Дәулетбек Байтұрсынұлы: «Түркіжұртында ғана «қара шаңырақ» деген түйсік бар»

Oinet.kz 22-02-2024 1357

Ата-бабамыздың қонысы бүгінгі Алматы облысы, Райымбек ауданы (бұрынғы Нарынқол). Сталиндік қуғын-сүргін 1930 жылдардың ішінде саяси қысым мен «халық жауларын» аластау кезінде аталарым еріксіз елден кетіп, Қытай асқан екен. 

Screenshot_8.jpg

Олардың жартысы 1955-1962 жылдарда екі елдің келісімі бойынша Кеңестер одағына қайтып оралды. Жартысы сол жақта қалып қалады. Мен Қытай Халық республикасы, Іле қазақ автономиялы облысы, Моңғолкүре ауданында дүниеге келдім. Біздер тәуелсіздіктен кейін 1994 жылы тарихи атажұртымызға біражолата көшіп келдік.

Туған жерім Өртекес Райымбек ауданымен жалғасып жатыр. Жері таулы, үстіртті аймақ. Тәңіртауы мен Үйсінтауынан ағып түсетін сандаған тауөзендері екі бүйірінен Текеске келіп құяды. Тауының ең биік шыңы Хантәңірі (Хантәңірі шыңы Қытай, Қазақстан, Қырғызстан үш елге ортақ. Дәл шекараның қиылысқан нүктесінде тұр). Тауы орманды, сай-саласы сарқыраған сулы. Жабайы аң мен құсқа толы. Жазығы құйқалы шым, шұрайлы жайылым, көкорай шалғын.

Бір отбасында ұлдан үш, қыздан алты, тоғыз баламыз. Мен тұңғышымын. Біздің әулеттің қарашаңырағы Әкеміздің өзі. Әке-шешеміз 80-нен асты, аман-есен басиеміз болып келе жатыр. Қолдарында ұлдың кішісі Дәуітәлі бар. Ол Дәуітәлінің өзі келін алып, немерелі болды. Біздің қарашаңырақта Ата (Байтұрсын), Бала (Дәуітәлі), немере (Тұрсынәлі), шөбере (Қасым) бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатыр. Аллаға шүкір!...

Мұның өзі Жаратқанның зор нығметі. Қазір алпысқа келген атамыз. Ұлды үйлендіріп, келін алдық, немерелеріміз бар. Қызды ұзатып жиенді болдық. Ал, біз бала-шағамен бірге бір шаңырақтың астында Алматыда тұрамыз.

Бүгінге жеткен әр халықтың өз тарихы, шаңырағы бар. Бірақ, осы Түркіжұртында ғана «қара шаңырақ» деген түйсік бар. Соның ішінде Қазақ пен Қырғыз «қара шаңырақ» деген ұғымды қадірлейді, қастерлейді. Өзгелерінде ондай түсінік жойылған болу керек. Қарашаңырақты қадірлейтін ұрпақтар Жеті атаға дейін қыз алыспайды. Тіпті «үш жеті» 21 атаға дейін қыз алыспай келген. Онан руы бөлек болса да, жеті атаға толмаған нағашы-жиеніменде қыз алыспайды. Бұл қағиданы ғылыми түрде дәлелдеген адам қараүзген шипагер, даңқты халық емшісі Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. Әр әулетте ата-бабасынан келе жатқан қара шаңырақ бар. Бір атадан он бала болса, соның барлығы қара шаңыраққа ие бола алмайды. Көбінде кенжесі, болмаса, ішіндегі жөн білер біреуі қара шаңыраққа ие болып қалады. Кімнің қара шаңырақта отыратыны туралы таңдау түседі. Онан ары оның кіндігінен тараған балаларынан тағы жарамды бірі шаңыраққа ие болады. Қара шаңырақ екі түрлі жағдайда үзіледі. Бірі бір буындарға келгенде әулетте ұл бала болмай, түгелдей қыз бала болғанда үзіледі.

Screenshot_7.jpg

Екіншісі, ұл бала болғанымен ұрпағы ауру-сырқау, немесе, азғындап жолдан тайған жағдайда қарашаңырақ жалғаспай қалады.

Қарашаңырақ дегенде әулет, ұлт есіме түседі. Қазақ ұлтының тектілігі, батырлығы, осынша кең ұланғайыр даланы қорғап, сақтап келе жатқанының басты себебі қарашаңырақтың қасиеті. Туын құлатпай, шаңырағын ортасына түсірмей, ұрпағын жалғап отырғаны тағыда сол атажолын, салт-дәстүрін сақтауға деген ұлы махаббаттан туған ұлттық мінез.

Әкеміз әулеттің шежіресін ылғида жадымызға салып отырады. «Бес жайнақ» әулетінде қанша отбасы бар, кімдер қайда жүр, қай атадан қандай ілікке алар кісілер шықты. Олар не істеп жүр, не айтып жүр, бүгінде қанша түтін болды... деген әңгімелерді қозғап отырады. Сонсоң өз әкесі Мәсібәліден көрген жолы балаларын оқыту, білімді ету басты мақсаты. Мәсібәлі ата соноу қиын заманның өзінде Екі ұл екі қызын мектепке беріп оқытып, жеткен жеріне дейін дем беріпті. Әкеміздің ағасы Тұрсын сол қытайдың қилы кезеңдерінің өзінде талықпай оқып, Үрімжідегі Шынжаң Университетін бітірген екен. Әкемнің әпкесі Тұрсынхан да толық ортаны тауысқан кісі. Әкемде орта мектепті тауысып, мал дәрігерлік курсын аяқтап, қызметке шығыпты. 1950-1960 жылдар бала оқыту деген жеңіл болмаған. Көбі 4-5 сыныптан арыға ұзап бара алмай малшы болып таяқ ұстап, диқаншы болып кетпен шауып кете беріпті. Әне сол әкесінің өнегесі бойынша отбасындағы 9 бала түгелдей арғы бет пен бергі бетте оқып, жоғары білім алдық.

Бес жасымнан атқа мініп ағалардың артынан ергенімді, онан жеті жасымнан бастап жүйрікке мініп шабандоз болып, ат бәйгесінде шапқанымды мақтанышпен еске аламын. Жасым он екіге келіп салмағым көбейген кезде барып, бәйгеге шабуды тоқтатып, көкпар тартуға араластық. Атқа жақындығым, көкпарға құмарлығым нағашы ағамыз Көкеннің артынан ергеніміздің нәтижесі еді. Бала күнімнен кітап оқуға құмар болуға әкем тікелей әсер етті. 4 сынып оқып жүргенде әкем Байтұрсын аудандық кітап дүкенінен «Жайнаған қызыл жұлдыз» деген роман әкеліп, әр күні кеште өзі оқып беріп жүрді. Кәдімгі «мың бір түн» секілді әр кеш сайын он беттен  оқып жүріп әлгі кітапты бір айда оқып бітірді. Осылайша кітапқа деген қызығушылық, оқуға деген құмарлық оянды. Әкем бір кітапты өзі оқып берді, ал, мен мың кітапты өзім оқыдым. Сондықтанда ең алғашқы ұстаз – ата-анаң. Олардың құлағыңды жеп мың рет «тәрбие» айтқанынанкөрі, бір реет іс-қимылымен өнеге көрсетуі әлде қайда нәтижелі болады. Бүгінгі көп ата-ана баласын ұрса біледі, үнсіз өнегелі үлгі көрсете алмайды. Кім біледі әкем сол кітапты оқып беріп кітап әлеміне, таным көкжиегіне бағыт беріп ауыздандырмаған да, қаламгер болмас па едік...

Үш бидің ескерткішін бөлек-бөлек орнатуға қарсымын
«Әйел өмірі бір статуспен өлшенбейді»: Күләш Ахметова
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу