Гүлнәр Салықбай. «Сізді ғана күтіп жүрем, таба алмай»
Сізді ғана күтіп жүрем, таба алмай,
Бір күні кеп, шырағымды жағардай.
Сізді күттім қара жолға қадалып,
Қанатымды қаға алмай.
Сізді күттім күздің күрең бағындай,
Сізді күттім ханның алтын тағындай.
Күннен тамған күміс тамшы секілді –
Сізді күттім бұлдыраған сағымдай.
Сізді күттім жауын күткен даладай,
Сізді күттім тəтті іздеген баладай.
Ұмыта алмай ұзақ жүрдім көшеде,
Аяғымның талғанына қарамай.
Күтуменен құлады күн, атып таң,
Сізді күттім бөліп алып уақыттан.
Қасыңызға еріп келген ана əйел
Қалай өлмей, шыдап отыр бақыттан...