Аюпов тұтылды, Әбдірахымов құтылды

Oinet.kz 29-08-2023 727

 Screenshot_4.png

Кентау мен Түркістан облысының бұрынғы әкімі, оның ортасында  Түркістан облысы әкімінің орынбасары лауазымын  атқарған, қызмет барысында өзін жаңашыл, креативті шенеунік ретінде танытқан Рашид Аюповтың ісі бойынша Астана қалалық мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі соты үкім шығарды. Былтыр жаздан бері жалғасып келе жатқан іске төрелік айтылды. Аюпов өзіне тағылған барлық айыптар бойынша кінәлі деп танылды. Дәлірегі ол «ірі көлемде алаяқтық жасады» деген бап бойынша  кінәлі деп танылғанымен қылмыс мерзімінің ескіруіне байланысты жаза өтеуден босатылды. Ал «пара беруге айдап салу» айыбы бойынша 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

 Аюповтың қылмыстық ісі де «креативті» болып шықты. Шенеунік осыдан 10 жыл бұрын жасаған қылмысы үшін 10 жылға сотталды. Мұндай жағдайды бұрын-соңды болып  па еді? Мемлекеттік қызметте сәтімен  сатылап өсіп келе жатқан Аюповтың карьерасы осылайша  ойда-жоқта кілт үзіледі деп кім ойлапты дейсіз.

Бұған дейін прокурор соттан Аюповты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұранған болатын. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Аюповтың бизнесмен Қожабаевтан 2013 жылы  2,8 миллион доллар  ақша алғаны толығымен дәлелін тапқан. Бұған Аюповтың сол  2013 жылы  сатып алған дүниелері, аударған ақшалары басты дәлел ретінде қарастырылған. Көкқағаздарды бизнесменнен чемоданмен алған ол бірнеше айдың ішінде 13 миллион теңгеге көлік, 82 миллион теңгеге үй сатып алған. Депозитке 30 миллион теңге салып, бауырына 26 миллион теңгеге үш «Камаз» көлігін, 7 миллион теңге баспана әперген. Ал осы істің басы-қасында жүрген екі азаматтың біріне 20 мың, біріне 10 мың доллар берген. Осыншама шығындардың жалпы жиынтығы 152 миллион теңгеден асқан. Бұл сол кездегі доллардың курсымен есептегенде 1 миллион долларды құрайды. Сот Аюповтан мемлекетке  422 миллион теңге өндіруге үкім етті. Бұл сома қазіргі доллардың курсымен есептегенде 1 миллион доллардың шамасындағы қаражат. Яғни, Аюпов алды деген 1 миллион доллардыі орны бар деген сөз. Сонда қалған 1,8 миллион доллар қайда кетті?

Айтпақшы,  Аюпов алдын ала тергеу барысында кінәсін толық мойындаған. Алайда сотқа келгенде күрт айнығанға ұқсайды. 2022 жылдың жазында ол бизнесмен Сайдулла Қожабаевтың ұлы  Еркебұлан Ильясовпен Шымкенттегі барлардың бірінде кездескен. Екіарадағы сөздер жасырын жазылған. Әңгіме барысында Ильясов әкесінің Аюпов пен Әбдірахымовтың үстінен антикорға арызданғанын хабарлайды. Сонымен бірге Ильясов  10 жыл бұрын әкесін «Шымкент шоу» деп атаған адамның ақша сұрап,  бопсалағанын,  осы кездері Аюповтың өзінің көмегін ұсынғанын айтады. Бұдан кейін олар «Түркісіб» туралы әңгіме қозғаған (шамасы, «Түркісіб» сол жылдары салынған нысан. Әбдірахымовқа арналған ақша осы нысанның құрылысын тендерде ұтып алу үшін берілгенге ұқсайды)   

Алайда екіарадағы әңгіме барысында Аюпов:

- Бұған менің не қатысым бар, мұндай болған жоқ,- дегенді айтады. Ол Ильясовқа әкесіне айыптаудан өзіне қатысты жерлерді алып тастау қажеттігін айта баруды ескертеді. Ол берілген ақшаның тек 100 мың долларын ғана алғанын, сонымен бірге   Әбдірахымовқа қарсы компромат бере алатынын мәлім еткен.  Алайда оның нендей компромат екендігі құпия күйінде қалған.

Айтпақшы, ақпарат құралдарында жазылған мәліметтерге қарағанда, сот барысында антикордың қызметкерлерінен де жауап алынған. Олардың айтуынша,  тергеу барысында Аюпов алғашқыда Әбдірахымовтың қыломыстарын әшкерелеуге келісімін берген, алайда сөзінде тұрмаған көрінеді.

Ал енді Аюповтың өзі сотта не деді? Ол бәрі алдын ала жасалған сценарий екендігін қайталап айтудан жалықпаған. Әу баста ол бұл істің Әбдірахымов пен Шөкеевті «отырғызу» үшін жасалғанын мәлімдеді. Аюповтан оларға қарсы куәлік ету талап етілген. Ол бұған келіспеген. Антикор мен прокуратура басшыларының Әбдірахымовпен арада текетірес болған.

-Олар басқаларды отырғызу үшін мен сындырмақ болды. Мен әлі де болса әділетті шешім болатынына сенемін. Мен егер сол жылдары Қожабаев пен Ильясовты танымасам, мен оларды қалайша пара беруге айдап саламын? Егер сендердің Әблдірахымовпен араларыңда мәселе болса, оған мені  араластырмай шешіңдер,-деген Аюпов сот барысында. Экс-әкімнің бұл сөзіне қаншалықты сенуге болады?

  Аюповтың айтуынша, өзінің ісі бойынша мәліметтер Президентке баяндалған. Мемлекет басшысы істі заң шеңберінде тергеуді тапсырған. Алайда тергеушілер заңды белшесінен басқан. Сонымен  бірге президентке де жалған мәліметтер берілген.

-Егер олардың айтқан бір сөздері рас болса, мен бұлайша қиналмас едім. Әбдірахымовқа қатысты жауап ала алмаған соң осылай істеді. Егер мені ақша алу барысында ұстаса, түсінер едім, оның бірі де жоқ,-дейді ол. Осыдан кейін Аюпов Түркістан қаласының әкімі болған жылдары Түркістанға бюджеттен көп ақша бөлінгенін, бірақ осы жылдары ешқандай қылмыстық істерге шатылмағанын алға тартыпты.

Алайда АюповТүркістанға әкім болған жылдары қалалық әкімдігінің ғимараты мен қаладағы жалғыз мәдениет үйі сатылып кетті. Оның бұдан басқа қандай тірліктер атқарғанын өзі басымыз еске түсіре алмадық. Аюповқа өзіне қатысты іске президентті, Шөкеевті араластыру не үшін қажет болды?   

Ақшаның Аюповқа қалай берілгені сот барысында жауап берген куәгер Бағлан Нұргелдиевтің сөздерінен байқауға болады. Нұргелдиев бизнесмен Сайдулла Қожабаев қожайындық ететін Кентау трансформатор зауытының бұрынғы қызметкері, кейін ол Аюповтың арқасында Премьер-министрдің кеңесесіне жұмысқа ауысқан көрінеді (Аюпов осы жылдары Премьер-министрдің кеңсесінде қызмет еткен.   Ол екеунің арасында жегжаттық байланыс та болғанға ұқсайды). Аюпов пен Қожабаевтың арасына дәнекер болып, екеуін таныстырған да Нұргелдиев.

2013 жылдың жазында Аюповтың берген нұқсауы бойынша Нұргелдиев пен Ильясов Алматыдан Астанаға 2,8 миллион долларды ұшақпен алып келген. Ақшалар екі чемоданға салынған. Әуежайда  1 миллион доллар салынған чемоданды  Аюповтың досы Тәжібеков деген азаматқа берілген. Ал, 1,8 миллион доллар салынған чемоданды жолда Әбдірахымовтың адамы Исамидин Қантөреев алған. Кейін 1 миллион доллар салынған чемоданды Аюповтың өзі ашып, оның ішінен 20 мың долларды Нұргелдиевке берген. Айтпақшы, Исамидин Қантөрееев 2016 жылы Әбдірахымов Шымкентке әкім болып тұрған кезде қаладағы Қаратау ауданы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалған. 2018 жылы аталған ауданның әкімі болып жоғарылаған. 2019 жылдың жазында  Әбдірахымов қызметінен босатылды. Осы кездері Қантөреев те Шымкенттегі жылы орнын суытқан.

Аюпов сот үкімінен кейін «сендер мұндай қадамға антикор мен прокуратураның тапсырысы бойынша бардыңдар» деген мағынадағы сөздерді айтыпты. Ол сот үкіміне апелляциялық шағым бере ме, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз.

Жалпы, бұл істің арғы жағында түсініксіз дүниелер көп. 1,8 миллион теңгенің қайда кеткені белгісіз.  Оны Әбдірахымовтың алуы мүмкін бе? Сотқа куәгер ретінде қатысқан Әбдірахымовтың өзі ешнәрсе білмейтінін айтып құтылды. Ал, құзырлы органдар бұл жағын онша қазбаламаған сияқты. Неге?

Осыдан кейін антикор мен прокуратура Әбдірахымовтың қыр соңына түсіп емес, қайта оны жауапкершіліктен құтқарып жіберген жоқ па деген күдіктің  қылтиятыны рас.

Әбдірахымов сол жылдары Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарған. Ал Президент әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімов болған. Алғашқыда бұл іске Мәсімовтің де қатысы бары айтылып елді. Алайда сот барысында ол туралы айтылмады.  

"Рейтинг" газеті, 29 тамыз 2023 жыл. 

 


«Пригожиннің өлгені рас» - Сараптама осындай қорытынды берді
Жолы болғыш Жолдасов Гүлмира Сатыбалдының ісінен қалай сытылып кетті?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу