Аймағамбетовке арзан пиар қажет емес
Алматыда ұлттық біліктілік тестіне барған мұғалімнің көз жұмуынан кейін әлеуметтік желіде педагогтарды атестаттау жүйесін алып тастау туралы пікір өрбіп жатыр.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осыған қатысты пікір білдірді.
- Аттестация рәсімін алып тастау – ең көп түсетін ұсыныстардың бірі. Оны мен жасыра алмаймын. Мұның алдында 2018 жылдан бастап аттестация енгізілді. Мен осы тестілеуді алып тастаймыз десем, бәрі бөріктерін аспанға лақтырып, қуанатыны түсінікті. Бірақ бізге мұндай арзан пиар қажет емес. Ең қажеті – білім беру сапасы, -деді министр.
Аймағамбетов шешімді жекелеген топтарға емес, жалпы халықтың мүддесіне қарай қабылдау қажеттігін айтты.
- Бізде ең басты мәселе – жақсы білім алу мәселесі. Сондықтан біз біреуге ұнау үшін, біреудің тілін табу үшін осындай шешімдер қабылдамаймыз. Біз елге қажетті шешім қабылдаймыз. Бұл өте маңызды мәселе. Осыған көңілдеріңізді аударамыз, - деді Асхат Аймағамбетов.
Соңғы жылдары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мұғалімнің жалақысы екі есеге көбейді. Бірақ тестке қатысты оқиғадан кейін «250 мың теңге ештеңеге жетпейді» деп жазған пікірлерді де көзіміз шалды.
Айына 250 мың теңгемен күн көру қиын болса, 70-80 мың теңге жалақы алатындар отбасын қалай асырап жүр?