Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
2009 жылдың наурызы. Әлі есімізде облыстық прокуратурада үлкен жиын өтіп, сонда шаруаларға субсидия беруде анықталған былық-шылық, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық кеңінен әңгіме болды. Ащы-ащы фактілер айтылған. Жиынның соңында Оңтүстік Қазақстан облысының су жаңа әкімі Асқар Мырзахметов сөз алды. Көпшіліктің алдына өңірдің бірінші басшысы ретінде алғаш рет шыққан оның «ит итті жұмсайды, ит құйрығын жұмсайды деген тірлік болған. Осыған кінәлілердің бәрі тиісті жазасын алады» дегені жадымызда қалыпты. Екпіні тау қопарардай, өңінен ызғар шашып тұрған әкімнің «ұзаққа шабатынын» сол кезде білдік пе, білмедік пе?
...Елдің айтуынша Мырзахметовтың бір кемшілігі қарамағындағыларды жиі жиналысқа шақырып шаршатуы. Осы бітпейтін жиындардан ығыр болған шенеуніктер А.Мырзахметовтың өзіне дейінгі әкімдердің тірлігін жоққа шығаруға құмар екендігін қынжылып айтып жүреді. Міне, оның облыс әкімінің орынтағына жайғасқанына аттай алты жыл өтті. Қазір ойлайды екенсің, егер таяу күндері алда-жалда А.Мырзахметов қызмет ауыстырып кетсе, орнына келген әкім оның атқарған жұмысын жоққа шығара алар ма еді? Әкімнің жұмысына сын айта алар ма еді, жоқ па?
Халқы тығыз қоныстанған, менталитеті ерекшелеу облысты алты жыл басқару дегеніңіз екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұған дейін облыс басқарып көрмеген адам үшін бұл нағыз ерлік. Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі, қазіргі вице-прьемер Бердібек Сапарбаевтан қалған қанатты сөзді еске алсақ «Ер екеніңді білейін, Шымкентті басқарып көрші» демекші, бұлайша бақандай алты жыл бойы аттан аумай отыру Елбасының ерекше сенімін арқалаған адамның ғана қолынан келсе керек. Елбасының сеніміне ел үшін істеп жатқан тірліктері түрткі болып жатқаны белгілі. Әрине, Мырзахметовтың олқы тұстары, олқылықтары да аз емес. «Мұндай олқылықтарды Астанадағы «үлкен астаудан ас ішіп» жүрген мықты тіреулері жуып-шайып келе жатыр, шикіліктері бәрібір түбінде бір шығуы мүмкін» деп тон пішушілердікі қаншалықты шындыққа жанасатынына тек тақсыр уақыт қана әділ баға бере алатын шығар.
Оңтүстікте Мырзахметовке дейінгі әкімдердің қызметтік ғұмыры бір-бір жарым жылдан асқан жоқ. Атышулы ВИЧ оқиғасынан кейін «өрт сөндіруші» ролін атқару үшін атқан қонған Өмірзақ Шөкеев бір жылға жетер-жетпес әкім болды. Батыс Қазақстан облысын басқарып келіп оны алмастырған Нұрғали Әшімовтің бұл орынтағын сақтауы бір жарым жылдан аспады. Біраз сәуегейлер Мырзахметовтың да мерзімі бір жарым жылдың шамасында болады деген еді. Алайда олар қатты қателесті.
Алты жыл дегеніңіз аз уақыт емес, әрине. Осы жылдары Мырзахметов талай жеңісті де, жеңілісті де бастан кешірді. 2009 жыл мейілінше аласапыран жағдайда өтті. Қырым қанды безгегі шенеуніктерді әбден шаршатты. Мырзахметов бірге жұмыс істейтін командасын осы алғашқы жылы қалыптастырды. 2010 жылы Темарлан ауылындағы ауыз суға қатысты шу жұрттың есінен әлі шыға қойған жоқ. Елбасымен өткен тікелей телеэфир барысында көтеріліп, кейінен халық 100 пайыз су ішіп отыр деген есеп берілген Темірландағы халықтың біраз әлі күнге ауыз судың азабыны тартып отырғанын алғашқы болып «Рейтинг» газеті жазды. Мұны жайдан-жай еске алып отырғанымыз жоқ. Жалпы А.Мырзахметовтың кезінде көптеген жобалар тәу-тәуір басталып, арты сиырқұйымшықтанып кетті. Бұлардың ішінде ашылуына Елбасының өзі тікелей куә болған кәсіпорындар да бар. Мәселен, аккумулятор зауыты, «Азия-Керамик» кәсіпорны, Арыстағы томат, Шымкенттегі тоқыма зауыты. Осы үшін Елбасы Астанадағы алқалы жиында Мырзахметовты орнынан тұрғызып, біраз терлетіп те алды. Дегенмен Мырзахметовтың кезінде көптеген қордаланған мәселелер түпкілікті шешімін тапты. Көксарай су қоймасы пайдалануға берілді. Жоғарыда айтқан Темірлан ауылының халқына Мырзахметов бұған дейінгі бірде-бір әкімнің қолынан келмеген жақсылықты жасады. Облыс әкімінің тікелей бастамасымен ауыл ортасынан ағатын канал қайта салынды. Сол арқылы Темірланның халқы жыл сайын қайталанатын су тасқынынан біржолата құтылды. 2011 жылы Мырзахметов облыста көптеген кадрлық ауыс-түйіс жасады. Аудан, басқарма басшыларын қайта-қайта ауыстырғанды былай қойғанда орынбасарларына тиесілі міндеттерді де қайта бөліп берді. Жалпы алғанда кадрларды жиі ауыстырып отыру Мырзахметовке тән стиль десек қателеспейтін шығармыз. Бір жылда бір ауданның әкімін екі рет ауыстыру, ал бірқатар басқармалардың басшылары бір жылда үш-төрт мәрте қайта тағайындалуы бұл өңірде бұрын-соңды болмаған кадрлық сапрылыс болды.
--Әкім келеді, кетеді, ал ел қалады. Мені қынжылтатыны біздің облыста ауызбіршілік жағы жетіспейді. Ауызбіршілігіміз болмаса бұл тек әкімге емес елге де сын,-- дегенді ұмытпасақ облыс басшысы Шымкент қалалық әкімдігінде өткен жиында 2012 жылы айтқан. Мырзахметов елді ұйыстыратын, ынтымаққа шақыратын көптеген іс-шараларды жасағанын айта кеткен жөн. Солардың бірі «Ырыс алды ынтымақ» жиынын өткізу дәстүрге айналды. Мырзахметовтың алты жылындағы ең қиын кезең 2013 жылға тура келді. Мамырдағы дүрбелеңде бір басқарманың басшысы тұтқындалды, бір басқарманың басшысы, кейінен басшының орынбасары болып қызмет етіп жүрген азаматшаға қаржы полициясы іздеу жариялады. Мырзахметовтың өзі бір орынбасарын орнынан босатты. Осындай жағдайдан кейін басқа адам болса қызметімен хош айтысып кетер еді. Алайда Мырзахметов әлі де мығым отыр.
Соңғы 4-5 жылдың көлемінде Мырзахметов Шымкенттің шырайын келтірумен көп айналысты. Шымкент шын мәніндегі мегаполиске айналып келеді. Қаланың жаңа іскерлік-әкімшілік орталығы салынып жатыр. Жуырда сонда 16 қабатты жаңа облыстық әкімдіктің ғимараты пайдалануға берілді. Мырзахметов облыс әкімдігін үш қабатты ғимаратта қабылдап алып, 16 қабатты ғимаратпен шығарып салайын деп тұр...
Шығарып салайын деп тұр деп асығыстық жасауға болмайтын шығар. Күні ертең, 26 сәуірде президент қайта сайланған соң облыс әкімдерінің бәрі орындарынан босайды. Бірқатары қайта тағайындалады, бірқатары басқа қызметке ауысады. Елбасы Мырзахметовке қайта сенім білдір ме, жоқ па...Мұның енді уақтысында көреміз.
Мұрағаттан: 05.03.2015