Мырзағалиевтің Әлиямен не байланысы бар?

Oinet.kz 21-04-2022 1833

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Бас прокуратураның үйлестіруімен «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің 180 млрд теңге көлемінде ақша қаражатын ұрлаудың алдын алды. 

Screenshot_10.jpg

«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің лауазымды тұлғалары және «ӨКМ Операторы» ЖШС басшылығы электр энергиясын өндіретін 6 қоқыс жағатын зауыт салу үшін жеке ұйымды заңсыз қаржыландыру жолымен кәдеге жарату алымдары түрінде жиналған 180 млрд теңгені ұрлауға ниеттенген. Бұл ретте электр энергиясын мемлекет 15 жыл ішінде негізсіз жоғары тариф бойынша сатып алуға және жеке компанияға миллиардтаған пайда әкелуге кепілдік беруі керек болған. Уақтылы қабылданған шаралар нәтижесінде аталған заңсыз әрекеттер әшкереленіп, ақшалай қаражат тұтқындалды. Экология вице-министрі мен «ӨКМ Операторы» ЖШС бұрынғы басшылары қамауда. Кінәлілік туралы қорытынды шешімді сот анықтайды» делінген құзырлы органның таратқан ресми мәліметінде. 

Бұған дейін шетелден келетін көліктерге қатысты утилизациялық алыммен айналысқан «ӨКМ Оператор» компаниясының артында Елбасының кенже қызы Әлия Назарбаеваның тұрғаны ақпарат құралдарында көп жарияланды. Жалпы, Әлия Назарбаева экологиялық мәселелермен соңғы оншақты жылдың көлемінде айналысады. Бұл салада жеткен жетістігі аз емес. Оның Экологиялық ұйымдастар қауымдастығы төралқасының төрайымы лаузымына сайлануының өзі біраз жайтты аңғартады. Ал шетелдік ақпарат құралдарының жазуынша, Әлия Нұрсұлтанқызы Қазақстандағы экологиялық ұйымдарды монополиялап алған. Оның осы саладан әжептәуір табыс  табатыны да біраздан бері айтылып келеді. Соның бірі ретінде жоғарыдағы «ӨКМ Оператор» компаниясы. 

Сарапшылардың айтуынша, «ӨКМ Оператор» серіктестігі Қазақстан нарығында 2015 жылы пайда болған. Ресми құжаттарда ол басқа адамның атына тіркелген. Бірақ оның «ізі» Әлия Назарбаеваға тиесілі компанияларға алып барады. 

Телеграм каналдардың бірінде бұған дейін жарияланған ақпараттарға қарағанда, Әлия Назарбаева Қазақстандағы Экология, геология және табиғи ресустар министрлігінің құрылуына бастамашы болғанға ұқсайды. Оған министр етіп өзінің жұбайы Досановтың бұрынғы әріптесі әрі досы Мағзұм Мырзағалиевтің тағайындалуына ықпал еткенге ұқсайды. 2021 жылдың қыркүйегінде М.Мырзағалиев Энергетика министрі болды. Қаңтар оқиғасынан кейін сұйытылған газға қатысты былық-шылықтар анықталған соң ол отставкіге кетті. Артынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі болды. 

Енді міне, өткен аптада М.Мырзағалиев «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып тағайындалды. Кімнің кім екендігін осыдан  кейін түсініп көріңіз. 

Ресейге «ақылды» санкциялар салынады
Төрт партия тіркеліп жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу