Сағаділдә Үсіпәлі: «МузАрттың» тұсауы біздің тойда кесілді»
Өмірде ешбір оқиға себепсіз болмайды. Сол секілді менің жұбайыммен танысуға өнер себепші болды. Толқын екеумізді табыстырған Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясы. Оны алғаш рет осы қара шаңырақта кездестірген едім. Ақылына көркі сай қызға кім ынтық болмасын? Студентпіз, албырт кезіміз, жастықтың жалынымен Толқынды бір көргеннен ұнаттым. Жолығыса қалсақ екеуміздің әңгімеміз жараса кететін. Мен халық әртісі Тілектес Мейрамовтың шәкірті болсам, ол халық әртісі Есмұхан Обаевтан дәріс алды. 1997 жылы оқуды тәмамдап, «Тамаша» ойын -сауық отауында редактор әрі актер болып қызмет жасадым. Осы кезде Толқын 2-курста оқып жүретін. 1998 жылы «Тамашаның» 20 жылдық мерейтойындағы үлкен концертте Лұқпан Есенов ағамыз оның өнердегі тұсауын кесті. Өнер баспалдағының дәл осы театрдан басталғанына және бір ұжымда жұмыс істейтінімізге қатты шаттандым. Ол драма театрда жұмыс істеуді армандайтын. Шығармашылығының кенеттен сатира жанрына бұрылып кеткенін өзі де байқамай қалса керек. Осылайша оқу мен жұмысты қатар алып жүрді. Қазақстанның барлық облыстарын аралаған «Тамашаның» гастрольдік сапарлары екеумізді одан сайын жақындастыра түсті.
Толқын екеуміздің қыз бен жігіт болып жүрген араластығымыз бірнеше жылдан кейін, яғни 2001 жылы отбасын құруға ұласты. Алматыда елдің есінде қалатын дүркіретіп той өткіздік. Қазақстан эстрадасының жұлдыздары көптеп атсалысқан керемет той болғанын әлі күнге дейін сағынышпен еске аламыз. Беташарды қазақтың ардақты ақыны, досымыз, марқұм Оразәлі Досбосыновтың суырып салып айтқан төкпе жырларымен ашқаны да күні кешегідей. Тойымыздың тағы бір жарқын естелігі сол кеште «МузАрт» тобының тұсауы біздің үйлену тойымызда кесіліп, топтың атауын қою бақыты да маған бұйырған еді.
2003 жылы тұңғыш қызымыз Айша дүниеге келді. Ал, 2006 жылы ұлымыз Айқынжарық өмірдің есігін ашты. Ал, 2012 жылы Алматыдан Астанаға қоныс аудардық. Астанға келгеннен кейін Ару деген қызымыз туылды. Аллаға шүкір, отасқан жылдардан бері бір-бірімізбен жаман сөзге келмей отбасының түтінін түзу шығаруға бекінгенбіз. Құдай қосқан қосағым бүгінде «Шалқар» ұлттық арнасында редактор-жүргізуші болып қызмет етіп келеді. Өмірде де, өнерде де жұбымыз жазылмай келе жатқаны үлкен сыйластықтың, махаббаттың жемісі деп білемін.