Тоқаев пен Мирзияев бірін-бірі қайталады

Oinet.kz 06-09-2023 549

«Үкімет отставкіге кетеді» деген сарапшылардың болжамы теріске шықты. Жылдағы дәстүр бойынша 1 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы үкіметтің отставкісі туралы ләм-мим демеді. Тым құрыса Үкіметің жұмысына сын да айтқан жоқ. Бірақ «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» ғой. Президент Жолдаудан кейін отставкіге бергісіз кадрлық ауыс-түйіс жасады.

Screenshot_8.jpg

Президент құрылымдық және кадрлық өзгерістерді  алдымен өзінің аппаратынан бастады. Президент Әкімшілігі енді басты «саяси штаб» ретінде мемлекетті әлеуметтік-экономикалық дамытудың стратегиялық бағыттарына, ішкі және сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік, құқық және кадр саясаты мәселелеріне барлық күш-жігерін жұмылдыратын болды. 

- Қазір кадр тапшылығы өзекті мәселе болып тұрған кезде мұндай қадам өте маңызды. Жоғары лауазымға ие болғысы келетіндер көп, бірақ олардың біліктілігі тиісті талапқа сай келмейді. Демек, кадр мәселесін міндетті түрде қолға алуымыз керек, сапалы мамандар тәрбиелеу қажет. Бұл ретте саяси партиялардың кадрлық әлеуетін де пайдаланған жөн,- деді президент.  

Жалпы, осы жерде мынандай бір қызық нәрсе бар. Естеріңізде болса, былтыр Қазақстанда Тоқаевтың бастамасымен конституциялық реформа жасалды.  Маусымда осыған байланысты рефрендум өтті. Бұдан кейін Тоқаев президентік мерзімге қайта сайланды.  Биыл сәуірде Шавкат Мирзияев Ата Заңға өзгеріс енгізіп, сәуірде референдум ұйымдастырды. Шілдеде өткен сай лауда президентік постқа кезекті рет қайта сайланды. Тамызда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев президент әкімшілігінің жаңа құрамын бекітті. Осы реформаға сәйкес елде Президент аппаратының басшысы мен оның орынбасарларының  лауазымдары жойылды. Оның орнын президенттің әр сала бойынша жауап беретін көмекшілері басты. Көмекшілердің саны 11-ге дейін көбейді. Мирзияев бір көмекшілікке өзінің үлкен қызы Саида Мирзияеваны тағайындады.   Шамасы, оның осындай басқару тәсілі Тоқаевқа ұнап қалса керек.

Бірақ Тоқаев өзбекстандық әріптесінің реформасын бас салып көшіре салған жоқ. Елде Президент әкімшілігінің басшысы лауазымы сақталып қалды. Есесіне оның бірнеше орынбасарларының штаты қысқартылды. Олардың орнын әр сала бойынша жауап беретін Президенттің көмекшілері басты. Сонымен бірге Президент әкімшілігіндегі бөлімдердің саны азайды... Байқағандарыңыздай, Тоқаев пен Мирзияев бірін-бірі қайталап жатыр.  

Жаңа өзгерістерден кейін Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменовтен (артынша ол Ұлттық банктің төрағасы болды) бастап, қатардағы орынбасарлар қызметтерінен босатылды. Бөлім басшылары жаңарды. 

Осы ауыс-түйісте президенттің көмекшісі Әсет Исекешев те қызметінен кетті. Әсет Исекешев уақтысында тұңғыш президенттің көмекшісі болған. Еңбек жолында вице-премьер, министр қызметтерін атқарды. 2016 жылы Астана қаласының әкімі, 2018 жылы Президент әкімшілігінің басшысы лауазымдарында істеген. 2020 жылы ол президенттің көмекшісі, сонымен бірге Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметін қоса атқарды. Яғни, осы жылдары ол Тоқаев пен Назарбаевқа қатар қызмет етті. Дәлірегі Тоқаев пен Назарбаев әкімшілігінің арасындағы байланысты үйлестіруші болды десек қателеспеуміз мүмкін.  Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаевқа толық билік тиген соң ол президенттің көмекшісі қызметін атқарып келген еді «Исекешев сияқты білікті кадрдың жерде қалуы мүмкін емес, ол министр немесе вице-премьер болады» деген болжам әзірге расталмай тұр. 

Тоқаевтың кадрлық реформасының аясында билікке Қанат Бозымбаев қайта оралды. Бозымбаев уақтысында Жамбыл, Павлодар облыстарының әкімі, энергетика министрі, Президент Тоқаевтың көмекшісі болған. Ол 2022 жылдың жазында Алматы облысының әкімі лауазамынан босатылғалы бері жұмыссыз отырған болатын.  Бозымбаев бұл жолы билікке Президенттің кеңесшісі болып оралды.  

Тоқаев Үкіметте де құрылымдық өзгерістер жасады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің құрамынан Су ресурстары және ирригация министрлігі бөлініп шықты. Жаңа министрліктің тізгінін биыл ағын судан әбден тарығып, төтенше жағдай жариялауға дейін барған Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов тағайындалды.  Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі таратылып, оның орнына Көлік министрлігі, өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылды. Туризм және спорт министрлігі, сонымен бірге Мәдениет және ақпарат минстрлігі пайда болды. Дәлірегі қайта құрылды. Соңғы екі министрлік елімізде бұған дейін де болған. 

Байден президент болуға тым кәрі
Forbes Kazakhstan-ның миллионерлер туралы рейтингісі өтірік пе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу