Ресейлік миллиардер астананы Мәскеуден Сібірге ауыстыруды ұсынды
Өткен жылы Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу Ресей астанасын Мәскеуден Сібірге ауыстыру туралы ұсыныс айтқан болатын. Бүгін ресейлік миллиардер, "Вольное дело" қорының негізін салушы Олег Дерипаска да осы ұсынысты жеткізді. РИА Новостидің жазуынша миллиардер өз ойын Красноярск экономикалық форумында айтқан.
"Біздің қызығушылығымыз Азияда болса, астананы Мәскеуде қалдырудың не керегі бар? Мүмкін астана Новосибирск немесе Красноярскте болса, барлығы өзгеше болатын шығар? Егер бұл қадамға дайын болмасаңдар, биліктің бір бөлігін осында берейік. Жаңа банктер, жаңа қаржы институттары құрылады. Қарапайым заттарда алу үшін Мәскеуге ұшып барудың не керегі бар", – деді кәсіпкер.
Миллиардердің сөзінше, ол өзі үшін бірнеше қорытынды жасаған және бұлармен бөлісуге дайын.
"Бірақ алдымен бейбітшілік орнағанын қалаймын", – деді Дерипаска.