Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Шығыста ер азамат әйелдің қолына билікті ұстатпайды, ырқына көне бермейді. Әйелді еркіне жіберу, еркелетіп ұстау еуропалық менталитетке тән. Бірақ бір қызығы, билікте бәрі керісінше.
...Каримовтың бұрынғы әйелінен бір ұлы бар. Лукашенконың әйелі күйеуінен бөлек, деревняда тұрады. Әзірбайжанның бірінші ханымы туралы ел аузында түрлі өсек-әңгімелер айтылады. Путиннің әйелі орыс тілінің жанашыры болған. Көптеген атақтары бар. Бірақ «президенттің экс-жұбайы» деген атақты әзірге оған ешкім берген жоқ... Толығырақ тоқталайық.
Татьяна Каримова:
Диктатордың кадр жөніндегі кеңесшісі
Татьяна Каримова Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың екінші әйелі. Ислам Әбдуғаниұлы алғашқы әйелі Наталья Кучмимен ертеректе дәм-тұздары жараспай ажырасып кеткен. Ол екеуінің арасында Петр атты бір ұл бар. Петр қазір Каримовтің кіндігінен тарайтын жалғыз ұл саналады. И.Каримовтың кейінгі әйелі Татьянадан екі қыз--Гүлнар мен Лола туылған.
Татьяна Акбарқызы Ферғана облысында дүниеге келген. Әкесі тәжік, анасы еврей. Интернеттегі мәліметтерге қарағанда Татьянаның балалық шағы өте ауыр жағдайда өткенге ұқсайды. Әкесі ішімдікке салынып, отбасыда жиі жанжал болыпты.
Татьяна экономикалық білім алған. Ғылым кандидаты, Өзбекстандағы ғылым академиясында ұзақ жылдар қызмет еткен. Қазіргі уақытта зейнеткерлікте. Өзбекстанның бірінші ханымы туралы ресми ақпарат осы ғана.
Татьяна күйеуі Ислам Каримовпен бірге барлық дерлік мемлекеттік шаралардың басы-қасында жүреді. Билікке белсене түрде араласады. Өте ықпалды. Елдегі бірде-бір саяси шешімдер оның келісімінсіз қабылданбайды. Ол әсіресе, кадрлық мәселе қатты мән береді. Облыстардың басшылары оның келісімінсіз тағайындалмайтын дәрежеге жеткен. Оны диктатордың кадр жөніндегі кеңесшісі десек те болады. Қазіргі уақытта Татьяна мұрагерлік мәселесімен көп айналысып жүр. Көптеген саясаткерлер Каримовтың орнын үлкен қызы Гүлнар басады деген пікір айтады. Алайда соңғы жылдары Гүлнар Каримованың анасымен арасы нашарлап кетті (екіарадағы өшпенділіктің салдарынан Гүлнар сондай-ақ сіңлісі Лоламен 12 жылдан бері мүлдем көріскен емес). Гүлнар анасының кейбір қылықтарын құптамайтындығын әлеуметтік желілерге жиі жазып отырады. Оның жазуынша, Татьяна кейінгі кездері бақсы-балгерлерге жиі барады. Солардың айтқандарына имандай сенеді. Гүлнар анасының сиқырға сеніп, ақымақтыққа баруы мүмкін деп алаңдайтын көрінеді. Гүлнар Каримова президент болса, онда анасын да, сіңлісін де Өзбекстаннан қуып шығуы әбден мүмкін.
Қызық, Татьянаның келешегін балгерлер қалай болжап жүр екен? Ал саяси сәуегейлердің айтуынша, Татьянаның келешегі Өзбекстанмен бірге емес. Басына күн туғанда оның дәл қай жерді барып паналайтынын айту қиын. Бір анығы, Ресей мен Еуропа диктатордың жұбайын қабылдамайды.
Галина Лукашенко:
Деревняда тұратын ханым
Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенконың жұбайы Галина Радионқызы туралы мәліметтер өте аз. Мемлекеттік іс-шараларға мүлдем қатыспайды. Тіпті ерлі-зайыптылар өте сирек көрісетін көрінеді. «Еуропаның ең соңғы диктаторының» әйелі 1998 жылдан бастап Могилев облыстық атқару комитетінде бөлім басшысы болып істейді. Шипажай саласындағы қызметтерге басшылық етеді. Өзі осы Могилев қаласына таяу жердегі Рыжковичи деп аталатын деревняда тұрады. Жалғыз өзі.
--Менің орным осы жер. Өмірімді осы деревняда өткіземін. Президент резиденциясы менің тұрағым емес,--депті Галина ханым ақпарат құралдарына берген сұхбатында.
--Саша (Лукашенко) жігіт кезінде өте сұлу болатын. Ол төрт шақырым жердегі көрші деревняда тұратын. Менімен кездесу үшін осы деревниядан жаяу келуші еді. Екеуіміз институтты бітірген соң үйлендік. Оның маған үйлену туралуы ұсыныс жасағаны, жасамағаны есімде қалмапты. Солай болуы тиіс сияқты еді. Ұзамай біздің тұңғышымыз Витя дүниеге келді...Жұбайлық өміріміздің алғашқы кезеңінде біз өте бақытты едік. Кейінен күйеуім мені тастап, саясатқа кетіп қалды. 1994 жылы президент болды. Минскіге кетер кезде мен деревняда қалатынымды айттым. Ол мені үгіттеген жоқ,--депті ақпарат құралдарына берген сұхбатында Галина.
Александр Лукашенко бірнеше жылдан кейін анасы мен ұлдары Виктор мен Диманы Минскіге алдыртады. Галина өз үйінде жалғыз қалған. Лукашенко туралы түрлі сыпсың әңгімелер айтылады. Оны бірде беларустің атақты әншісімен, бірде сұлулар сайысының жеңімпазымен әмпей-жәмпей болды деген сөздер бар. Алайда Галина мұндай өсекке мән бермейді.
--Бізде бәрі жақсы. Балаларымыз өсіп келеді. Немерелеріміз бар. Күйеуіммен, балаларыммен, немерелеріммен жиі көрісіп тұрамын. Мен бақытты әйелмін. Сондықтан менен жалғыз қалған бақытсыз әйел жасамауларыңызды сұранамын,-- депті сұхбат барысында Галина ханым.
Мехрибан Алиева:
Төркінін танитын қыз
Әзірбайжанның бірінші ханымының толық аты-жөні Мехрибан Арифқызы Алиева. Оның қыз кезіндегі тегі Пашаева. Пашаевтар қазір Әзірбайжандағы ең ықпалды отбасылардың бірі саналады.
Мехрибан ханымның атасы Жалал Пашаев жазушы болған. Ал әкесі Ариф Пашаев қазір Бакудегі авиация академиясының ректоры. Пашаевтар әулетінде ықпалдылар жетіп артылады. Мәселен Хафиз Пашаев (Мехрибанның әкесінің бауыры) Әзірбайдан сыртқы істер министрінің орынбасары. Ол бұған дейін Әзірбайжанның АҚШ-тағы елшісі қызметін атқарған. Пашаевтар әулетінде билікте ғана емес, бизнесте де тасы өрге домалағандар көп.
Мехрибан Алиева мектепті алтынмен бітірген. Әзірбайжан Мемлекеттік медицина институтында біліп алып, оқуын Мәскеуде жалғастырған. Оны қызыл дипломмен аяқтаған. Әзірбайжанның құазіргі президенті Ильхам Әлиевпен осы студент кезінде жұп жарастырды. Қазір екеуінің арасында Лейла және Арзу есімді қыздары және ұлдары Гейдар бар.
Кейінгі жылдары Мехрибан ханым саясатпен белсенді түрде айналыса бастады. Әзірбайжан парламентінің депутаты. Гейдар Алиев атындағы қордың президенті, гимнастика федрациясының президенті. ЮНЕСКО, БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдардың ерікті елшісі. Түрлі федерациялардың, ұйымдардың президенті болып жүрген Мехрибан ханым елдің президенті болудан да дәмелі. Пашаевтар әулеті оны болашақ президент ретінде көргісі келеді. Тіпті 2013 жылы оны сайлауға да ұсынбақ болған. Алайда Ильхам Алиев Конституцияға түзету енгізіп, тақты сақтап қалды.
Мехрибан күйеуімен бірге барлық дерлік мемлекеттік іс-шараларға қатысады. Кейде тіпті көбірек көзге түсіп қоятын кездері де бар. Оның сылқымдығы, қыдырымпаздығы туралы қаңқу сөздер көп. Айталық қазір итальян басылымдарында Әзірбайжанның бірінші ханымының Белорустің президенті Лукашенкомен жақсы қарым-қатынасы туралы сыпсың сөздер көп жазылып жүр. Әйел десе ұятты жиыстырып қоятын Николя Саркози президент кезінде Мехрибан ханымды орденмен марапаттаған.
Сарапшылардың айтуынша билікқұмар болғанымен Мехрибан Алиева саясаттан мүлдем ештеңе қақпайтын көрінеді.
Людмила Путина:
Экс-ханым
Рас, дәл қазір Людмила Путина Ресейдің бірінші ханымы емес. Бірақ оның орнын басқан да ешкім жоқ.
Людмила Путина күйеуімен отыз жыл бірге тұрды. Екеуінің араларында Мария және Катерина есімді екі қыз бар. Людмила президенттің жұбайы ретінде орыс халқының мүддесі үшін көп жұмыстар істеді. Тікелей өзінің бастамасымен орыс тілін дамыту орталығын құрды. Орыс тілінің мәселесін жиі-жиі көтерді, қолдау білдірді.
Людмила Александрқызы (қыз кезіндегі тегі Шкребнева) неміс, испан, француз, португал тілдерін жақсы біледі. Спорттан да құр алақан емес, тенниспен, тау шаңғысымен айналысады. Өнерде де қара жаяу емес, театрлық қойылымдармен, романстармен әуестенеді. Мектеп бітірген соң пошташы, токарь, ауруханада санитаршы болып істеген. Володямен (Путин) тағдыр 1983 жылы дәм-тұз жарастырды. 1986 жылы Лениниград мемлекеттік университетін филиолог мамандығы бойынша бітіріп, осы жылы ол күйеуімен бірге Германияға кетті. Елге 1990 жылы оралды. Людмила бұдан кейінгі жылдары Ленинград мемлекеттік универитетінде неміс тілінен сабақ берген.
Людмила күйеуіне тәп-тәуір аудармашы бола алар еді. Алайда мұны Путин қаламаған сияқты. Президенттің әйелі көпшіліктің алдына сирек шығып жүрді. Әсіресе, 2008 жылдан кейін. Дәл осы жылы Путин әйелімен ажырасты деген әңгіме пайда болған. Оның рас-өтірігі туралы ешкім мәлімдеме жасамады. Володия неке жүзігін қолыннан шешкен жоқ.
Людмила 2012 жылы күйеуімен бірге сайлауда дауыс беруге қатысты. 2013 жылы жазушыларға әдеби сыйлық беру рәсімінде бой көрсетті. Осы жылы ол бір рет Путинмен балет премьерасында бірге көрініпті. 2014 жылдың 1 сәуірінде Путиннің баспасөз хатшысы президенттің әйелімен ресми түрде ажырасқанын мәлімдеді. Ресейді басқарған билеушілердің ішінде тек екі адам ғана әйелімен ажырасқан. Олар Бірінші Петр мен Путин.
Айтқандай, Ресей сияқты алып елдің бірінші ханымы Людмила Путинаға көптеген орден, медальдар, атақтар берілген. 2005 жылы Қазақстан басшылары оны «Алтын адам» медалімен марапаттады. Сонымен бірге оған Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің құрметті профессоры атағы табыс етілген.
Мұрағаттан: 05.03.2015