Марат Бекетаев тұтқындалатын күні елден қашып кетпек болған
Тұтқынға алынған бұрынғы әділет министрі елден қашып кетпек болған.
Orda.kz порталының жазуынша, 21 қазан күні жауапкершіліктен сытылу үшін таңертең ол Стамбулға, одан әрі Лондонға ұшпақ болған. Экс-министр біраздан бері ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүрген. Қылмыстық іс бойынша ол алдымен куәгер болған, кейін күдіктіге айналған.
Тергеу амалдары халықаралық сот процестеріне қатысты жүргізілген. Сот процестерін Бекетаевтың қатысы бар Bolashak Consulting Group компаниясы жүргізген. Сонымен бірге Бекетаев Мәсімов арқылы шетелге активтерді шығарды деген күдікке іліккенге ұқсайды.
Бекетаев тергеу амалдарының беталысынан қорқып, 21 қазанда таңертең бөтен адамның көлігімен әуежайға келіп, «Астана-Стамбул-Лондон» бағытына билет алған. Ол осы кезде ұсталған.