Жетпісбаевтың жетістірген тірлігі осы ма?

Oinet.kz 18-03-2022 1520

«Соңғы жылдары Түркістан облысында халықты ауыз сумен, газбен қамтамасыз етуде үлкен жұмыстар атқарылды. Әкімдік, депутаттармен бірлесіп жұмыс істесек, шешілмейтін мәселе болмайды. Алдағы уақытта облыста ауыз сумен қамтуға қатысты статисткада халықтың санына шаққандағы көрсеткіш пен елді мекендердің санына шаққандағы көрсеткішті бөлек істеу қажет. Өңірдегі сумен қамтылмаған ауылдарға арнайы бару керек. Су құбырын апаруға тиімсіз ауылдардың мәселесін автономды жүйе арқылы шешуді тапсырамын».

Screenshot_1.jpg

Апта басында облыстық мәслихаттың сессиясында өңір басшысы Өмірзақ Естайұлы халықты ауыз сумен, газбен қамтамасыз ету бағытында атқарылған  жұмыстарға қатысты осылай дей келе тағы бірқатар тірліктерді тілге тиек етті. Облыс басшысының бұлай деуінде біраз сыр бар. Мойындау керек, соңғы үш жылда Өмірзақ Шөкеевтің басшылығымен Түркістан  облысында осы бағытта өте көп жұмыстар атқарылды. Бәрі де облыс басшысының іскерлігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне байланысты. Атқарылған жұмысты ешкім бір жаққа көтеріп әкетпейді. Бәрі де осы елдің игілігі үшін.  Бірақ сол жұмысты елге көрсету, елдің аманатын арқалаған депутаттармен бірлесіп жұмыс істеу жағы жетіспейді. Шөкеевтің командасындағы кадрлар, дәлірегі осы салаға жауапты басшылар мен дәл осы саланың жұмысына жетекшілік жасайтын облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаев тірліктің қиюын қашырып жібергені қынжылтады. Сессияға дейінгі тұрақты комиссиялардың жиындарының біріне бармай, енді біріне қайта қайта шақырғанда әрең келетін Жетпісбаев депутаттармен дұрыстап тіл табысқанда, шешімін таппаған сауалдарға  жан-жақты жауап бергенде сессияда Өмірзақ Шөкеевтің өзі мәселенің мән-жайын түсіндіру үшін мінберге көтерілер ме еді?! 

Жалпы, «Рейтинг» газетінде бұған дейін жазғанымыздай, облыстың инфрақұрылымдық дамуына басшылық жасайтын энергетика және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармасына соңғы уақытта басшы тұрақтамайды, қала берді жауапты шенеуніктердің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталуы жиілеген. Әріге бармай-ақ, соңғы екі-үш жылдың көлемінде бұл басқармада бірнеше басшы ауысты. Алдымен Елордадан арнайы әкелінген, жергілікті жағдайдан хабары жоқ Игорь Алексеев деген азамат келді. Бірақ Алексеевтің дәуірі ұзаққа барған жоқ. Бұдан кейін басқармаға Руслан Тұрғамбаев деген азамат жетекшілік жасаған. Ол 2019 жылы әуелі басқарма басшысының орынбасары болып, артынша басшының креслосын иеленді. Былтыр қарашада оның қызметінен кетіп қалғаны белгілі болды. Осы қарашада басқармаға басшының орынбасары болып Асхат Бердіханов деген азамат тағайындалды. Кейінірек оның басшының міндетін атқаруға кіріскені белгілі болған. Тіпті басшы болуға талпынып оның жақында ғана жарияланған конкурсқа қатысып жатқанынан хабардар едік. Әні-міне басшы болып тағайындалады деген Бердіхановтың та орта жолда ойынан айнып, Түркістаннан табанын жалтыратқаны өткен аптада облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысында айтылды. Сондықтан күн тәртібіне қойылған мәселе- басқарманың былтыр атқарған жұмыстары бойынша баяндама жасауға басқарма басшысының орынбасары лауазымына тағайындалғанына бір күн болған, сонымен бірге басшының міндетін атқаруға кіріскен Роза Олжабайқызы шықты. 

Дүйсенбіде, келесі бір тұрақты комиссияның отырысында және мәслихат сессиясында басшының міндетін атқарушы ретінде тағы бір орынбасар Бақытжан Полатбеков төбе көрсетті. Сонда айналдырған екі күннің ішінде басқармаға екі бірдей и.о.-ның тағайындалғанын немен түсіндіруге болады?  Ал дүйсенбідегі жиынға  қатысқан Арман Жетпісбаев басшылардың жиі ауысуын олардың сырттан келгендігімен түсіндірді. Сондықтан олар отбасылық жағдайына байланысты жұмыстарын жалғастыра алмайды екен. Ал сонда осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жергілікті кадрларға сенім артуға не кедергі? Мұны бір деңіз. 

Екіншіден, басқармадағы сыбайлас жемқорлық өз алдына бөлек мәселе. Осы жуырда ғана басқармада ұзақ жылдардан бері басшының орынбасары лаузымын атқарып келген Әбілхан Әбдіқадыровтың парамен ұсталғаны туралы ақпарат шықты.  Дәлірегі орынбасарға «параны адамдар тобымен алдын ала сөз байласуы арқылы бірнеше рет алды» деген бап бойынша айып тағылып отыр. Дәл осы кездері  басқармада сумен қамтамасыз ету бөлімінің басшысының да  қамауға алынғаны туралы ақпарат таратылды. Сот қаулысына қарағанда, экс-басшы қызмет бабын пайдаланып, 2021 жылдың көктемінде кәсіпкерлермен бірге ауыз су нысанының құрылысына қатысты алаяқтық жасаған көрінеді. Бұдан мемлекетке келтірілген шығынның көлемі 25 миллион теңгені құраған. Бірақ біздің қозғағалы отырған негізгі тақырыбымыз бұл емес.  

Біздің айтпағымыз ауыз су саласындағы көзбояушылық, өтірік ақпарат беру, сол баяғы асыра сілтеу туралы. Тұрақты комиссия отырыстарында Роза Олжабайқызының депутаттарға берген мәліметіне қарағанда, 2021 жылдың қорытындысы бойынша, облыста ауыз сумен қамтамасыз ету қалада-99,4 пайызды, ауылда-93,3 пайызды құрайды. Қалай десеңіз де бұл цифрға депутаттар күмәнмен қарап отыр. Неге десеңіз, елдің аузында көп айтылып жүрген, бұқаралық ақпаралдарында да жиі сынға ілігетін фактілерді қоспағанда тексеру шараларын жүргізген Есеп комитетінің  жуырда жариялаған мәліметінде облыста 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауыз сумен қамту 71,5 пайызға ғана жеткені көрсетілген.  Басқарманың ауыз сумен қамтуды бір жыл ішінде 71 пайыздан 99 пайызға жеткізіп тастағанына сенуге бола ма? Алайда Жетпісбаевтың айтуынша, сенуге болады. Ол тіпті Есеп комитетінің қорытындысымен келіспейтіндігін де білдірді. Оның баяндауынша, облыс әкімдігі ауыз сумен қамтуды облыс тұрғындарының саны бойынша, ал, Есеп комитеті елді мекендердің саны бойынша есептеген екен. Алайда бұл  ашық күнде елді адастыру сияқты. Себебі Есеп комитетінің қорытындысында ауыз сумен қамтудың облыстағы 2 миллион 018 мың халықтың саны бойынша есептелгендігі «тайға таңба басқандай»  жазылып тұр. Сонда Жетпісбаевтың мұнысы не? Бұл алдымен облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевті, облыстық мәслихат депутаттарын алдау  ма?! 

Айтпақшы, тұрақты комиссия отырыстарында басқармадағы ауыз суға жауапты бөлім басшысы облыста ауыз су мүлдем бармаған әлі 124 елді мекеннің барын, ал кестемен  су ішетін елді мекендердің санының 145 екендігін жасырған жоқ. Осындай проблемалар бар кезде 99 пайыз деп есеп беру ақылға сия ма? Әрдайым елдің сөзін сөйлейтін тік мінезінен танбайтын облыстық мәслихат депутаты Талғат Қаржауовтың  айтуынша, бір ғана Жетісай ауданында 30 мың  халық тұратын 22 елді мекенде құбырдағы су ащы болғандықтан халық тіршілік нәрін литріне 2 теңгеден төлеп сатып ішеді.  Бірақ Жетпісбаев мұндай мұндай жағдайларға СЭС жауап беретінін алға тартумен шектелді. Тіпті әңгіме арасында қырық мыңнан астам халық тұратын Шардара қаласында қағаз жүзінде 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілгенін, ал шын мәнінде ондағы халықтың судың сапасыз болуынан құдықтан ішетіндігін де айтып қалды. Бұл сонда өз өтірігін өзі әшкерелеу ме? Бірінші орынбасар ары-беріден соң бұл қызметке келгеніне көп болмағанын да алға тартпақ болды. Алайда бізді білетініміз Арман Жетпісбаев бірінші орынбасар лаузымына 2021 жылдың тамызында тағайындалған. Арада бір жарым жылдан астам уақыт өтті. Бір жарым жыл дегеніңіз аз уақыт па?   

Естеріңізде болса, жуырда Есеп комитетінің тексеруінен кейін облыста біраз келеңсіздіктер анықталды. Әсіресе, құрылыс пен коммуналдық шаруашылық саласында. Алайда осы салаларға жетекшілік жасайтын облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Шәріпбаев айтылған кемшіліктерден қорытынды шығарып, туындаған мәселелерді бірлесіп шешудің орнына, өре түрегелгені, айтылған сындармен келіспейтінін білдіргені көпшілікті аң-таң қалдырды. Бұл сонда тікелей Президент Қ.Тоқаевқа  бағынатын Есеп комитетінің қорытындысын менсінбеу ме, ескертуге құлақ аспау ма?  Мұның арғы жағында қаптаған көзбояушылықтарға қарсы майдан ашқан, «Жаңа Қазақстан» идеясын жалау еткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатымен келіспеу жатқан жоқ па? Түсінбедік. 

Сонымен халықты алдап отырған кім? Есеп комитеті ме, әлде осы салаға жауапты басшылар мен осы салаған жетекшілік жасайтын облыс әкімінің бірінші орынбасары  Арман Жетпісбаев пе? Біз күні кеше халыққа арнаған Жолдауында  Тоқаевтың өзі арнайы тоқталып, алдағы уақытта құзіреті арта түсетінін, атауы да ауысатынын атап айтқан Есеп комитетіне осы жөнінде арнайы сұрау салғанды жөн көріп отырмыз. Сондықтан тақырыпқа қайта ораламыз. 

"Рейтинг" газеті, 17 наурыз, 2022 ж

Танымал журналист Болат Назарбаевты қалай қатты қорқытқанын айтып берді
Рахат Әлиевтің қайда жерленгені белгілі болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу