысыммен арнайы құрылған Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің отырыс­тарында көптеген бастама көтеріліп, жан-жақты пысықталды,-деген Мемлекет басшысының айтуынша,  алайда бұл реформалар  кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнамаған.

- Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады. Жоғары лауазымды тұлғалардан тұра­тын бұл топтың күштік құрылым­дарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билік­ті күшпен басып алуға бел буды. Тергеу мәліметтеріне жүгінсек, олар 2021 жылдың ортасына таман да­йын­дыққа кіріскен. Сосын Үкімет сұйы­тылған газдың бағасын күрт өсіру туралы жан-жақты ойластырылмаған, құқық­тық негізі жоқ шешім қабылда­ды. Маң­ғыстау облысында арандатушы­лар­дың айтағына ілескен жұрт шеруге шықты,-деген Қасым-Жомарт Тоқаев осындай қиын кезде өзіне шетелге қашу туралы ұсыныстың айтылғанын мәлім етті.

-Сол кездегі ахуал өте күрделі болды, еліміз құрдымға кетуге шақ қалды. Бұған жол бермеу үшін барлық іс-әрекетті күндіз-түні және сағат сайын тікелей өзім бақылап отырдым. Ішкі істер министрлігі арқылы Ақорда резиденциясына түрлі шабуыл жасалғалы жатыр, соған жүк көліктері пайдаланылады деген ақпарат жетті. Маған бас сауғалап, резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды. Бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Теледидар арқылы жасаған мәлімдемелерімнің бірінде қандай жағдай болса да жұмыс орнымда қалатынымды ашық айттым. Екі апта бойы тапжылмай, Ақордада болдым, күн-түн демей, шұғыл жиналыстар өткіздім. Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет еді,-деді Мемлекет басшысы.

 


Қайда біздің «Жаңа Қазақстан»? Мұнайшылар Тоқаевқа тағы үндеу жолдады
Қауесет пен ақиқат. Арыстан баб кесенесінен шу шығару кімдерге тиімді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу