Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Ақын, сазгер, жазушы Әкім Ысқақ “Жастарға ой толғаймын” атты тақырыппен шымкенттік жастармен кездесіп, әсерлі әңгімелерімен бөлісті. Бүгінде әлеуметтік желілердің қоғамға орасан пайдасы тиіп отырғанын алға тарқан ол кейде ағайын-туыстарынан естімеген жылы сөздерді әлеуметтік желілердегі оқырмандардың тарапынан естігенде көңілі жадырап қалады екен. Кездесуге келген жастардың сауалдарына жауап берген Әкім Әбдіхайымұлы қазақтың бүгінгі ұл-қыз тәрбиесіндегі кемшіл тұстарын атап өтті. «Жастайымнан Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Сұлтан атамыздың тәрбиесін көріп өстік. Ол кісі өмірден өткен соң заттарының арасынан бір қойын дәптер табылды. Онда «Өзім көре алмай кеткен немере, шөберелеріме арнаймын. Аталарыңның арнайы жазып кеткен өсиетіне мән берсеңдер екен деймін. Айналайындарым, адамдарға жақсылық жасаңдар, бірақ біреуге жақсылық жасап едім оның қарымтасын қайтармады деп есептеспеңдер. Жақслықты жасау адамның адамдығының көрінісі» деп жазылған еді. Атамыз одан өзге де тәрбиесі мол сөздерін ақ қағазға жазып кетіпті. Менің өмірлік принципім осы атамның жазбалары болды. Айтайын дегенім көнекөз адамдардың, қариялардың бойында адамдық, асыл қасиеттер тұнып тұрушы еді. Жаңа заманның өкілдеріне топырақ шашып отырғаным жоқ. Дегенмен қазір ұл-қызына дұрыс бағыт бере алмай, тәрбиесін босаңсытып алғандар көп. Шығыс халқында «Өзіңе қастандық жасағың келсе, балаңды еркелетіп өсір» деген даналық сөзі бар. Үлкен қызметте жұмыс жасайтын кісімен таныс едім. Раушан және Сандуғаш деген қос «қарлығашы» болды. Екеуі де не ішіп, не жеймін деп уайым шеккен емес, ата-анасы қыздарының қалауына ешқашан қарсы келмеді. Олар Мәскеуде білім алды. Нәтижесінде Сандуғашы орысқа тұрмысқа шығып Мәскеуде қалса, Раушаны немістің етегінен ұстап, Германияға көшіп кетті. Жырақта жүрсе де әке-шешесі екеуіне не жақсылық жасамады дейсіз. Алматыдағы баспаналарын банкке кепілге қойып өздері қатты қиналды. Бірақ қыздары ата-ананың мейірімін, жақсылығын түсінбей кетті. Күйіктен аналары өмірден өткенде Германиядағы қызы анасының жаназасына да келмеді. Соңында әке байғұс жападан жалғыз қалды. Сонда ол «қай жерден қателік жібердім екен, беттерін қақпай өсіргенім өзіме таяқ болып тиді-ау деп» өкініштен зар еңіреді. Бұл бүгінгі күннің трагедиясына айналып отыр. Осы секілді өкінішке толы тағдырды қайталамас үшін перзентіңді алдымен адамдыққа, адалдыққа үйрету қажет»,- дейді ақын Әкім.
Өмір жолында кездескен оқиғаларын ұйып тыңдаған жастарға кеш қонағы Қазақстандағы тастанды, жетім балалардың жайына да тоқталып өтті. «Іс-сапармен Америка еліне барғанда Қазақстаннан асырап алынған Арман деген баланы кезіктірдім. Оны Чарльз атты шетелдік бауырына басыпты. Чарльзден көзі жәутеңдеген қазақ баласы туралы сұрағанымда ол Ресейдің Самара қаласындағы балалар үйінен асырап алғандығын айтты. Бала жетім емес екен. Оның анасы да, әкесі де бар көрінеді. Қазақтың студент қызы мен жігіті бір-біріне ғашық болып жүргенде қыздың аяғы ауырлап қалған екен. жағдайды жігітіне айтқанда ол екеуінен де бас тартқан. Сұмдық қателікке бой алдырғанын түсінген қыз ешкімге білдіртпестен Самарада босанып, баланың есімін Арман деп атап, өз қолымен балалар үйіне тапсырып кетіпті. Кейіннен Чарльз баланы асырап алуға ниетін білдіргенде тұрмысқа шығып, отбасылы болған баяғы анасы рұқсатын береді. Чарльз менің қолыма бір жапырақ қағазды ұстатты. Ол анасының Арманға жазған хаты екен. Хатта былай жазылыпты: «Арманды 18-ге толғанда маған қайтарарсыз. Арман, сен мені түсінеді деп ойлаймын. Өмір деген адамға бір ақ рет беріледі. Сол өмірді соншалықты қиын, ауыр деп ойламаппын. Арман, сен мені кешіреді деген ойдамын. Түбі екеуміздің табысатынымызға толық сенемін». Мына жолдарды оқығанда жүрегім ауырды. Қоштасарда Арман мені құшақтап, жібергісі келмеді. Сонда Чарльз «мына баланың қандасына тартып тұрғанын-ай. Бөтен емес екеніңізді сезіп тұр» деп таңқалды. Үйден шығып бара жатып Арманға қазақ тілінде «сәлеметсіз бе» және «рахмет» деген сөздерді үйретіп кеттім. Әлемнің әр шартарапында Арман секілді қаншама балалардың ана тілін, туған жерін, елін білмей өсіп келе жатқанын ойласам өзегім өртенеді. Қазақ жетімін жылатпаған халық еді. Бүгінде сол қасиетімізден ажырап барамыз», - деп әңгімесін аяқтады.
Кездесуде ақынның “Бауырыма” атты жаңа туындысының тұсауы кесіліп, оқырмандар өлең-жырларын оқыды. Кеш соңында жазушы оңтүстік жастарына деген ризашылығын білдірді.
Мұрағаттан: 04.12.2014