Болат Назарбаевтың басынан бақ ұшты
19-04-2023
Белгілі журналист, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбаев журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында марқұм Заманбек Нұрқаділовтың үйінде Болат Назарбаевпен кездескенін, ол арқылы ағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сәлемдеме жолдағанын айтты деп хабарлайды Qamshy.kz.
– Бұрынғы жылда Зәкеңді еске алып Кеңсайда болғаннан Мақпал дастархан жайып, құран оқытатын. Сондай жайттардың біріне Болат Назарбаев келіпті. Жанында соңғысы ма, соңғысының алдында үйленгені ма көп тоқалдарының бірі отырды. Біріне бірі анекдот айтып отырды. Енді ол анекдот айтатын жер емес қой. Мен тіптен соның бет-жүзін көргім келмеді, кетіп қалғым келді. Сонымен жанымдағы жігіттер бар, Мақпал бар дастарханнан үлкен емес, аттап кетпейсің...
Отырғаннан кейін мен Болатқа айттым:
- Болат қазақта сөз бар: өз аяғыңмен келдің бе, құдай айдап келді ме деген. Сен қалай келсең де әйтеуір келіп отырсың. Біздің ортамызға. Саған айтатын сөз бар, сен мұқият тыңда да ұғып ал, сосын Нұрсұлтан ағаңа жеткізіп бар, - дедім.
Зәресі ұшып кетті, түрі кете бастады. Жанында отырған тоқалы да, Мақпал да әбігерленіп, басқалар да бұл кісі не айтқалы тұр деп....
Сосын мен Зәкеңнің мемлекетке, Алматыға, қазаққа сіңірген қайраткерлік еңбегі туралы қысқа-қысқа айттым:
- Мінекей, осындай халық қадірлеген асыл азаматты өзін-өзі үш рет атып өлді деп, өзіне жала жапты. Қалай соны айтқызып отыр. Сен ағаңа айтып бар: мына өтірігін доғарсын, ол кісі тірі болса, өз намысын өзі қорғар еді. Өте намысқой адам, батыр адам ғана намысқой болады. Ал ол кісіні көзі жоқ, сондықтан ол кісінің намысын біз қорғаймыз. Артында қалған ел жұрты, қалған қазақ қорғайды, өйтіп қорламасын батырымызды. Өлтіргені аздай енді қорлауы несі.
Ағаңа айтып бар, қылмыстық іс қозғасын, қылмысты ашсын. Олай болмаса, бәрі үшін өзі жауапты. Ондай нәрсені, осы сұрақтарды мен кездесіп жатсам, Нұрсұлтан Назарбаевқа да қояр едім, – дейді ол.
Рысбек Сәрсенбаев мемлекет және қоғам қайраткері, бұрынғы ақпарат министрі, оппозиция лидері, 2006 жылы қастандықпен өлтірілген Алтынбек Сәрсенбаевтың туған ағасы. Ол інісінің өліміне экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның айналасында жүрген Нұртай Әбіқаев, ресми дерек бойынша Австрия түрмесінде өзіне қол жұмсады делінетін Рахат Әлиевтерді кінәлайды.