Төбелес болмаса теңге бөлінбес пе еді
26-11-2020
Жамбыл облысындағы қақтығыстан 8 адам қаза тапты. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифингте хабарлады, деп жазады Oinet.kz порталы 24.kz-ге сілтеме беріп.
Ондаған адам жараланды. Ведомоство басшысы осылай деді. Қақтығыс жөніндегі алғашқы ақпарат Жамбыл облысының полиция департаментіне кешкі сағат 19:00-де келіп түсіпті. Кезекші бөлімге жеткен мәлімет бойынша Қордай ауданындағы Масанчи ауылында 70-тен астам адам төбелескен көрінеді. Ал әлеуметтік желі арқылы тараған видеохабарламалар қақтығысқа қатысушылардың санын одан әрі арттырған деді Ішкі істер министрі.
ҚР Ішкі істер министрі Тұрғымбаевтың айтуынша:
- Сол жерде болған адамдар төбелесті видеоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратқан. Нәтижесінде басқа ауылдардан келген 300-ден астам азамат төбелеске қосылып кетті. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрып, қару қолданды. Нәтижесінде 8 адам қайтыс болды, 40-тан астам адам жарақат алды. Оққа ұшып, жарақат алғандардың арасында 2 полиция қызметкері бар. Ішкі істер министрінің мәліметінше, 30- дан астам үй, 15 сауда нысаны және 23 автокөлік өртеліп, бүлінген.
Жалпы, Масанчиден бөлек, жақын маңайдағы тағы бірнеше ауылда қақтығыстар болған. Солардың бірі Ауқатты. Мұнда да отқа оранған ғимараттар жетерлік. Ресми мәлімдеме бойынша Қордайдағы қақтығысқа тұрмыстық жанжал себеп болған. Бүгінгі баспасөз мәслихатында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев осылай деді. Қазір жедел-тергеу тобы құрылып, бірнеше қылмыстық іс қозғалды.