Жолы болғыш Жолдасов Гүлмира Сатыбалдының ісінен қалай сытылып кетті?
Шымкентте қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы төтенше жағдайлардың салдарын жою тәсілімен «Бадам» өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарын конкурссыз 4,8 млрд теңгеге тікелей сатып алуды жоспарлаған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
-Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша тапсырыс берушімен бір көзден сатып алу әдісі рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурс тәсіліне өзгертілді. Сондай-ақ, осыған ұқсас тағы екі лот бойынша сатып алу тәсілін негізсіз таңдағаны үшін уәкілетті орган қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бұрынғы басшысы Е.Жолдасовты әкімшілік жауапкершілікке тартты,-деп хабарлады департамент басшысы. Кейбір ақпараттарға қарағанда Жолдасовқа әкімшілік айыппұл салынған көрінеді.
Ержан Жолдасов жоғарыда аталған басқарманың басшылығынан шілденің ортасында босатылған болатын. Ол сол шілдеде “SHYMKENT” ӘКК” басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалған.
Естеріңізде болса, былтыр құзырлы органдар Қайрат Сатыбалдының бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға тиесілі «Ария-Жаңа Астана» компаниясының Шымкентте тендерге қатысып, бюджеттің 747 миллион теңгесін талан-таражға салғанын жария етті. Осы іске қатысы бар деген күдікпен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының лауазымды қызметкерлерінің, дәлірегі басқарманың басшысы мен оның орынбасарының үстінен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болған. Сол жылдары Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қызметін Ержан Жолдасов атқарған.
Гүлмира Сатыбалдының Шымкентте бюджет қаржысын талан-таражға салуы бойынша қозғалған қылмыстық іс әлі күнге сотқа түскен жоқ. Ал осы іске қатысы бар деген Ержан Жолдасов көп ұзамай жоғарыда аталған қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы лауазымына ауысып келген. Міне, бұл жақтағы шикі тірліктері үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Енді одан әрі “SHYMKENT” ӘКК” басқарма төрағасының орынбасарының креслосына ауысты.
Осыдан кейін Жолдасовтың жолы болғыш шенеунік екендігіне таңқалмай көріңіз. Бұл кімнің арқасы?
«Рейтинг» газеті, 29 тамыз 2023 жыл.