Қауесет пен ақиқат. Арыстан баб кесенесінен шу шығару кімдерге тиімді?

Oinet.kz 04-01-2024 599

 97c926db-b3d0-4970-9a7d-545c72a2df6c.jpg

Бүгінде  ақпараттың көбі әлеуметтік желі арқылы тарайтыны рас. Әлемжелі арқылы  Президенттен бастап, әкімдерге дейін үндеу арнау, көмек сұрау қазір қалыпты жағдай. Бірақ кейде осындай ақпараттардың арғы жағында бос байбаламның барын да жоққа шығаруға болмайды.  Созбақтамай, әңгіменің төркініне көшсек.

Жаңа жылдың алдында фейсбук желісінде Арыстан баб кесенесіне қатысты материал жарияланды. Үнемі дау-дамай мен айқай-шудың ортасында жүретін  әлеуметтік желі белсендісіне сұхбат берген Арыстан баб кесенесінің алдында сауда-саттықпен  айналысатын Ержан Есжан есімді азамат кәсіпкерлерге қиянат жасалып жатқанын, оны облыс әкімінен бастап аудан әкіміне дейін шеше алмағанын, жер тауып бере алмағанын мәлім етті. Бұдан әрі ол кезінде «Отырар» музей-қорығында директор қызметін атқарғанын, қазіргі уақытта жер асты сулары көтерілуінен Арыстан баб кесенесінің құзданып жатқанын жариялады. Сұхбат барысында аталған мәселелер мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның назарына ұсынылды.  Отырарға осыдан жиырма жыл бұрын әкім болған Қуаныш Айтахановтың да аты аталды. Жер дауы, госакті, келісім-шарт... Көпшіліктің осындай үзіліп-жұлынып, шала-шарпы берілген материалдан ештеңені ұқпағаны айдан анық. Сонда не басы, не аяғы жоқ  мәселені әлеуметтік желіге шығарудағы мақсатты түсіне алмадық? Бүкіл мұсылман жұрты тәуеп еткен, республикалық маңызы бар мәдени нысан- Арыстан баб кесенесі неге құзданып жатыр? Шенеуніктер кәсіпкерлерге неге қысым жасайды? Облыстың басшысының өзі шеше алмайтын бұл неғылған жер дауы? Осы сұрақтарға жауап табу үшін біз «Отырар»  мемлекеттік археологиялық музей-қорығына арнайы барып қайтқан едік. Соныменен мәселенің мәнісі қайда жатыр?

Аталған музей-қорығының директоры  Жангелді Махашовтың айтуынша, бұл жерде арызданушы Ержан Есжан көпшілікті шатастырып отыр.

-«Арыстан баб кесенесі құзданып жатыр» деген шындыққа сәйкес келмейді. Бір кездері кесене тұрған аумақтағы жер асты суларын төмендету үшін  дренаждар қазылған. Олар қалыпты жұмыс істеп тұр. «Кәсіпкерлерге қиянат жасады» деген де өтірік.  Ержан Есжан мен Айнаш Пәрменқұл қарашада облыс әкімінің жеке қабылдауына да кірген. Сол жерде мен де болдым. Айнаш Пәрменқұл өзін жәбір көрген, әділетсіздікке ұшыраған азамат ретінде көрсетіп,  облыс басшысына әлі соттасып жатқанын мәлім етті. Бірақ шын мәнінде Есжан Ержан мен Айнаш Пәрменқұл айтып отырған жер дауына  қатысты сот процестерінің бәрі біткен. Жоғарғы сотқа дейін арызданған. Жазған шағымдары қанағаттандырылмаған. Тіпті сот шешімін орындамағаны үшін жаупкерлерге айыппұл да салынған. Алайда А. Пәрменқұл «әлі соттасып жатырмыз» деп, облыс басшысына жалған мәлімет берді. Осылайша талаптарын орындату үшін өздеріне қатысты емес мәселеге барып килігуді де әдетке айналды. «Жерді менен алып, басқа біреуге бермекші» деген қисынсыз ақпараттарды да таратты. Мұндағы мақсат не? Бос байбалам арқылы музей басшылығына сес көрсету ме?-деген директор жер дауына қатысты мәселемен айналысқан бөлім басшысы Нұрсұлтан Бекешовты шақырды. Енді жер дауына қатысты мән-жайға тоқталайық.

Бөлім басшысының айтуынша, 2019 жылы Мәдениет министрлігі мен Отырар ауданы әкімдігі бірлесіп, музейге қарасты Арыстан баб кесенесі мен Отырар қалажұртының айналасын абаттандыру, туристерге жағдай жасау шараларын қолға алған.  Осы бастаманың нәтижесінде біршама жұмыстар атқарылады. Соның ішінде Арыстан баб кесенесінің аумағында ретсіз салынған нысандардың мәселесі  қозғалған.

3c3d2ed1-3adf-4b68-92f1-6047e5417e1b.jpg

-Кесене қақпасының сол жақ бөлігінде екі сауда орны бар.  Оның біреуі қақпаға жапсарлас салынған    30 шаршы метрді құрайтын Орынша Сүлейменова отырған нысан, екіншісі Айнаш Пәрменқұлға тиесілі жылжымалы дүңгіршек. Ержан Есжан осы Орынша Сүлейменованың ұлы әрі сенімді өкілі. Ол кісі бір кездері музейде бөлім меңгерушісі, одан кейін директор қызметін атқарған. 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдығы кезінде «Отырар» музейі Арыстан баб кесенесінің аумағын демеушіледің қаражаты есебінен абаттандыру жұмыстарын қолға алған. Демеушілерден біраз ақша түскен. Сол кезде Арыстан баб кесенесінің алдындағы қазіргі қақпа салынады. Ержан Есжан сол кезде музей қызметкері ретінде ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрген. Орынша Сүлейменованың айтуынша, ол осы кездері қақпаны салуға көмек көрсеткен екен. Ұсталардың ақысын төлеп, материалдар алып бергенге ұқсайды.  Осыдан кейін музей ұжымының жалпы жиналысының негізінде оған сауда жасау үшін қақпаға жапсарлас салынған нысан- 30 шаршы метр жер берілген.  Ол кәсіпкер ретінде музей басшылығымен келісім-шарт жасасқан. Ал, Айнаш Пәрменқұлға дүңгіршегі орналасқан жер 2007 жылы  музей басшысымен жасасқан келісім-шарт негізінде берілген. Алайда екі келісім-шарт та сол кезде заңға қайшы жасалған. Неге десеңіз, жарғы бойынша музей меншігіндегі жерді, мүліктерді басқа біреуге жалға беруге, сыйлауға немесе кепілге қоюға болмайды. Мұны жылжымайтын мүлік және жекешелендіру комитеті Мәдениет министрлігінің келісімімен ғана ғана жүргізе алады. Кейін екі кәсіпкер жоғарыдағы келісім-шарттарын алға тартып, жерлеріне мемлекеттік акті алуға әрекет еткен. Алайда уәкілетті органдар келісім шарт заңсыз жасалғандықтан мемлекеттік акті беруден бас тартқан. Бірақ осы уақытқа дейін Сүлейменова да, Пәрменқұл да заңсыз отырғандарына қарамастан саудаларын жасап отыр. 2019 жылы кесене аумағын аббаттандыру  басталған соң Мәдениет министрлігінің тапсырмасына сәйкес екі кәсіпкердің қызметін тоқтату шараларын бастадық. Соттасудың алдында кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілді. Кесененің аумағында сауда –саттықпен айналысатын кәсіпкекерлерге арналған арнайы орын бар. Қазір онда жеті кәсіпкер жұмыс істейді. Біз Сүлейменова мен Пәрменқұлға сол жақтан орын ұсындық. Алайда олар ұсыныстан бас тартты. Осыдан кейін Түркістан облыстық экономикалық сотының  төрелігіне жүгінуден басқа амалымыз қалмады,-дейді Нұрсұлтан Бекешов.

