​Полицейлер Шымкентте 20 адамды атып өлтірген

Oinet.kz 22-04-2022 4676

Қаңтар қырғыны кезінде Шымкентте полицейлер 20 адамды атып өлтірген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокуратурадағы бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлім етті. Осылайша құзырлы органдар, жергілікті әкімдік үш жарым айдан бері жасырып келген шындық ресми түрде жария етілді. 

Screenshot_11.jpg

- Қаңтардың 5-інен 6-сына қараған түні Шымкент әкімдігіне қарулы шабуыл жасалды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен полиция қызметкерлері айналысты. Оларға көпшілігі отты қарумен қаруланған үш мың адамнан тұратын топтың қысымына төтеп беруіне тура келді. Полиция қызметкерлері тек резеңке оқ пен жарық пен шу шығаратын гранаталарды қолданды. Бірақ бұл шаралар қылмыскерлерді тоқтата алмады. Қайта олардың өздерінің жазаланбайтынына сенімі күшейіп,  жаппай агрессия мен қатыгездікке барды, - деді Елдос Қилымжанов. 

Прокурордың айтуынша, бастарын қатерге тігіп, қарулы топтың  үш бірдей шабуылының бетін қайтарған полицейлер ақыр аяғында отты қару қолдану туралы шешім қабылдаған. Нәтижесінде 20 адам атып өлтірілген. 

Дәл осындай жағдай Тараз қалалық әкімдігі мен Жамбыл облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің ғимаратына жасалған шабуыл кезінде де болған. 

- 500 адамнан тұратын қарулы топ ғимаратқа оқ атып, соның салдарынан полиция қызметерлері қаза тапты. Тәртіп сақшылары топқа қарсы оқ атып, 11 қылмыскер өлтірілді. Медициналық сараптама қорытындысы көрсеткендей, 9 шабуылдаушы алкогольдік, екеуі есірткінің уытына мас болған,- дейді Қилымжанов. 

Бұған дейін Шымкентте 4 және 5 қаңтар күндері болған оқиғалар кезінде 19 азамат қаза тапқаны ақпарат құралдарында айтылғанымен, оны не әкімдік, не құзырлы органдар растаған жоқ. Олар мұны тергеу мүддесімен байланыстырды. 

Жаңаөзен мен Маңғыстау толқып, Алматыда жұрт жаппай митингіге жиналып жатқан кезде Шымкентте де дүрбелең басталды. 4 қаңтарда түнгі сағат 12-лердің шамасында қалада ғаламтор байланысы өшірілді. Осы күні кешкісін Шымкент қалалық әкімдігіне мыңдаған халық жиналып, жиын соңы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Ертеңіне қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан  мемлекеттік телеарнадан оқиға кезінде азаматтардың әкімдіктің алтыншы қабатына дейін қиратып кеткенін мәлім етті. 

5 қаңтарда әкімдіктің айналасын әскерилер қоршауға алды. Бірақ кешкісін әкімдікке тағы да жиналған мыңдаған наразы топты олар жуасыта алмады. Бұл күні де жаппай тәртіпсіздіктер, ғимараттарды өртеу, қирату орын алды. «Көрме» орталығы қатты бүлінді.  «Метро» сауда орталығы тоналды. 

Осы оқиғалардың кезінде және одан кейін таратылған ақпараттар ала-құла болды. Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан оқиға кезінде адам өлімі болғанын айтқанымен, олардың нақты санын жасырып қалды. Осы кездері «жоғалып, табылған» қала әкімі Мұрат Әйтенов 9 қаңтарда өткізген брифингте 17 тәртіп сақшысы түрлі деңгейде жарақат алғанын,  төртеуінің жағдайы ауыр екендерін, ал, қаза болғандардың жоқтығын хабарлады. 5 қаңтарда «Хабар 24» телеарнасынан жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Шымкентте полицияның 59 көлігі зақымдалғаны, оның біреуінің толықтай жанып кеткені туралы ақпарат қайта-қайта берілді. Ал 15 қаңтарда Бас прокуратураның өкілі Серік Шалабаев орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Шымкентте 21 полиция автокөлігінің зақымдалғанын хабарлады. 59 бен 21-дің арасы қайда жатыр? 

18 қаңтарда адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы үйлестіру кеңесінің мүшесі Шахноза Хасанова жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Шымкенттің мәйітханаларына 18 адамның жеткізілгенін мәлім етті. Бұдан кейін оқиға кезінде тұтқындалған азаматтардың туыстарымен кездескен қала прокурорының орынбасары Нұржан Сейдалиев қаза тапқандардың санын 19 деп мәлімдеді. Енді міне, Бас прокуратура 20 деп отыр. 

Шымкентте қаңтар оқиғасын зерттеу үшін қоғамдық комиссия  құрылғанымен тәуелсіз зерттеу жүргізу мүмкін болмады. Қоғам белсенділерінің айтуынша, бастаманы прокуратура қолдамаған, қажетті құжаттармен танысуға рұқсат етпеген. 

Аймағамбетовке арзан пиар қажет емес
Ресей: Территориямызды да, ақшамызды да пайызымен қайтарып аламыз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу