Көршім қайыр сұрауды бизнеске айналдырып алды

Oinet.kz 20-04-2019 1093

Screenshot_3.jpg

Көшеде қаңғыбас болып көрінгенімен көршім Жорбек шындығында тұрмысы көп адамнан көш ілгері, әжептеуір бай-бақуатты тұрады 

               Адамның алдағы өмірі қашанда жұмбақ. Тағдырдың бізге қандай сый дайындап, қандай сынақтың күтіп тұрғаны да беймәлім. Сол секілді үйсіз-жайсыз, өткен-кеткенге алақан жайып, қайыр сұрап отырған пенде де бір күні осындай қорғансыз, дәрменсіз күйге түсемін деп ойламаса керек-ті. 

         Аянышты көрінетін қайыршылардың бір күндік өмірі кімге де болса қызық шығар. Осылар күн сайын не жейді екен, тапқан тиын-тебендерін қайда жұмсайды, қайда түнейді деген секілді... Осындай қызығушылықпен американдық бір блогер қайыр тілеп отырған үйсіз-күйсіз Томасқа 100 доллар береді.  Сөйтіп оның ақшаға не сатып алатынын білмекші болып, артынан аңдиды.  Қаңғыбас ақшасын ішімдікке жұмсамай, көп азық-түлік сатып алады. Сөйтіп оны өз сияқты үйсіз жүргендерге таратады. Таң қалған автор оған тағы 100 доллар береді де, оның көшеде жүруіне не себеп болғанын сұрайды. Томас науқас ата-анасын бағу үшін жұмыстан шығып кеткен екен. Олар қайтыс болған соң, үйінен айырылып, қаңғып қалған. Бұл жағдайды естіген блогер Томастың өмірді жаңадан бастағанын қалап, әлеуметтік желіде қаражат жинау науқанын құрады. Жиналған қаражат  мәлімделген сомадан жеті есеге асып түсіп, 75 мыңға жуық долларды құрапты. Ал біздің қоғамда өзі тентіреп жүрсе де өзгенің қамын ойлайтын, мейірімді қайыршылар бар ма?

          Бала күнімізде үй-үйдің есігін қағып, кір-қожалақ балаларын ертіп жүретін сыған секілді өзге ұлттардың қатын-қалаштарын көп көруші едік. Мұндайларды көргенде көше балалары «дуана келе жатыр» деп, зәреміз қалмай, тапа-тармағай қашатынбыз. Ал бүгінгі күні көше жағалай отыратын қайыршыларға көз үйренген. Олардың ішінде әйелі де, еркегі де, қариясы да, мүгедек жандар да, маскүнемдер де бар. Бір әттеген-айы қара көз қазақтардың сол алақан жаюшылардың қатарын көбейтіп отырғандығы. 

             Өз басым қайыршыларды екі топқа бөліп қарастырамын. Бірі – тағдырдың тәлкегіне түсіп, жападан жалғыз қалғандықтан немесе жарымжан болғандықтан амалсыз көше кезгендер, екіншісі қайыршылықты бизнестің көзіне айналдырғандар. Мұны жәйдан жәй айтып отырғаным жоқ. Менің бір алыс ағайыным болды. Өзі туыстармен араласу дегенді білмейді. Тепсе темір үзетін Жорабек базар жағалап қайыр сұраумен айналыса бастады. Намысты халық емеспіз бе? Оның бұл қылығына ашуланып «мұның не, қара жұмыс істесең де күн көруге болады ғой, қайыршылықты доғар» деп ақыл айтқандар  да болды. Бірақ кәсібіне үйреніп қалған ол тиын-тебеннің арқасында үйленіп, үйлі-жайлы болып алды. Көшеде көрсең қаңғыбасты елестететін Жорабектің үйіне кірсеңіз әжептеруір бай-бауатты тұратынына аң-таң қаласыз. Жағдайы ешкімнен кем емес. Біздің қоғамда осы секілді қайыршылықты табыс табудың көзіне айналдырып алғандар көп екен. Ары-бері өтіп жатқан жұрт олардың халыққа мүсәпір көрініп, көзбояушылық жасап жүргендерін әрине сезбейді де. Тағдырдың тауқіметін тартып, жоқшылықтың қамытын киіп, барар жері, түнейтін бұрышы болмаған қайыршылар мен көзбояушыларды ажыратудан қалдық. Енді жаңа жылдан бастап қайыршыларға қатал талап қойылуы кімнің кім екенін ажыратуға көмектесер бәлкім. 

           Алла қанша сынаққа алса да пенде  мұқалмай, қиындықтарды жеңуі тиіс. Жұртқа алақан жайғанша есектің артын жусаң да өз күніңді өзің көрген әлдеқайда жақсы емес пе? Ал қайыршының «терісін» киген «бизнесмендер» халықты қашанғы алдап жүрер екен?..    

Жандар Жаңабай,

Жамбыл облысы 


Анасының жаназасына да келмеді
Аллаберген Жақсыбаев: «Мені құтқарған «Полонез»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу