Биыл Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл
22-08-2023
Танымал заңгер, халық жанашыры Айгүл Орынбек мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа дат жолдады. Ол қасіретті қаңтар кезінде бейбіт халық та зардап шеккенін айтты. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды.
"Құрметті Президент! Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Расында… Жағымпаздықты жаныңыз сүймейтінін білем, өзіңізге жағыну үшін емес, Сізге жаным ашығаннан осы жазбамды жазып отырмын!
Отыз жыл бойғы мадақ пен ода айтқандардың кесірі Сізге кеп тимесінші!
“Қанды қаңтар” оқиғасы қара халыққа оңай тиген жоқ!
Жүрек пен жүйкеге қатты соққы болды. Халық әлі де ес жия алмай, есеңгіреп отырғаны да жасырын емес! Қайғыдан қан жұтып отырған халық осы кезде өзіңізден бір ауыз жылу сөз күтті… Тек өзіңізге жалтақтап, өзіңізге ғана үміт артып отырған өз ұлтыңызды бірінші жұбатып алып, сосын ғана әлемге жеті тілде сұқбат берсеңіз де жарасар еді…
Сенімнің соңғы жүгін өзіңізге артқан мынау қараша халық өкпелемес те еді! Иә, бүтін бір мемлекетті және оның мүддесін сақтап қалу үшін жасаған әрбір ісіңіз, ұтымды шешіміңіз - халықтың қолдауын тауып, ақ батасын арқалар едіңіз…
Әлемнің тілінде берген мына сұқбатыңыз мың жерден дұрыс әрі керемет болғанымен, етегі жасқа толып жұбаныш іздеп отырған халықты, одан сайын тепкілеп төбелегенмен тең болды! Мойындау керек, БІЗ онсызда отыз жыл бойы рухани “бодандықта” болдық! Әлемге жағу үшін әлемнің тілінде сайрап, әлем бізді мойындау үшін барымызды… Иә, бар байлығымызды беріп келдік емес пе?!
Нәтижесінде, өз ұлтыңыз аш-жалаңаш аянышты күйде өз тілінде нан сұрап көшеге шықты! Халқыңыз тойып отырса, алаңға шығып несі бар Алаңға тек террористер емес, ең бірінші қолына жалау ұстаған бейбіт халық шықты! Дұшпандарға атылған оқтан қаскөйлер ғана емес, бейбіт халық та шейіт болды!
Бірақ, Мемлекетке қастандықты қара халық емес, қолына “билік” беріліп әрі сенім артылған ҰҚК төрағасы жасап отыр емес пе?!
“Провославтардың моласын талқандағандарды тауып жазалаңдар”, депсіз!
Ал қаңғыған оқтан қаза болған жазықсыз жандардың отбасына көңіл бөліп, қайғысына ортақтасуға болмады ма?! Өлгендер сөйлемейді… Бірақ, сол өліктерді қазуды тоқтатыңдар деп айтуға болмады ма?! Сонда… Өз қазағыңыздан сол провославтар артық болды ма?! Бұл бөліну емес, бәріне тең қарасаңыз болмас па еді?! Сан сауал…! Өкініш көп… Өзегім өртеніп барады!
Құрметті Президентім, қоғамда болып жатқан қазіргі жайттарды көзбен көріп отырып, “бәрі дұрыс болды” деп жалған сөйлеуге Менің арым да, датым да бармады! Қазақстан үшін, Халық үшін еселей еткен ерен еңбегіңіз еленбей, Сіз “Құрметсіз” болып қала ма деп қорқам! Халықтың наласынан қорқам!
Әлемді емес, ең алдымен өзіңізге жәутеңдеп қарап отырған халқыңыздың басын сипаңызшы!
Бұл мемлекет тек 162 олигархтан тұрмайды! Өзіңізге ғана үміт артып, сеніммен қарап отырған миллиондаған қара халық бар!
Қара халықтың тілі, ділі тек - Қазақ тілінде! Жүрегі де, қаны да, намысы да - қазақ деп соғады…
“Қанды қаңтар” оқиғасы өзіме де ауыр тиіп, өзіңізден жұбаныш пен жылу сөз күткендердің бірі өзім едім!
Әлемге берген сұқбатыңызды көріп отырып, үнсіз қала алмадым! Бұл жазбамды жаныңыздағы “кейбір жағымпаздар” дұрыс жеткізбеуі де мүмкін! Тіпті “ойбай сізге қарсы шығып жатыр” деп қудалауы да мүмкін! Бәрі де мүмкін!
Бірақ… Ханға да дат айтылған !
Мемлекет пен ұлтқа деген ниетім әрқашан - түзу, құрметім - шексіз!
Президент әрі Ұлт көшбасшысы ретінде Сіздің ХАЛЫҚ үшін жасаған әрі жасап жатқан әрбір ісіңізді қолдаймын! Құрмет тұтам! Сенімім… Әлі де артар үмітім көп!" - деп жазды Айгүл Орынбек.