Ақынның жазбасынан соң аудан әкімі мәселесі көп Қайнарбұлаққа арнайы келді
Кеше әдеби ортада танымал жас ақын, былтыр Шымкент қаласының үздік жас ақыны атанған үшінші мегаполис тұрғыны Сүндет Сейітов фейсбуктегі парақшасында Қаратау ауданына қарасты Қайнарбұлақ саяжайының тұрғындары кешіп жатқан қиындықтарды жазған болатын. Жазбада ақын саяжайда қоғамдық көлік мәселесі мүлдем шешімін таппай келе жатқанын, бұл туралы БАҚ беттерінде қанша рет көтерілсе де ешқандай нәтиже жоқтығын айтып, Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұловты Қайнарбұлаққа қордаланған мәселелерді өз көзімен көруге шақырды.
Сүндет Сейітовтың фейсбуктегі парақшасынан
- 40 адам сиятын автобусқа 100 адам тықтым,- деп мақтанып айтатын кондукторлардың әңгімесін көп естиміз. Оларға адам адам емес, мал сияқты.
Ешқандай адамдық көрсетпейді. Қалта ұрлығы көп болады. Онсыз да дачада жылына ондаған адам қайтыс болады. Тәртіп жоқ. Әлі газ кірмеді. Асфальттың өзін пәлен жыл дегенде төседі. Неге Қайнар бұлаққа жағдай жасалмайды. Біз 13 жылдан бері осы жерде тұрамыз. Ең болмаса, көлік қатынасының реттелгенін көрмедік.
...Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұловты Қайнар бұлақ саяжайына шақырамын. Жай келіп-кету емес, нақты қадам жасап, мәселені шешетініндей жағдайда болуы керек! - деді ақын жазбасында.
Нәтижесінде ақынның өтініші еленіп, бүгін аудан әкімі саяжайға арнайы келді деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі. Бұл туралы Сүндет Сейітов әлеуметтік желісіндегі парақшада бөлісті:
- Бүгін келді. Өзі хабарласып, келе жатқанын айтты. Қойылған сұраққа ұтымды жауап бере алады екен. Былтыр тамыз айында әкім боп тағайындалғаннан бастап, Қайнар бұлақ саяжайына бес рет келген. Бүгін алтыншы рет келді. Дачада сенбі, базар күндері базар болады. Сол базарға келді. Халықпен кездесті.
Әкім нені көрді?
Әкім көз алдында тұрғанның бәрін көрді. Жолдың тарлығын, базарымыздың қызыққа толы көрінісін, жолдың нашар екенін, менің түрімді де көрді.
Әкім не айтты?
Осы жылдың көктемінде көлік мәселесінің толық шешілетінін, табиғи газды кіретінін, эко полиция келетінін, тәртіптің күшейтілетінін, көшелерге жарық қойылатынын, батпақты жолдарға шағал тас төселетінін, интернет 5G бағандары орнатылатынын, кіші маркеттерде банкоматтар қойылатынын айтты.
Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұлов аудандағы ең проблемасы көп мекен-жайда осы жылы өзгерістер болатынын айтты, - деді жас ақын. Ол Абзал Әліқұловқа сәттілік тілеп, әкім уәдесі бойынша саяжай тұрғындары 2023 жылға газбен толық қамтылатыны туралы сүйіншісімен бөлісті.