Гүлнәр Салықбай. «Кешіріңдер келгенімді өмірге»
Тек қана Сізді ойлаумен жалғанды əнім,
Көзімнің жаңбырына толы уысым.
Тағы бір ауырсам деп армандадым –
Сізді бір көру үшін...
Тағы бір көрсем дедім, талмай жүрек –
Арманның мұнарланған көрінісін,
Көңілім көшелерді шарлайды кеп
Сізді бір көру үшін.
Қуанып, қызық өмір сүре алмадым,
Биікке шақырмады мені құсым.
Не істеуге болатынын біле алмадым
Сізді бір көру үшін...