«1990 жылы 25 қазан сағат 18.55-қабылданған маңызды шешім»: Қайта оралған Республика күні

Oinet.kz 24-10-2023 627

1990 жылы 25 қазанда сол кездегі астана - Алматыда Егемендік туралы декларация қабылданады. Республика күнінің тарихы осы 1990-жылдардан бастау алады. Егемендік туралы декларация - еліміздің тәуелсіз болуына жол ашқан маңызы бар құжат болды. Massaget.kz тілшісі тарихқа шолу жасап, қайта оралған ұлттық мереке жайлы баяндайды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Screenshot_31.jpg

1988-1990 жылдары көптеген ел егемендігін жариялай бастайды. Оның ішінде Қазақстан да бар. Саясаттанушы Сейдахмет Құттықадамның сөзінше, бұл халықтың көңілі көтерілуіне де себеп болған (дереккөз - ПТРК). 

1990 жылы сәуірде одақтас республикалардың КСРО құрамынан шығу мәселесін реттеу туралы заң қабылданады. Ол жерде референдум арқылы халық өз тағдырын өзі шешеді және халықтың қалауы жоғарғы кеңесте талқыланады делінген. 

Сол кезде Тәуелсіздік алудан айнытуға оқталғандар да болған екен. Басылымдарда егемендік ел мұраты екенін айтып, тәуелсіздіктің маңызы туралы айтқандар болса, кейбіреулер "өңірлер тәуелсіздік жөнімен оқшауланған сайын, дефицит асқынбай" деп жанашырлық танытқансыған. Алайда одақтас елдер кезегімен декларациясын жариялай бастады. 

1990 жылы 16 шілдеде Украина, 27 шілдеде Беларусь, 23 тамызда Армения, 24 тамызда Тәжікстан егемендігін жариялай бастады. Сол кезде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі де шұғыл комиссия құрып, декларацияны дайындауға кіріседі. Бұл топты заңгер, академик Салық Зиманов басқарады.  

1990 жылдың 25 қазаны - мемлекет тағдыры шешілетін күн болған

Бұл күнгі жоғарғы кеңестің отырысы әдеттегідей өте салмаған. Себебі күн тәртібінде - Тәуелсіздік декларациясын қабылдау мәселесі тұрды. Заң жобасын талқылауға қатысқан 360 депутаттың 10 пайызы қарсы шығып, алты сағат талқылаудан кейін кешкі 18.55-те Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы қабылданады. Осылайша Қазақстан өзінің саяси-құқықтық негізі қалыптасқан, дүниетанымы, дәстүрі мен мәдениеті қалыптасқан ел екенін паш етті. Декларацияда Қазақстан халқы Қазақ КСР-індегі егемендіктің жалғыз иесі екені және республиканың аумағы бөлінбейтіні, оған қол сұғылмайтыны жазылған. 

Артынша Қазақстан халықаралық ұйымдарға мүше бола бастады. Декларация арқылы елімізде биліктің үш тармағы қалыптасады. 

Қайта оралған ұлттық мейрам

2022 жылы 16 маусымда Ұлытау облысында тұңғыш рет Ұлттық құрылтай өтеді. Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел үшін маңызды мәлімдеме жасайды. 

"Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды.

Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек", - деген еді Мемлекет басшысы. 

Осылайша 2022 жылы 29 қыркүйекте Республика күні заңды мереке ретінде жария етілді. 

Марат Бекетаев тұтқындалатын күні елден қашып кетпек болған
Тоқаев халыққа сөзі өтімді азаматтарға ескерту жасады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу