Автобустағы қарияның әңгімесі бізді жылатты
08-01-2024
«Осень — это вторая весна,
когда каждый лист — цветок»
(Альбер Камю)
Күллі тіршілік қайта түлеп сала беретін, өмір сүруге құлшынысыңды арттыратын қызылды-жасылды Көктем мезгіліне мейлінше ғашық жандар жетерлік. Қым-қуыт қызыққа толы жастық шақтай жан жадыратар Жазды жақсы көретіндер тіптен көп. Ал өткен күндерге деген сағынышыңды сыздатып, мәңгілік пен жалғандық жайында оңаша ойлануға жетелейтін Күзді ше?..
Өмір күзі де мезгіл күзі секілді
...Қаланың шеткерілеу мүйісіндегі мүлгіген саябақтың ішінде кітап оқып отырғанымда осылай қарай аяңдаған егделеу екі кісі назарымды аударды. Екеуі аяқ астында пырдай шашылған алтынсары жапырақтарды аяғандай ақырын ғана басып, қартаң адамдарға тән кібіртік жүріспен таяу маңдағы бос орындықтардың біріне тақап келеді. Ұзын сұр плащ киген, басында көнетоздау қалпағы бар, бозғылтым сақал-мұртын ұқыптап бастырған кісі әлденені күле әңгімелейтін сияқты. Жанындағы, сірә, кемпірі болар, тәртіпке бағынудан қалған қашаған ақ шаштары жаулығының әр тұсынан сығалап, мейірім шашқан аққұба жүзіне өрнекті әжімдерінің өзі жараса кетіп, ауылдағы анамызды еске түсірердей келісті кейуана шалының сөзін жүре тыңдап, айналасына аса бір ынтызарлықпен ынтыға көз жібереді.
Шыны керек, күзгі саябақтың бүгінгі келбеті де қараған жанның жанарын арбайтындай ғажап сұлу еді. Сылаң қаққан сыршыл қайыңдардың аппақ діңдері шолақ етекті сылқым арудың тоқ балтырындай көз тұсап, көңіл қытықтайды. Алабұртқан албырт бойжеткеннің бетіне жүгірер жалқын арайдай қызғылт жапырақтары желөкпе желдің өсегіне өзара сусылдаса сыбырласып, үн қатысады. Терек басын тербеген леп дәм-тұзы таусылған күзгі күрең жапырақтарды кейде қауырсынша қалықтатата үзсе, енді бірде тобымен саудырата төгеді. Жердің бетін тұтасқан қызғылтым, бозкүрең, алтынсары жапырақтар жауып кеткен. Табиғаттың қатал заңына әзірге үйеңкінің анау-мынауға дес бермес мығым түйетабан жапырақтары мен мәңгі жасыл шыршаның қылтандары ғана төтеп беріп тұрғандай.
Орындыққа жайғасып, арқасын күздің кемпіршуағына қыздыра төңіректегі сұлулыққа сұқтанған әлгі екі егде кісінің бойында да осы күзгі табиғаттың келбетіне келіңкірейтін ұқсастықтар бар тәрізді. Бұлар да өмірінің қырмызы көктемі мен қызықты жазын артта қалдырған, жүріп өткен жолына қайта үңіліп, тәтті түстей тамсандыра зу ете түскен өз ғұмырының мәні мен мағынасын салмақтауға ден қояр кезеңдегі адамдар еді. Бәлкім, бұдан қаншама жылдар бұрын олар тап осы саябақта қол ұстаса қыдырған болар, тап осы орындықта қыз-жігіт болып ұзақ түн сырласқан да шығар? Дәл осы жолдарды кезінде сан рет таптап өткен де болуы ықтимал. Бірақ қазір ол іздерді табу мүмкін емес, өйткені, соншама уақыттан бері бұл саябақта кім серуендемеді, мына жолдарды кім баспады дейсіз? Оның үстіне, күз келген сайын саудырай төгілетін сансыз жапырақтар қандай орнықты ізді де жасыра алады...
Бүгінде бұл кісілер – тіршілікте көрген жақсылығына салауат айтып, маңдайы мың-сан тасқа тигенде алған ащы сабағынан ой түйіп, даналыққа бір табан жақындай түскен, жақсы қартая білуді мақсат тұтқан жандар сияқты. Әлгі «Қызметтестер хикаясы» фильміндегі әйгілі әнде: «Осень жизни, как и осень года, Надо не скорбя благословить...» («Өмір күзін, жылдың күзі секілді, Қапаланбай қарсы алғанға не жетсін...») – деуші ме еді Эльдар Рязанов? Яғни, көкейде орнығып, көкіректе қатталған өмір мектебінің ілімін перзенттеріңнің санасына сіңіріп, тіршіліктің ендігі мазмұнын ұрпағыңның жетістігімен, табысымен, қызығымен байланыстырар, өмір мәнін әр күніңді ризашылықпен, тәубемен өткеруден іздер кезең бұл. Өмір күзі... Жыл мезгілдерінің әрқайсысының өз тартымдылығы болатыны секілді, адам өмірінің әрбір кезеңінің де өз қызығы болады.
«Күздің әні тым мұңлы...»
Шынын айту керек, күзді жақсы көретіндер де аз емес.
Бұған, әрине, ең әуелі, қыркүйек пен қазандағы ауа райы айрықша әсер етеді. Жаздың аптабы қайтып, табиғат қоңыржай қалыпқа түседі. Кейде қазанның аяғы, қарашаның басына дейін күннің тамылжып тұратын сәттері жиі кездеседі. Тіпті бұл уақыттағы жауынның өзі көбінесе жылы келеді. Сондай жылы жаңбыр астында қолшатырды сөмкеге бүктеп тығып, туфлиді қолға ұстап, жалаңаяқ жапырақ кешкенді жақсы көретін қыздар да бар...
Сосынғы ерекшелік – жеміс-жидек, көгал-көкөніс, дәнді дақыл атаулының түгел пісіп, жиналып-теріліп, ел игілігіне айналар шағы. Күздің «жомарт» деп сипатталатын бір себебі де осы.
Дегенмен, күздің басты тартымдылығы – жоғарыда айтып өткеніміздей, адамды ойға, мұңға, сағынышқа бөлейтіні. Күздің бұл құдіретінің сыры неде? Осы бір мезгілдің адам жанына бөлекше әсер етуіне не себеп? Бұл сауалдарға нақты жауап жоқ. Әйтеуір ақын-жазушылардың шығармаларына зер салсақ, күздің «көңіл сарайымыздың айнасы», «сезім симфониясы», «ой-қиялымыздың құндағы» екенін ұғынамыз.
Мәселен, ақын Бауыржан Бабажанұлының «Ән» атты өлеңін оқып көрелік.
Күздің бағы жанбаған әу бастан-ақ,
Сонысына қарамай ән бастамақ.
Анау шыңның басынан ән тыңдайды
Жаңа ғана жеткен бұлт жамбастап ап.
Жапырақтан тағдыры айырғасын,
Тал айтады бұл әннің қайырмасын.
Емен аға безеріп қалған тұста
Мұңлы қайың бір әуен дайындасын.
Көзге жас ап, жоғары қараған көл…
Мұңлы сызық – аспаннан тараған жол.
Қайтқан құстар сыңсиды Ай, Таңсық боп:
«Балталы, Бағаналы ел аман бол!..»
Ән салып тұр бақ-тағы біз баратын,
Тәкаппар қыз, таясам сызданатын.
Қош айтысқан күрең сәт есіңде ме,
Қол бұлғаған мен емес…
Күз болатын.
Ән сап тұрып ақ қайың дір еткенде,
Жұбатамын, (жоқ өзге тілек менде).
Күздің әні тым мұңлы, сол мұңлы әуен
Шым-шым етіп сіңеді жүректерге.
Шырқалады ән әлемге мұң дарытып,
Әлдекімді қалғандай құм да күтіп…
Желдің-дағы жүрегі жылап кетті,
Түсінбейтін кеткенмен түр танытып.
Беу, дүние, күткенің осы ән бе еді? –
Дүрсінгеннің ішінен осал көбі…
Адамды адам қылатын осы бір сәт,
Егер одан айырсаң, қоса ал мені!..
* * *
Күз мезгілінің тылсымы – шығармашылық өкілдерінің таусылмас тақырыбы. Күз туралы, оның құдіреті туралы әлі талай өлең-жыр да жазылар. Оларды оқып сан ұрпақ ойланар да толғанар, өмір мәніне де үңілер. Күзді жақсы көретін сезімшіл, сыршыл, жүрегі нәзік жандар да азаймас. Жыл өткеріп, күз де қайтып кеп тұрар...
Расында да, «Өмір күзін, жылдың күзі секілді, Қапаланбай қарсы алғанға не жетсін?»...
Сәкен СЫБАНБАЙ