Бөлім басшысы бізді құжаттармен де таныстырды. Даулы жерлерге қатысты сот шешімдері 2021 жылы шыққан екен. Сүлейменованың ісі бойынша алғашқы сотта талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған. Алайда облыстық соттың апелляциялық алқасы алғашқы соттың шешімін өзгертіп, талап арызды қанағаттандырады. А.Пәрменқұлға қатысты іс екі сатыда да толығымен музейдің пайдасына шешілген. Бұдан кейін екі кәсіпкер Жоғарғы сотқа кассациялық шағым берген. Алайда Жоғарғы сот істі қайта қараудан бас тартқан. 

-Осыған қарамастан жауапкерлер 30 шаршы метрлік ғимараты босату, дүңгіршекті алып тастау туралы сот шешімін орындамай отыр. Орындамағаны үшін оларға әкімшілік айыппұл да салынған.  Ержан Есжанның бармаған жері, баспаған тауы қалмады десем де болады. Аудан әкімінен бастап прокуратура, облыс әкімінің, мәдениет министрінің қабылауында да болған.  Айнаш Пәрменқұлдің күйеуі бұрын осы музейде шаруашылық меңгерушісі болып істеген екен. Ол сот барысында дүңгіршекті басқа бір азаматқа сатқан болып шықты. Сотқа ол да шақырылды. Әйтеуір, қос кәсіпкер қолдан келген әдіс-тәсілдің бәрін жасады. Дәл қазір сот процестерінің бәрі біткен. Оны тек орындау ғана қалып отыр. Алайда жауапкерлер оны орындаудың орнына әлеуметтік желі белсенділерін жағалап, қисынға келмейтін түрлі әңгімелерді қоздатып жатыр. Мұның астарында не жатқанын аңғару қиын емес, -деді бөлім басшысы.

Директор Жангелді Махашов кейде азаматтар тарапынан кесене мен музейге қатысты орынсыз сындардың айтылатынына қынжылыс білдірді.

- Әлеуметтік желіде музейге келген туристерге қонақ үйдің нашар қызмет көрсететінін немесе кесене аумағында кәдесыйлардың тым қымбатқа сатылатыны туралы реніштер жазылып жатады. Менің айтарым, туристерге мұндай қызметтерді жеке кәсіпкерлер  көрсетеді және олардың жұмысына музей емес, басқа мекемелер  арқылы рұқсат беріледі,-деді директор.

Айтпақшы, біз музейден «Дала археологы», «Музей адамы» атанған, «Отырар» мұражайының негізін қалаған Асантай Әлімұлының ұлы Марен Әлімовті де жолықтырдық.  Ол кісі әкесінің алғашқы мұражайды Темір ауылынан ашқанын, бүкіл ғұмырын Отырар алқабын зерттеуге, жәдігерлер жинауға арнағанын, қазіргі уақытта  музейден әкесіне арнап арнайы бұрыш ашылғанын атап өтті. Жалпы соңғы жылдары қазақ өркениетінің алтын бесігі атанған Отырарда біршама оң тірліктер бар. Отырар қалажұртында Мәдениет миинстрлігі тарапынан біраз нысандарға қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.  Туристерге қызмет көрсететін заманауи Сапар орталығы салынды.   Алда әлі де көптеген ауқымды жобалар бар.

Ал енді осындай оң өзгерістерден кейін Арыстан баб кесенесінен шу шығару кімдерге тиімді? Қауесеті қайсы, ақиқаты қайсы? Мұның жауабын беруді мәртебелі оқырманың өзіне қалдырдық.

1c56d49b-00a6-4ce2-a6a0-6ca3eeb1b457.jpg

 


«Маған шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды». Президент Қаңтар оқиғасы туралы не деді?
Қайрат Балабиев, Мәжіліс депутаты: Президент пен халықты алдап не керек?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу