Ғалым-физик: ЭКО клиникалар пациенттердің генетикалық материалдарын ұрлауда

Oinet.kz 10-04-2026

Астана тұрғыны, ғалым-физик Салтанат Садыкова экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) қызметін көрсететін клиникаларға қатысты даулы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, бұл салада генетикалық материалдар заңсыз пайдаланылуы мүмкін. Бұл туралы Оinet.kz сайты Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

image.png

Салтанат Садыкова ана атану үшін бірнеше ЭКО-клиникаға жүгінгенін айтады. Алайда, оның сөзінше, ол заңсыз әрекеттердің құрбанына айналған.

«Өкінішке қарай, мен бірнеше ЭКО-клиниканың құрбанына айналдым. Менің ойымша, бұл саладағы заңбұзушылықтар бізде ғана емес, бүкіл әлемде кең таралған. Бірақ өз елімде осындай жағдайға тап болу мен үшін ең ауыр соққы болды», — дейді ол.

Ғалымның мәліметінше, 2025 жылдың желтоқсан–қаңтар айларында Астанадағы бірнеше клиникада оның жұмыртқа жасушаларына қатысты күмәнді жағдайлар тіркелген. Ол кейбір жасушалардың жоғалып кеткенін, ал біреуінің әдейі жарамсыз күйге жеткізілгенін алға тартты.

«Құжаттардың жоқтығы, асығыстық – мұның бәрі күмән тудырады. Менің ойымша, бұл менің жұмыртқа жасушаларымды пайдалану үшін жасалған әрекет», — деп мәлімдеді ол.

Садыкованың айтуынша, ол жүгінген медициналық мекемелерде кей жағдайда ресми құжаттар рәсімделмеген, ал төлем жүйесі түсініксіз болған. Ол бұл жағдайды Алматыдағы клиникалардың тәжірибесімен салыстырып, онда барлық қызмет тек алдын ала төлемнен кейін көрсетілетінін атап өтті.

Ғалым ЭКО саласындағы генетикалық материалдардың жоғалуын сыбайлас жемқорлық ретінде бағалайды.

«ЭКО клиникаларында пациенттердің генетикалық материалын ұрлау туралы да көптеген жазбаларды кездестіруге болады. Мұндай ауыр қылмыстар жаппай және бақылаусыз сипатқа ие болып отыр. Бұл медицина бизнесіндегі өте табысты сала, сондықтан мұндай әрекеттер сыбайлас жемқорлық болып саналады. Менің бағалауымша, ҚР аумағында ЭКО саласының пайда болуынан бастап, әйелдерден шамамен 2–4 миллион жұмыртқа жасушасы және жүздеген мың донор сперматозоид “ұрланған” болуы мүмкін», — дейді Салтанат.

Ол бұл мәселеге қатысты әлеуметтік желіде Ресейде болған жағдайды да мысал ретінде келтірген.

Атап айтқанда, «Росюрконсалтинг» компаниясының заңгері және тең иесі Константин Свитнев 2020 жылы суррогат аналар арқылы балалар саудасына қатысты қылмыстық іс бойынша негізгі күдікті ретінде халықаралық іздеуге жарияланған. Мәскеудің Басман соты оны сырттай қамауға алу туралы шешім шығарған. Ашық деректерге сәйкес, ол басқарған агенттік қызметін көбіне жалғызбасты әкелер пайдаланған.

Садыкованың пікірінше, мұндай ұйымдар кей жағдайда жоғары деңгейдегі қолдауға ие болуы мүмкін, сондықтан құқық қорғау органдары тарапынан бақылау жеткіліксіз.

Сонымен қатар, ғалым халықаралық деңгейде жүргізіліп жатқан кейбір тәжірибелерге алаңдаушылық білдірді.

«Олар анасының жұмыртқа жасушасын, жас донордың жасушасын және күйеуінің сперматозоидын пайдаланады. Мен мұны “үш ата-анасы бар бала” деп атаймын. Бұл мен үшін өте қауіпті тәжірибе», — дейді ол.

Оның айтуынша, мұндай әдістер кей елдерде рұқсат етілгенімен, олардың салдары толық зерттелмеген.

«Мұндай қылмыстар елдердің ұлттық және мемлекеттік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Біз билік өкілдерінен осы мәселеге назар аударып, тиісті шаралар қабылдауды талап етеміз», — деп атап өтті ол.

Салтанат Садыкова бұл мәселенің тек бір адамның шағымымен шектелмейтінін, жалпы репродуктивті медицина саласында ашықтық пен бақылауды күшейту қажет екенін айтты.

«Мен адамдар бұл туралы білсе екен деймін. Өйткені бұл өте қорқынышты. Біз, шын мәнінде, қорғалмағанбыз», — деді ол.

Қазіргі уақытта аталған айыптауларға қатысты ресми органдар мен аталған клиникалар тарапынан нақты түсініктеме берілген жоқ.

«Мен оны күтіп, қолдауға дайын едім». Дикий Арманның әйелі мәлімдеме жасады
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу