Ердорған Путиннің досы
23-05-2023
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының резолюциясына қарсы шықты. Дәлірегі 15 желтоқсанда Қазақстан Ресейді Украинадағы соғысын тоқтатып, әскерін шығаруды талап ететін БҰҰ резолюциясына қарсы дауыс берді. "Уақытша басып алынған Қырым автономды республикасы мен Севастополь қаласындағы адам құқығы ахуалы" деп аталатын резолюцияны 82 ел қолдап, 14 ел қарсы шыққан.
Қарсы дауыс бергендер қатарында Қазақстан мен Ресейден бөлек Беларусь, Куба, Никарагуа, Зимбабве, Иран, Қытай, Солтүстік Корея, Мали, Судан, Эфиопия, Сирия, Эритерия сияқты мемлекеттер бар. Маусымда Санкт-Петербургте өткен форумда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украина аумағында Ресейдің қолдауымен құрылған Луганск пен Донецк республикаларын ешқашан мойындамайтынын айтқан еді. Қазақстанның «қысқа күнде қырық құбылғанын» әлем елдері түсіне алмай отыр.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым журналистерге Қазақстанның жоғарыда аталған резолюцияға не себепті қарсы дауыс бергенін түсіндірді.
-Қазақстан Донбасты, Қырымды, басқаны мойындамайтынын үзілді-кесілді айтты. Мынаны да түсінуіміз керек. Украина мен Ресей арасында кескілескен соғыс жүріп жатыр. Әр тарап өзінің мүмкіндігін арттыру үшін БҰҰ-ның трибунасын пайдаланады. Бұл заңды нәрсе. Біздің мәселе – өзіміздің жағдайымызды ескере отырып, дипломатиялық ырым-жоралғыларды жасауға мәжбүрміз. Көптеген жағдайда Қазақстан қалыс қалып отырады. Қазақстандықтарды осы жағын да дұрыс түсінуге шақырамын, - деді Сарым.
Мәжілісменнің айтқанынан түсінгеніміз, Қазақстан осындай қысылтаяң кезде Ресейдің қас-қабағына қарауы тиіс екен.
-Біздің жағдайда Қазақстан Ресейдің де көңілін, жағдайын, ондағы қоғамдық пікірді ескеріп отыруға тиіс. «Бұл соғыстың бізге келгенін қалайсыздар ма?». Біз де қаламаймыз. Сондықтан осындай тіршілік жасауға мәжбүрміз. Бұл соғысты қолдау емес. Қазақстан соғысқа қатысты өзінің мәлімдемесін бірнеше рет жасаған. БҰҰ қабылдаған барлық шешімнің астында Қазақстанның қолы бар. Дипломатиялық, бейбіт жолмен шешу керегін күн сайын айтып жатырмыз. Әзірге қолымыздан келетіні осы. Тоқаевтың орнына кім келсе де, бір аптадан кейін осы саясатты ұстануға мәжбүр болады. Бұл біздің ойлап тапқанымыз емес. Өкінішке орай, бұл ойында біздің ұпайымыз аса керемет емес. Сондықтан көрпемізге қарап көсілеміз, жағдайды, яғни Қазақстанның ішкі де, сыртқы да жағдайын ескереміз, - деді депутат.
Дегенмен Қазақстанның БҰҰ-ның Украинаға қатысты резолюциясына қарсы дауыс бергенін батыс елдері елеусіз қалдырмайтыны айдан анық. Ресейге салынған санкциялардың бір парасы Қазақстанға да қолданылмасына кім кепіл. Жалпы соңғы уақытта Украинадағы жағдай шиеленісе бастады. Батыс ақпарат құралдары жаңа жылдан бастап соғыстың жаңа кезеңге өтетінін хабарлап жатыр. Соңғы күндері Ресей әскерін Беларуське шоғырландыруға көшті. Ертең жағдай қиындаса... Екі оттың ортасында қалған Қазақстан қандай шешім қабылдайды?