Байден президент болуға тым кәрі
Сексен жастағы АҚШ президенті Джо Байден президенттікке екінші қайтара түсе алмайды. Себебі ол мемлекет басшысы болуға тым кәрі. АҚШ-та жүргізілген сауалнаманың нәтижесі осылай дейді.
Дәлірегі Байден 2024 жылы өтетін президент сайлауында бақ сынауға тым кәрі. Мұндай пікірді сауалнамаға қатысқан сайлаушылардың 73 пайызы білдірген.
АҚШ-тың бұрынғы президенті, Байденнен 3 жас кіші Дональд Трамптың да жасы келіп қалған. Сондықтан көпшілік оны да президент ретінде көргісі келмейді. Мұндай пікірді сауалнама қатысқандардың 47 пайызы білдірген.
Сонымен бірге респонденттердің 60 пайызы «Байден президент болуға моралдық тұрғыдан дайын емес» деп есептейді. 49 пайызы Трамптың президенттік міндетті ойдағыдай атқара алатынына сенбейді.
Айта кетері, сауалнамаға 1,5 мың адам қатысқан.
АҚШ-та президент сайлауы келесі жылдың 5 қарашасына жоспарланған. Бұл АҚШ тарихындағы 60-ыншы президент сайлауы. Сайлаушылар елдің 47-інші президентін таңдауы тиіс.
Джо Байден бұл додаға Демократиялық партияның атынан түсетінін биыл сәуірде мәлімдеп қойған болатын. Ал, Дональд Трамп Республикалық партияның атынан бақ сынайтынын былтыр қарашада жариялаған.